Ендігі кезде әлемнің әр қиырындағы ғалымдарды қоршаған ортаға пайдасы көл-көсір жобалар қашан баршаға тиімді болады деген сауал алаңдатады. Сол секілді дамудың жаңа моделіне дайынбыз ба? Еліміз климаттың өзгеруінен күтілетін өзгерістерге қаншалықты бейімделеді деген тағы сұрақ туындайды. Бұл сұрақтардың жауабын Дүниежүзілік банктің Климаттың өзгеруі жөніндегі тобының Орталық Азия бойынша 2021-2025 жылдарға арналған іс-қимыл жоспарын және елдің климаты мен дамуы туралы есепті әзірлеуге жетекшілік еткен Дэниел Бесли айтып берді.
– Қазақстан экологиялық мәселелерді реттеуде ең әуелі баламалы энергия алу көздеріне басымдық беріп, мейлінше көмірден бас тартуға кіріскені дұрыс. Жаңа технологиялардың мүмкіндігіне сенім артып, инновациялық жобаларды қолдау қажет. Сонымен қатар ірі өндірістен бөлінетін көміртегінің тарауына жол бермейтін сапалы сүзгілерді пайдаланған ләзім. Ауыл шаруашылығына су үнемдеу технологияларын енгізіп, су тапшылығының алдын алу жобалары арқылы суды тиімді пайдаланудың тетіктерін мейлінше ертерек іске асыру маңызды. Бұл ретте трансшекаралық өзендерді зерделеуді естен шығармаған жөн. Көміртегі салығын салу, жанармай түрлерін қолдануға реформалар қажет деп ойлаймын. Экологиялық мәселелерді шешуде бизнес өкілдерін ынталандырумен қатар ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу маңызды. Энергияны тиімді пайдалану жобасын іске қосып, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі бірнеше саламен тізе қосып жұмыс істесе, жобалар жемісін береді, – дейді ол.
М.С.Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университетіндегі басқосуда студенттер мен экологиялық мәселелерге алаңдайтын ғалымдар Дэниел Беслиге сұрақ қойып, еркін пікір алмасты. Кездесуде былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасымен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі қолға алған ауқымды жобаның барысы сөз болды. Сонымен 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясы қаншалықты тиімді іске асады деген сауалға Дэниел Бесли: «Межелі міндетті іске асыруға техникалық әлеует жетеді. Бірақ жобаға кіріскен соң әлі уақыт көп деген желеумен тапсырмаларды кейінге қалдыруға болмайды деп ойлаймын. Тиімді жобаларға инвестиция тартып, нәтижелі болуын қамтамасыз ету қажет», деп өз пайымын айтты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр елордада өткен халықаралық конференцияда «2060 жылға қарай баламалы энергия көздерінің үлесі 80 пайыздан асады», деген еді. Қазақстанның мұнай-газ, көмір секторында айтарлықтай жетістікке жеткенін еске салған Дэниел Бесли баламалы энергия көздерін пайдалануда көміртегіден бірден бас тарту мүмкін болмаса, газды пайдалану тиімдірек екенін айтады. Ізінше спикер елдегі экологиялық жағдайларды бақылап, Ауыл шаруашылығы министрлігімен климаттық өзгерістерге бейімделу, суды тиімді пайдалану мәселесіне көңіл аударып отырғанын жеткізді.
Қазір әлемнің алдыңғы қатарлы елдері баламалы энергия алу жолдарын іске қосып, өндіріс орындарынан ашық кеңістікке тарайтын зиянды газдарды сүзгіден өткізумен қатар қалдықтарды кәдеге жаратудың жолдарын тапқанын білеміз. Бұл аз десеңіз, электр қуатымен жүретін көліктерді қолданысқа енгізген елдер бар. Демек әлемнің дамыған елдері экологиялық мәселелерді айтумен шектелмей, қайшылықтарды кезең-кезеңімен реттеуге шындап кіріскен. Осы көшке ілескен еліміз қысқа және ұзақмерзімді ауқымды жобаларды жоспарға сай іске асыруды көздейді. Ал бұған мемлекеттің әлеуеті әбден жетеді.
Сәндібек АСАНӘЛІ,
«Egemen Qazaqstan»