Ақын Жанат Жаңқашұлының «Ойтамған» кітабын қолға алғанда осындай әрнешік ойлар сананы торлайды. Кітапта көзге көрініп, қолға ұсталмас табиғат суреттерінің соны бейнесі, бұрын-соңды кезікпеген көре білгіш көркем теңеулер, тұтас елді өткенімен бүгінін сабақтастыра сезіне алар бабалардан мирас қалған ұлттық рух білінеді.
Бүгін бізге Ай жақын, анадайда-ақ,
Жұлдыз ақты, соңына шала байлап.
Темекінің тұқылын тістей берем,
Сан-сақты ойлап,
Санам айбақ.
Ай да бүгін арайлы, абаттанған,
Мұңға толы жанары, қарап қалған.
Қыздың көзі секілді реніші бар,
Менің көзім секілді əрі ақталған.
«Түнгі елегізу» атты өлеңнен түннің дауысы естіліп, «сан-сақты ойлаған айбақ санаға» сурет көрінеді. Осындағы айдың мұңды көзін ренішті қыздың көзіне теңеуі тосын. Жалпы, қазақ қызының ең ауыр жазасы, жүректі осқылар «семсері» де көз құйрығының ренішті қарасы емес пе? Реніштің ішінде тазалық, бұлаңдық, еркелік, ақжүректілік, қылықтылық жатары мәлім. Ал жарым түнде жападан-жалғыз әуеге қарап тұрған ақынның айдан мұнша тазалық, бұлаңдық көруі – жан-дүниесінің нәзік пердесінен хабар берсе керек.
Кітапқа енген өлеңдердің теңеулері мен образдарының сәттілігі – жинақтың негізгі дәмдеуішінің бірі. «Ақ қайыңдар шайқалып «қош» айтады, қия алмаған қайнысын жеңгесіндей», «Мүлгіп тұрған қайыңның ақ балтырын, қара суық келді де шымшып алды», «Зағип жанның итіндей жол бастаған, көлеңкем ғой жасаған алғаш қадам», «Аққан жұлдыз меніңше бүктеп-бүктеп, қоқысқа атқан қағазы бір ақынның» – міне, мұндай інжу-маржандарды көптеп кезіктіруге болады.
Қаламым айтсын, қарымым қандай?
Жанарым айтсын,
жалыным қандай?
Қасымды туған Көшен сен айтшы,
Қара бурадай қара ұлың қандай?
Топырақ айтсын,
Затымды менің,
Атырап айтсын,
Атымды менің.
Бүлк ете қалған бұлақ көзіндей,
Мөп-мөлдір білем ақын жүрегім.
Сарқырмадай құйыла келген осы бір шумақтарда басқаша кеңістік, әуез, ырғақ бар. Оқып отырып өлеңнің жазылмағанын, туғанын аңғаруға болады. Сірә, ақынның қолынан келері – дамылсыз ізденіс пен жүректі «бүлк ете қалған бұлақ көзіндей мөп-мөлдір» етіп ұстау. Қалғаны құдіретті күштің қолында. Ал тылсымнан келетін халді тоспай, қолға қалам алып сүйкей берген-
нен сан өспесе, сапа өспек емес. Жанат Жаңқашұлының қарлығаштың тіліндей-ақ шағын кітабына енген өлеңдерден өзіне қаталдығы, ақын ретіндегі ішкі редакторлығының беріктігі көрінеді.
Ал жинақтағы «Шыңғыс хан» поэмасының көтерген жүгі ауыр.
Бостандық деп бозда көп,
бұлқын қанша,
Ебі қайсы сұғанақ сыртыңды алса.
Еркіндігің ертегі, ел ішінен,
Шамырқанып Шыңғыстай
ұл туғанша!
Буырқанып тарқамай бүлік бойдан,
Есіміңді Тәңірі Түрік қойған.
...Жаңа Ай туды –
Шыңғыстың қылышындай,
Босағасына қазақтың іліп қойған...
Ақынның бойында есесі кеткен есіл рухтың алдаспаны жарқырайды. Кеше ғана әлемді тітіреткен алып империяның өлмеген сәулесі кеудесіне қонып, оянған балбал тастай өршіл рухпен ұпаққа тіл қатады.
«Ойтамған» кітабы – мазасыз сана мен жүректің, тоқтаусыз зерттеу мен рухани күрестің жемісі. Ешнәрсеге немқұрайды, бейғам қарай алмас елгезек көңілдің, бір тасып, бір басылған субұрқақтай шапшыма рухтың еңбегі. Мұндай еңбек қария уақыттан тиісті бағасын алары сөзсіз.