Аймақтар • 29 Қазан, 2022

Оралда отырып, Уфа университетінде оқиды

167 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде Уфа мемлекеттік мұнай техникалық университетінің өкілдігі ашылды. Бұл еліміздегі «Үйден – шетелдік білім» қағидасын жүзеге асыру мақсатында ашылған жоба.

Оралда отырып, Уфа университетінде оқиды

Осы іс-шараға Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев, Уфа университетінің ректоры Олег Баулин мен проректоры Наиль Чанышев, Жәңгір хан университетінің басқарма төрағасы-ректор Асқар Нәметов және серіктес компаниялардың басшылары қатысты.

Университет өкілдігінің тұсаукесер шарасына Башқұртстан Республикасы басшысының әкімшілік жетекшісі Максим Забелин, Ғылым,білім және мәдениет бойына федерация кеңесі комитетінің төрайымы Лилия Гумерова, Білім және ғылым министрінің бірінші орынбасары Ильдар Мавлетбердин онлайн жалғанып, қос университеттің арасындағы әріптестік байланыстың кеңеюімен құттықтады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін Қазақстанда шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жөнінде тапсырма берген болатын. Бүгінгі шара – осы бағытта жасалған алғашқы қадам. Бұл екі білім ордасының ғана емес, бауырлас елдердің ғылым, жоғары білім саласындағы әріптестігінің нығайғанын көрсетеді, - деді өз сөзінде қазақстандық вице-министр Қуаныш Асылханұлы.

М

- Біз бір жыл бұрын ғана Башқұртстан елінде болып, бірнеше бағыт бойынша ортақ келісімге келген едік. Соның бірі – жоғары білім беру саласындағы әріптестік болатын. Міне, бір жыл ішінде осындай нәтижеге қол жеткізіп отырғанымыз қуантады. Шетелдік білімді «үйде» отырып алу – өте тиімді шешім. Соның ішінде мұнай-газ секторы – маңызды сала. Бұл бастама кейіннен құзырлы министрліктің қолдауымен филиал ашуға ұласып жатса, нұр үстіне нұр болар еді, – деді Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев.

Осы жиында Жәңгір хан университеті мен Уфа университетінің ректорлары өкілдіктің ашылуы жөніндегі келісімге қол қойды. Бұдан кейін қонақтар ғалымдардың өндіріске енгізуге дайын ғылыми жұмыстары қойылған «Ғылым – аймақтың экономикасы үшін» атты көрмемен және Erasmus+ жобасы бойынша «Қазақстандағы индустриалды автоматика және робототехника бойынша қосарлы білім беру (DIARKAZ)» жобасы аясында ашылған робототехника зертханасының жұмысымен танысты.

С

Батыс Қазақстан облысы