Экология • 08 Қараша, 2022

Президент Атыраудағы мұнай-газ компанияларына қатаң ескерту жасады

4810 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Атырау облысының экологиясына алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Президент Атыраудағы мұнай-газ компанияларына қатаң ескерту жасады

«Атыраудың экологиялық ахуалын жақсартып, көгалдандыру керек. Экология халықтың денсаулығы мен тұрмыс сапасына тікелей әсер ететіні белгілі. Сондықтан, табиғатты қорғау – мемлекет үшін ең маңызды міндеттің бірі. Ірі мұнай-газ компанияларының қызметі өңірдің экологиялық ахуалының нашарлауына әкеп соқтыруда. «Сасық сайдағы» («Тухлая балка») жағдай біртіндеп оңала бастады. Алайда, Атырау мұнай өңдеу зауытының қызметіне экологтардың көңілі толмайды. Жақында ғана зауытта ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Дегенмен, ондағы технологиялық және басқару үдерістерінің сапасын әлі де жетілдіре түсу қажет. Экологтар зауыттың зиянды қалдықтары шекті нормадан жиі асып кететінін айтады. Бұған жол беруге болмайды», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. 

Президенттің айтуынша, экономикалық көрсеткіштер маңызды. Бірақ, халықтың денсаулығы – одан да маңызды. 

«Сондықтан, кәсіпорындар табиғатқа зиянын тигізбеуі қажет. Мен мұны облыстағы алпауыт өндірістерге, әсіресе, мұнай-газ компанияларына қарата айтып отырмын. Зиянды заттардың шектен тыс шығарылуына жол бермей, қатаң бақылау жасау керек. Экологиялық төлемдер табиғатты қорғау мәселелерін нақты шешуге жұмсалуға тиіс. Ауаның ластануына қатысты тағы бір мәселе – қоқыс полигондары. Атыраудың іргесіндегі ескі қоқыс полигонын ретке келтіру қажет. Сондай-ақ, қатты тұрмыстық қалдықтарды іріктейтін жаңа кешенді тездетіп салу керек», деді Қ.Тоқаев. 

Сонымен қатар Президент Жайықтың тартылуы жұртты қатты алаңдатып отырғанына тоқталды. 

«Дарияның деңгейі соңғы жылдары төмендеп кетті. Өзен аңғарының экологиялық ахуалы күрт нашарлап, ластану көрсеткіші бойынша ең соңғы, яғни бесінші дәрежеге жетті. Мен осы күрделі мәселені бірнеше рет халықаралық деңгейде көтердім. Қазақстан мен Ресейдің арасында бірқатар келісім-шартқа қол қойылды. Экологияны, трансшекаралық өзендердің биоәлемін сақтау және оны тиімді пайдалану тәртібін реттейтін құқықтық негіз бар. Көрші елмен осы бағыттағы әріптестікті нығайтып, келісімдердің мүлтіксіз орындалуына күш салу керек. Бұл істе бәрін осы өңірдегі мемлекеттердің өкілдеріне ғана жүктеп қоюға болмайды. Сарапшылар, кәсіпкерлер, үкіметтік емес ұйымдар және қоғам белсенділері де өз міндетін атқаруға тиіс. Жайықты сақтауға бәріміз күш жұмылдыруымыз керек», деді Мемлекет басшысы. 

Оның пайымдауынша, экологиялық ахуалдың нашарлауы көптеген салаға кесірін тигізеді. 

«Нақты шараларды бүгін қабылдамасақ, ертең кеш болуы мүмкін. Сондықтан, табиғатты қорғауға қатысты кез-келген заң бұзушылықтың жолын кесу керек. Өзеннің аңғарын түгел тексеріп, ондағы нысандардың заңдылығын мұқият қарау қажет. Жайық өзенінің бойын тазалап, экожүйені қалпына келтіру үшін нақты шаралар қабылдау керек. Бұл – облыс әкімінің және Үкіметтің тікелей міндеті», деп нақтылады Қасым-Жомарт Кемелұлы. 

Ал бұл мақсат толық жүзеге ассын десек, экологиялық мәдениеттің деңгейін көтеру керек. 

«Ресурс үнемдейтін технологияларды енгізіп, су тұтыну көлемін азайту қажет. Атырау қаласын көгал-дандыруға баса мән берген жөн. Қомақты қаржы бөлініп, жыл сайын нақты жұмыс істеліп жатса да, оның нәтижесі шамалы. Жаңадан отырғызылған ағаштар жерсінбей, қурап жатыр. Бұл істе тиісті мамандардың және ғалымдардың ұсыныстарын ескерген жөн. Қаржыны тиімсіз жұмсай бергенді доғару қажет. Басты мақсат – бюджетті игеру емес. Нақты нәтиже шығару үшін жұмысты мұқият ойластырып, сапалы орындау керек. Сонда ғана Атырау, шын мәнінде, жасыл қалаға айналады», деді Президент жергілікті жұртшылықпен кездесуінде. 

Еске салайық, бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Атырау облысына жұмыс сапары басталды.