Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ драма театрында «Поющая Полония» атты поляк әндерінің ІV республикалық фестивалі болып өтті. Айтулы шараға Польша Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Яцек Ключковский және Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Рәшит Әкімов қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
Қазақстанда өзінің ұлттық салт-дәстүрлерін сақтап, бейбітқатар күн кешіп жатқан 32 мың поляк халқының басын біріктіретін фестивальге Астана, Алматы қалалары мен Ақтөбе, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Ақмола облыстарынан өкілдер қатысты. «Менің Қазақстаным» деп аталатын музыкалық-би қойылымымен ашылған фестиваль көрермен қауымның жүрегіне жылылық ұялатты. Ән байқауында солтүстікқазақстандық Валерия Лопата, Владимир Ободзинский, алматылық Елена Яворская, ақтөбелік Илья Цыбульский, қостанайлық «Nadzeija» триосы, астаналық «Glosy Astany» вокалдық тобы және павлодарлық Елена Крицкая әнсүйер қауымның ерекше қошеметіне бөленді. Ал, ақмолалық әншілердің арасынан Елизавета Рыльская, Валерия Суховецкая мен Жанна Филипович өзіндік орындаушылық мәнерлерімен көзге түсті.
Біз сөзге тартқан «Kolorove jarmarki» деп аталатын туындыны тамылжыта орындаған Татьяна Леонхардт туған халқының әнін білуді өз міндеті санайтынын, мұндай шараларға қатысу арқылы өзіне жаңа достар тауып қана қоймай, шеберлігін шыңдай түсетінін алға тартты.
Фестивальдің жабылу рәсімінде сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Рәшит Әкімов осындай ауқымды шараның облысымызда ұйымдастырылып отырғандығына қуанышты екендігін жеткізіп, өңірдегі 9,5 мыңға жуық поляк этносы өкілдерінің қоғамдық өмірдегі белсенділігіне ризашылық білдірді. Ал Яцек Ключковский екі ел Президенттерінің бейбітшілік пен келісімді сақтау бағытында жүргізіп отырған саясатын жоғары бағалап, бүгінгі шараның дүниенің екі қиырында жатқан қос мемлекеттің ынтымақты байланысын жалғастыратын игі дәстүрге айналғанына ризашылығын жеткізді.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы.