Қоғам • 07 Қараша, 2022

Бұғы атқанды бұғалықтауға болмай ма?

317 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Заң талаптарын бұзғандарға қолданылар жаза мейлінше қатаң­­датылғанымен, өңірдегі жүгірген аң мен ұшқан құстың бра­ко­ньер­лердің қандыауыз мылтығының қарауылына жиі ілінеді.

Бұғы атқанды бұғалықтауға болмай ма?

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Таяуда ғана Бұланды ауда­нының учаскелік инспекторлары Журавлевка ауылдық округінің аумағында рейд жасап жүрген кезінде 67 жастағы ақсақал жүргізіп келе жатқан мотоциклді тоқтатқан. Жолаушының суыт жүрісі күдікті болып көрінгеннен кейін құжаттарын тексерген учаскелік инспекторлар кө­ліктің қобдишасынан екі аққу мен «ТОЗ 34» 12-ші калибрлі аңшы мылтығын тапқан. Сөйтсе жастарға ақыл айт­ып, жөнге салады деген ақсақалдың өзі қасиетті құстың санатындағы аққуды, оның өзінде де сирек кездесетін, Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген сұңқылдақ аққуды қандыауыздың қарауылына байлапты.

Өкініштісі де сол, аққудың бұл түрін мүлде атуға болмайтынын біледі екен. Сөйте тұрып, атқан. Шамасы тегін олжаны көрген соң көзі қарауытып кеткен болар. Саны онсыз да азайып қалған қайран киелі құстың кепиетінен де қорықпаған. Бұл оқиға қазір жан-жақты тексерілуде. По­ли­ция қызметкерлері жұрт­шы­лық­пен кездескен кезінде аймақта құс атуға тыйым са­лынғанын ес­кертеді. Иә, ес­кер­ту аз жасалып жат­қан жоқ.

Облыстық орман шаруашы­лығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Лашынтай Дүйсеновтің айтуына қарағанда, аң-құсқа бейуақытта қару кезене­тін­дер­дің қатары азаймай тұр. Биыл қаңтар айының 13-і күні Сан­дықтау ауданының полиция бө­ліміне Үлкен Түкті аңшылық шаруашылығының қорықшысы В.Рожковтан суыт хабар түс­кен. Оқиға былай өрістеген екен. Қо­рықшы Раздольный ауылының маңындағы орман ішін аралау кезінде Көкше даласында сирек кездесетін аң – бұланның қаңқасына кезіккен. Безбүйрек браконьерлер іске татыр мүше­сін бұтарлап бөлшектеген соң, бас-сирағын тас­тап кеткен. Қо­рықшының көзіне кеш түсті ме екен, із со­рабы басылып, біл­дей бір бұ­ланды жайратып, тегін олжаға айналдырған тек­сіздер ұстатпай кетті. Осы ара­­да айта кететін бір жайт, әр бұ­таның түбіне қарауыл қоя алмайтынымызда. Ол шеті мен бұл шеті айшылық жол есебіндегі Көкшетау мен Қорғалжынның ұланғайыр даласындағы аң-құсқа қылдан тайдырмас қа­рауыл болатын әркімнің өз ар-ож­даны, та­биғатқа, табиғат­тың аясындағы жанары жау­таңдаған жануарларға деген сүйіспеншілігі. Бәлкім сонда ға­на жазықсыз жан иелерін қан­ды­ауыз қарудың қарауылына байлау тыйылар.

Сайын даланың сағымына оранған былайғы жер былай тұр­сын, ерекше қорғалатын, ай­рықша қамқорлыққа алынған «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи пар­кінің аумағында да алаңсыз жүрген аң-құсқа қару ке­зенеді екен-ау. Дәл осы жерде осындай қаныпезерлік орын алып жатса, ел көзінен таса жерде браконьерлер қандай ойран салып жатыр екен деген ойға берілетінің бар. Биыл 1 сәуір күні Ақылбай орман шаруашылығының аума­ғында екі бұғы оққа ұшқан. Біздің өңірде сирек кездесетін аса бағалы аң. Шығын көлемі

1 750 200 теңгені құрайды. Біздің ойымызша, тамаша табиғаттың аясындағы бағалы аңды ату, одан келген зиян қар­жымен өлшенбесе керек. Қан­ша қаржы болса да ойсыраған дүниенің орнын толтыра алмас еді. Бура­байдың биші қайыңдарының арасында лүп еткен самал желмен жанары жаутаңдап өкпек жолаушыны қарсы алып, шы­ғарып салатын бейкүнә жануар­лар емес пе? Киелі жер көр­кем табиғатымен ғана емес, осын­дай сирек кездесетін аң-құс­тарымен қадірлі. Сол қа­зы­наның бағасын байыптамай, кім көрінген қалаған уақытында атып алатыны несі екен?.. Бұл жолы да атқан адамдар ұстатпай кеткен. Жалпы, қылмыс орнынан із жасыру көп, көптеген жағдайда қандыауыз мылтығын кезенген браконьерлер ұстатпай кететін көрінеді. Осыған қарағанда, оларды ауыздықтау оңай-оспақ шаруа емес тәрізді. Алдағы уақытта табиғаттың тартуын ту-талақай етіп, аң-құсты көрінген жанның қанжығасына байламау үшін талап пен тәртіпті күшейте түскен жөн-ау. Олай дейтініміз, осы Бурабай ауданындағы полиция бөлімінің кезекші бөлімшесіне биыл 21 ақпан күні Бармашин орманшылығының ағаш шебе­рінен телефон арқылы суыт хабар түскен. Сөйтсе тағы бір бұ­ғының бұтарлап, мүшелеп бөл­шектегеннен кейінгі қалдығы табылған. Үйдей бұғы үйелей жығылыпты. Тегін олжаға ке­зігіп, көздері қанталаған таби­ғат қарақшылары қас пен көздің арасында қоңды жерін қол­ма-қол балталай шауып, қи­ғаштай кесіп, алып кетсе керек. Бұл жолғы шығын көлемі – 1 800 037 теңге көлемінде. Ең өкі­ніштісі, курортты аймақта басын көбейте алмай, өрісін ке­ңейте алмай отырған бұғының қапелімде безбүйректердің же­міне айналғаны. Қылмыстық іс қозғалғанымен, із суыған. Арада көп уақыт өткеннен кейін табылар-табылмасы да белгісіз. Бір рет құтылып, екі рет сытылып шыққаннан кейін аң етіне жерік болған, бұғы түгіл басқасын да аяуды білмейтіндер аяғын еркін баспай ма?! Шіркін-ай, дейсің осын­дайда, дер кезінде қолға түсі­ріп, бар кінәсін мойындатып, аты-жөнін айдай әлемге жария етсе ғой. Сонда өзге де тамыл­жы­ған табиғат аясында алаңсыз ж­а­йылған жануарларға қастық ой­лайтындардың алшаң­дай басқан адымына бір тұсау түсер еді.

Сандықтау өңірі де – көркем табиғаты келісті, құйқалы аймақ. Орман-тоғайы мол өлкеде сұлу өңірдің сырлы кейпіне ажар үс­тейтін аң-құс та жыртылып айы­ры­лады. Тегін олжаға қызы­ғып, аузы­ның суы құрып жүретіндер де аз емес.

– Табиғатқа залал келтіру­шілерге, бұғы-бұлан тәрізді сирек кездесетін аң-құсты сақтап, қамқорлықты күшейту үшін тәр­тіп бұзушыларға қолданылар жаза әлі де күшейтіле түсуі керек, – дейді ел ағасы Есенкелді Кереев, – әйтпесе, мұндай жаман әдетті тыйдыру қиын. Көк­шетау өңірінде аң-құстың бұдан да көп түрі бол­ғанын, емін-еркін жайлағанын көнекөз қариялар айтып отырады. Сол Сандықтауда бұрын аю да мекен еткен. Қазір тұқымы тұздай құрып кетті. Қарақшылар дәл осын­дай қарқынмен жаман ойларын жүзеге асыра беретін болса, аң-құстың көптеген түрін қынжыла отырып Қызыл кітапқа кіргізуіміз мүмкін.

Ақсақал айтса айтқандай, Зе­ренді ауданының полиция бө­ліміне «Пухальское» аңшы­лық шаруашылығының аға қорық­шысынан Қойсалған ауылының маңындағы екпе ағаштың ете­гінен қабан еті салынған алты қап та­былғаны туралы хабар түскен. Іле із кескен кезде ауыл ірге­сінен тағы да қабанның қып-қызыл қанымен шыланған сегіз қап еті кезіккен.

– Бұл аңшылық емес, кәдімгі жабайы аңның етін өндіретін кәсіп сияқты, – дейді ақсақал, – аң қағып, дала кезетіндей дертті бол­саң, бүркіт баптап, тазы ұста. Рұқсат етілген маусымда қол­даныстағы тәртіптің аясында аң қақ, өнерің асып тұрса, олжалы боласың. Ал қазіргі браконьерлер ұшқан құспен жарысатын моторлы шана, оптикалық көздеу құрылғысы бар қару ұстайды. Кейбірі осы заманғы технология­ны арам ойларына қапысыз пайдаланып, аң-құстың өрісіне дрон ұшырып, алақанына салғандай көріп алады екен. Қасат қарға малтыққан бұғы, бұланның аман қалатын мүмкіндігі де жоқ. Күш тең емес қой. Ерте көктемде аң-құс төлдер кезде желіндеп тұр­­ған биесімен елік қуатын есер­­лерді де көріп жүрміз. Қы­зылсырап бара жатса ақадал малын төлдетіп, соғымының еті­нен дәм татып отырмай  ма?! Бұл арада айта ке­тетін бір жайт, кейбіреулер обал-сауапты ұмытқан. Браконьерлерге қарсы заң талаптары қатайды деп естиміз. Меніңше, ең бастысы, елдің бойындағы обал-сауапты қалпына келтіру керек. Сонда ғана қансоқта болып жатқан да­ланың дидарындағы келеңсіз көрініс пышақпен кескендей тыйы­лады.

Мамыр айында Бурабай полиция бөлімінің кезекші бөлім­шесіне тағы бір суыт хабар түс­кен. Астана – Петропавл бағы­тының 230 шақырымында мем­ле­кеттік нөмірі 281 Ресейдің 196 аймағына тиесілі автокөлік тоқтатылған. Тексере келгенде, көлік иесі А.Хлопотныйдың жүк салғышынан 92 қаз бен 4 үйрек табылған. Қазақ даласындағы қ­азынаға кімдер қызықпай жатыр дейсіз...

Мұндай мысалдарды жүздеп келтіруге болады. Бірақ одан бү­гінгі ахуал түзеліп кете қояр ма? Тиісті органдар заң бұз­ған­дардың жолын кесіп, оқыс оқиға­лардың себебі мен салдарын анықтау ба­ғы­тында жұмыс істеп жатыр. Ел ағасы Есенкелді Кереев айтпақшы, адамдардың бойындағы обал-сауап ұғымы ойсы­рамай, кемеліне келген кезде ғана кеселден құты­латын шығармыз.

 

Ақмола облысы