
Алатауға алыстан көз жіберген сайын есіме классик ақын Омарғазы Айтанның өлеңіндегі бір ғажайып теңеу орала береді. Онда ақын ұзыннан ұзаққа созылып жатқан Еренқабырға тауын Жібек жолында шөгіп қалған түйелі керуенге ұқсатады. Тағы бір жырында: «Азия, сенің қай жүгің бар, түйе баласы көтермеген?», деп тебіренеді. Иә, Еренқабырға, түйелер, айлы түнде сыңғырлаған жез қоңыраулы керуен, іңір қараңғысында алыста жылтылдаған өртең оттары, сарбалақ өскен сары дала... Міне, бұл ежелгі даланың үйреншікті әрі бір қалыпты тіршілік тынысы еді. Осы керуендер арқылы мәдениеттер ерсілі-қарсылы таралатын. Бірақ олар бір-біріне тіке жетіп бармайтын. Қайта осында тоғысып, араласып, жаңғырығып, байып барып жан-жаққа таралатын.
Көп жағдайда Шығыс пен Батыстың керуендері осында келіп, өз қажеттерін алған соң, кері қайтып отырды. Осылайша, Құмдан мен Қырымның арасында айлап-жылдап сабылған керуеншілер Қазақ жерінің оңтүстігіндегі қалаларды аралап, жылда қонақтап, келесі бағыттарына қарай тартып отыратын. Оңтүстіктің жылылығы, жерінің құнары, адамдарының пейілі, молшылығы оларды өзіне баурар еді. Сол себептен мұнда келген елшілердің, керуеншілердің, кезбелердің, пірәдарлардың қай-қайсысы да еліне жақсы әсермен оралатын. Мұндағы жұрт бұрыннан ешкімге мұқтаж емес еді.
Дегенмен жаугершілік болмай тұрмайтын. Себебі Жетісу, Шу, Талас өлкесі, әрі қарай көне Сайрам ертеден сыртқы күштердің көз тіккен өңірлері еді. Бұл өлкеге талас ерте заманнан басталды. Шығыс пен Батыста пайда болып, әлемге құшақ жайған империялар осы өлкеде бір-бірімен беттесетін. Ол көшпелі өркениет пен отырықшы өркениеттің, Батыс пен Шығыстың түйіскен тұсы еді. Оңтүстігі Еренқабырға асулары арқылы әлемге әйгілі Тарым бассейні, оңтүстік-батысы ортаазиялық Қосөзен (Мауреннахр) алқабы! Ортағасыр авторларының Тараздан Сыр бойына дейін ойнақтаған қозы-лақ үйлердің төбесімен секіріп өтеді дейтін өлкелері.
Иә, ықылым заманнан бері біздің туып-өскен ұйық жұртымыз, Отанымыз халқымызға құтты мешін қоныс болып келеді. Ұзыннан ұзаққа созылған киелі Еренқабырғаның батыс сілемі – біз Жоңғар Алатауы, Іле Алатауы, Талас Алатауы деп атап алған бұғының мүйізіндей салалары сонау сақ, ғұн, үйсін дәуірінен Қазақ жеріндегі елдік, мемлекеттілік дәстүрдің алтын ұясы болып келді. Осы өңірлерде ата-бабаларымыздың өз кезінде қай-қайсы елмен де иық тіресе алатын саяси, рухани және заттық мәдениет жаратқаны белгілі. Бірақ біз осынау киелі жер-суымыздың, Жер анамыздың қадір-қасиетін, атақ-даңқын асыруға қандай қызмет еттік деген ой бізді мазалайды. Біз әдетте Түркі жұртының қара шаңырағымыз, көне түркілердің мұрагеріміз деген сөздерді жиі айтамыз. Бірақ соны әйгілейтін киелі жер-суымызға, тарихи қоныстарымызға маңыз бермейміз. Осы айтылған өңірлер, Киелі Сарыарқадан бері қарай кезінде Батыс Түрік қағанатының Он оқ тайпаларының құнарлы қонысы болған. «Он оқ» сөзі өз кезінде бүтін бір елдің атына айналған. Орхон бітік тастарында «Он оқ бұдұны», «Он оқ жұрты» деп аталған. Көгмен асып осында келген көк түрік бабаларымыздың тауып қойған атауы! Тарихтан тарихқа жаңғырар ғажайып мұғжиза. Оның шығысы – бес дулу, батысы – бес нүшеби. Жалпы он тайпадан құралған Түрік қағанатының берік символдық мәнге ие атауы бұл! Бастапқы мағынасы іштеріңнен тұтамдалған он жебедей берік болыңдар, сыртқы жауға он жебедей қарсы атылыңдар дегенге саяды.
Қазақ мемлекеттілігінің ең бір жарқын кезеңі – осы түркі дәуірі. 552 жылы Алтай тауының күнгейінде Түркі қағанаты құрылғаннан кейін, Ұлы Ябғұның екі ұлы Түмен қаған шығыста жужандарды бағындырса, Істеми батыстағы эфталиттерді талқандап, парсылардың патшасы Нәушарбанмен (Хсрау Анашеруанмен) құда болды. Әмудария бойындағы Темірқапық екі елдің шекарасына айналды. Күлтегін ескерткішінде ілгері Қыдырхан жынысына, кері Темірқапыққа дейін жауладық, тізесі барды жүгіндірдік, басы барды иілдірдік дейтін жолдар осыған байланысты айтылған. Бұдан соң, түркілер Ұлы даланы шығыс және батыс екі қанатқа бөліп басқарды. Оның батыс қанатының орталық аймағы қазіргі Қазақстан болды. Жүз мың қолға бас болған Істеми қағанның ордасы қазіргі Тараз өлкесінде еді. 588 жылы Түрік Саба қаған 300 мың қолмен парсыларға қарсы жорық жасап Хиратта жеңіледі. Тарихшы Табаридің айтуынша, парсылар 256 түйемен оның алтындарын тасыған. ХV ғасырдағы тарихшы Марканда парсылар соғыс олжаларын 25 мың түйемен тасыды дейді. Соңғысын асырып айтты деген күнде де Табари жазған 256 түйе алтынның өзі оңай емес. Мұның бәрі Түркі қағанатының, оның билеушісінің қаншама мол байлыққа ие екенін көрсетеді. Кедей халықты бай етсем, аз халықты көп етсем, құл құлды болды, күңім күңді болды дейтін түрік қағандары өз заманында осылай шалқыса керек. Парсымен арадағы текетірес, итжығыс айқас Хират шайқасымен бітпейді. Кейін түркілер қайта әрекетке келіп,Тохарстан, Балх, Хират секілді жерлерін қаратып алады. Византиялықтармен бірігіп, оларға нағыз қатер төндірді. Таланған байлық пен кеткен еселерін қайтарды.
Осы қарсаңда Он оқ жеріне келген Византия мен Таң патшалығының елшілері де Батыс Түрік қағанының сарай салтанатына тәнті болады. Шығыс Рим тарихшысы Менандердің жазуынша Византия елшісі Земаркус Істеми қағанның ордасына келгенде оны жанып тұрған екі оттың ортасынан өткізеді. Бұл көне түркілердің, көшпелілердің салтындағы аластау ғұрпы. Көшпелілердің дүниетанымында бөгде ел адамы өзімен бірге қандай да бір дер-дербез, көлденең кесірін ала келмеуі үшін осындай ырым жасалады. Земаркус келгенде қаған түрлі жібек баулармен айшықталған киіз үйдің төрінде, тегершігі бар алтын тақта отырады. Екінші күні қаған оны босағадан босағаға жеткеріп түрлі өрнегі бар кілем-кілшелер тартылған киіз үйде қарсы алады. Үйдің төріндегі қағанның тағы, ыдыс-аяқтары, құман-шәйнектері түгелдей алтыннан жасалған дейді автор. Үшінші күні тағы бір киіз үйде оның құрметіне қонақасы беріледі. Автор бұл киіз үйдің кереге-уықтарының түгелдей алтынмен апталып, қаған тағының төрт бірдей алтыннан жасалған тотықұстың төбесіне қондырылғандығын тілге тиек етеді және есік алдына тоқтаған күймелердің іші алтынмен апталып, күміспен күптелгенін, ыдыс-аяқтарының, аң стиліндегі заттардың ою-өрнектерінің Римнен еш кем түспейтіндігін тамсана суреттейді.
Қытайдың Таң дәуірінің әйгілі будда монахы Суан Цзанның өмірбаяны туралы кітапта да оның Ыстықкөлден өтіп, Сұяб қамалына жеткенде онда саятта жүрген Тоңябғұ қағанға кездескені, оның киген киімі мен қосшыларының салтанаты туралы суреттейді. Қаған оған: «Жолыңыздан қалмаңыз, екі-үш күннен соң ораламын, сонда ордама келіңіз!» дейді және оны солай ертіп баруды қол астындағыларға тапсырады. Үш күннен соң қаған саяттан оралып, пірәдәрді ордасына шақыртады. Қаған отырған үй көз жауын алардай алтынмен апталып, әшекейленген екен, тарқандары сәнді киініп, кең дастарқанның екі жағына жарыла қатар отырып, қорғаушылары олардың арт жағына тізілді. Олар көрер көзге киіз үйдің төріндегі әміршінің құрметі мен салтанатын асырып-ақ тұр, дей келіп, қағанның өзге елдердің де елшілерін қабылдағанын, салтанатты дастарқанда түрлі тағам мен сусынның болғанын, құлаққа жағымды музыка ойналып, діни уағыздар айтылғанын тілге тиек етеді. Бұдан соң пірәдәр Суан Цзан Мыңбұлаққа барады. Ғалымдар бұл жердің қазіргі Мерке өңірі екенін дәлелдеп те қойған. Ал Суан Цзан осы өңір туралы өз естелігінде: «Сұяб қаласынан батысқа қарай 400 лиден (бір ли шамамен 500 метр – авт.) астам жол жүріп Мыңбұлаққа жеттік. Мыңбұлақ атты жер 200-ден астам ли аумақты алып жатыр. Оның оңтүстік жағы қарлы тау, өзге үш тарапы жазық дала. Бұл өңір құнарлы да ылғалды ну орман-тоғайлы болып келеді. Жазғытұрымғы түрлі-түсті дала бәйшешектері құдды гүлді шағиға ұқсайды. Бұл жерде мыңдаған тұма-бұлақтар мен көлшіктер мол болғандықтан Мыңбұлақ деп аталған. Түрік қағаны жыл сайын осы жерді жайлайды. Мұнда қоңырау-сылдырмақтар тағып, сәндеп өсірген көптеген бұғы табыны бар. Бұл бұғылар қолға үйретілген, адамға үйірсектігі сондай, үркіп-қашу дегенді білмейді. Түрік қағаны бұларды ұнатып аялайтыны сонша, қол астындағыларға оларды аулауға мүлде тиым салған. Кімде-кім бұғыларды өлтірсе, ол рақымсыз жазаланатыны туралы жарлық та шығарған. Сөйтіп, бұғы табындары қорғауға алынып, олар өз ажалымен өлгенге дейін өмір сүреді екен», деп жазады. Жоғарыдағы пірәдәрдің өмірбаяны туралы деректе де Мыңбұлақты суреттей келіп: «Ел бұл жерді Мыңбұлақ дейді екен, аумағы неше жүз ли кететін бұл жер көлдері көп, оның үстіне таңғажайып ағаштар өскен, ну орманы сыңсыған, климаты қоңыр-салқын әрі қағанның жазғы жайлауы екен», дейді. Жазғы жайлау дегені жазғы ордасы, астанасы деген сөз. Демек осы кезде Батыс Түркі қағанатының қысқы ордасы Шу бойындағы Сұябта болған да, жазғы ордасы Мерке-Мыңбұлақта болған.
Бұдан кейін, бұғалыққа мойын ұсынбаған, он түмен аламанын ертіп, қос қабаттан қысып келе жатқан Араб және Табғаш басқыншыларына қарсы күрескен он оқтардың жансебіл баһадүрі Ышбара Қара қағанды біреу білсе, біреу білмес. Оның кезінде көзінің қарашығындай қатар гүлденген екі астанасы болған. Оның бірі батыста Мыңбұлақ болса, енді бірі Арқастың күнгейіндегі Екіөгіз қаласы еді. Демек Мерке өңірі, Мыңбұлақ жайлауы қай-қашанда да он оқтардың киелі қонысы болған. Батыс пен Шығыстан ерсілі-қарсылы келген елшілер де осы жерде қағанмен кездесіп, сол кездегі халықаралық байланыстарды талқылаған. Әсіресе мұнда Қытай мен Парсының, Византияның елшілері жиі келетін. Сол бір тарихи кезеңдерде тұтас Еуразия кеңістігінде жетекші рөл ойнаған мемлекеттер де осы елдер еді. Бұдан соң, Араб империясы мен Таң империясының қалың қолы Талас өзені бойында бір-бірімен бет келіп, әлемге әйгілі Атлах шайқасы орын алғанын тарихтан аздап сауаты барлар жақсы біледі.
Демек Қазақ жері, оның Жібек жолы бойына қаз-қатар орналасқан бірнеше көне қаласы ерте заман мен ортағасырларда айналадағы елдермен тек сауда-экономикалық, рухани-мәдени қарым-қатынасқа түсіп қана қоймастан, саяси қарым-қатынасқа да белсенді түсіп отырған. Мүны Түркі қағанаты дәуірінен кейінгі осы өңірде болып өткен түрлі тарихи оқиғалар да дәлелдейді. Қарахан мемлекеті құрылған соң, оны құрушы Білге Көл Қадырханның үлкен ұлы Базир Ұлы хан болып Баласағұнда тұрса, кіші ұлы Ұғылшақ кіші хан болып Талас өңірін астана етті. Ал Базирдің ұлы Сатұқ Боғра хан қоластындағы халықпен бірге ең алғаш ислам дінін қабылдады. Міне, осы кезден бастап түркілік мәдениеттің орнын арабтық-исламдық мәдениет иелей бастады. Бұдан Тараз өңірінің түркілік-исламдық мәдениеттегі орнының қаншалықты жоғары екенін көруге болады. Тіпті Шыңғыс хан жарты әлемді жаулағаннан кейін де, оның ұрпақтарының бастамасымен Қазақ жерін негіз етіп, бір орталықтанған мемлекет құруға бағытталған Талас құрылтайы да осында өтті.
1269 жылы Шыңғыс әулеттерінен Хайду мен Барақ пәтуаға келіп, Талас өзені бойында құрылтай өткізіп, бірнеше мәселе бойынша маңызды шешім қабылдады. Құрылтайды Хайду басқарды. Хайду Барақты жеңгеннен кейін, ұдайы Талас өзені бойын өрлеп-құлдап көшіп-қонып жүреді. В.В.Бартольд оның қабірінің Шу мен Іле өзендерінің арасында болғанына негізделіп, ордасының Жетісуда орныққанын жазады. Демек Шу, Талас өлкесі Хайдудың ерекше ұнатқан және көп уақыт тоқтаған жері еді. Сол себептен ол бұл өлкені өзінің саяси билігінің орталығы ретінде қарады әрі кезекті құрылтайды да осы жерде өткізді.
Талас құрылтайының басты мақсаты – Хайдудың басшылығында Құбылайлық Юань мемлекеті мен Құлагулік Илхан мемлекетіне қарсы бірыңғай одақ құру, Өгедей әулетінің мұрагерлік құқығын қалпына келтіру және оны орнықтыру, көшпелі өмір салтын сақтап қалу болды. Бұл жағдай бір кездері Тоныкөк абыздың Күлтегіннің отырықшы өмір салтын ұстану туралы ұсынысынан бас тартқандығын еске салады. Талас құрылтайының шақырылуы Шыңғыс хан құрған Моңғол империясының ыдырауға бет алғанын, Ханбалықтың тұтас империяның саяси өміріндегі орны мен рөлі әлсіреп, оған балама екінші бір орталықтың Қазақ жерінде құрылғандығын көрсетеді. Бұл шын мәнінде, империясының батыс бөлігінде бірнеше дербес мемлекетке бөліну үдерісі басталғандығынан дерек беретін. Сөйтіп, Қазақ жерінде Хайду, Жошы және Моғолстан мемлекеттері пайда болды. Хайду мемлекеті Талас өңірін орталық етіп Жетісудан Сырдарияға дейінгі жерлерді 32 жыл бойы билеп-төстеді. Міне, бұл Қазақ жерінде жаңа ұлттық мемлекетке ұйысудың басы еді.
Қазақ хандығы құрылғанға дейін Қазақ жерінде мемлекеттіліктің берік дәстүрі болғаны осыдан-ақ байқалады. Егер біз осы дәстүрлеріміз бен отырықшы және көшпелі өмір салтының өзара араласуынан пайда болған жеке ұлттық белгілерімізді айшықтай алсақ, онда қазақтар кеше ғана пайда болған және мемлекеттілік дәстүрі болмаған дейтін сандыраққа пәрменді тойтарыс берер едік. Тек бір өкінерлігі, біздің әлі де бір кездері дүниені дүбірлеткен, өз төл жазуын жаратып, елдік, мемлекеттік арман-мұраттарын мәңгітастардың бетіне бәдіздеген көне түркілердің ұрпағы екенімізді шын мәнінде сезініп, олардың рухани, саяси мұрасына ие бола алмай келе жатқанымыз болып отыр. «Он оқ халқы өз халқымыз» деп басталатын сол ескерткіштерде үлкен мемлекеттік сана, конституциялық мәнге ие тағдырлы сөздер жазылған еді. Мұндай тек мемлекеттілік туралы толғайтын ұлы ұстын дүние жүзінде кемде кем.
Ендігі міндет – осы ескерткіштерге қайталай маңыз бере отырып, тарихшылар мен билік бірігіп Қазақ мемлекеттілігінің тарихында айшықты із қалдырған орындарды қайтадан жаңғыртып, тарихи-мәдени кешенге айналдыру мәселесі болып отыр. Мұндай жерлердің қатарына Тарбағатайдағы Өгедей ордасының, Өскемендегі Күлтегін, Күшлік хан мемориалдық кешендерінің құрылыстары да кіреді. Бұл мақалада мен тек ерте, ортағасырлық тарихи орындар мен жаңғыртылуға тиіс тарихи-мәдени кешендерді ғана атап өттім. «Қасиетті Қазақстан» бағдарламасы аясында жоғарыда біз айтқан тарихи оқиғалар мен оларға арналған ескерткіштер кешенін құру ісі қағыс қалған. Қазіргі таңда Тараздағы Ақыртас кешені де қараусыз жатыр. Бұдан басқа, көнеден қалған белгілер, тас ескерткіштер, жазулар кезінде отаршылдардың қолымен тоналған, қиратылған.
Ендеше, сол тарихи қоныстарды қалпына келтіруге, көне Тұранның, Қазақ жерінің тарихи кереметтерін, атақ-даңқын әйгілеуге не кедергі? Меніңше, бұған басты кедергі ғылыми ортаның дұрыс бағыт-бағдар бере алмай отырғаны. Әйтпесе, мемлекет тарапынан ынта жоқ емес. Қазақ мемлекеттілігі мен мәдениетінің даму тарихын әйгілейтін қандай әйгілі нысандар, тарихи орындар бар деген мәселе баяғыда-ақ көтерілді. Сол мақсатта Қазақстанның киелі жерлері туралы бағдарлама да қабылданды. Бірақ салалық мекемелердің жұмысында сәйкестіктер болды деп айта алмаймын. Түркі қағанатына, Қарахан және Хайду мемлекеттеріне тән тарихи-мәдени құндылықтарымызды қайта тірілту, дүние жүзіне әйгілеу әрі-беріден соң тек тарихшылардың ғана міндеті емес. Оған бірнеше министрлік бірлесе кіріспесе іс өрге баспайды. Біздің санамызда бұл тек тарихи орындарды қалпына келтіру деген түсінік болмауы керек, бұл – шын мәнінде, Қазақ жеріндегі мемлекеттілік дәстүрді көрсететін келелі бастама. Сол үшін, археолог-тарихшылар, архитекторлар, қаржыгерлер мен бизнес өкілдері, туризм саласының мамандары бірлесе әрекет етуге тиіс. Бірнеше мекеменің басын қосқан іргелі бағдарлама қажет.
Қорытып айтқанда, Қазақ жері ертеден тарихи-мәдени мұраларға бай. Қазіргі таңда солардың ішінде біздің елдік дәстүрімізді көрсететін тарихи орындар мен жекелеген тұлғалар айрықша назар аударуды қажет етеді. Сол қатарда өз кезінде дүние жүзіне әйгілі болған Батыс Түркі он оқтарының Отаны Шу, Талас бойындағы көне ескерткіштерге, әсіресе Батыс Түркі қағанатының жазғы резиденциясы болған Мерке-Мыңбұлақ тарихи орнына айырықша назар аударылып, қайталай жаңғыртылса деген ойымызды білім-ғылым, мәдениет, экономика және туризм салаларына жауапты министрліктердің назарына салғымыз келеді. Бұл өз кезегінде мемлекетшілдік тарихи сананы жаңғыртып, ұлттық идеологияны қалыптастыруға, елімізде туристік кластерді дамытуға зор серпін бермек.
Тұрсынхан ЗӘКЕНҰЛЫ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры,
тарих ғылымдарының докторы