Жақында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің Мұстафа Шоқай ғылыми орталығының қызметкерлері арнайы жобамен Францияға сапарлады. Сапардың басты мақсаты – Париждегі Тілдер мен өркениеттер университетінің кітапханасында сақталған Мұстафа Шоқай мұрасымен танысып, қажетті материалдарды ғылыми орталыққа жеткізу.
Парижде «Әлем» қазақ-француз қоғамының вице-президенті Майра Ысқақова және Мұстафа Шоқай атындағы қазақ-француз қауымдастығының төрағасы Яшар Дініш бастаған делегациямен кездесіп, бәріміз Марндағы Ножан қаласына бардық. Мұстафа мен Мария Шоқай осы қаланың Суар де ла фонтен көшесіндегі 7-үйде сегіз жыл (1933-1941) тұрған екен.
Бұл үй эмиграциядағы мұсылмандардың көшбасшысы болған Мұстафа Шоқай сынды тарихи тұлғаның мекені ғана емес, «Түркiстанның уақытша астанасы» атаныпты. Әртүрлі саяси қайраткерлермен, ғалымдармен хат алысып, хабарласып тұрған тұлғаның қонағы да аз болмаса керек. Мұстафа Шоқай әңгімесінің, саяси қызметінің және шығармашылық мұрасының басты тақырыбы Түркістан болғандықтан бұл үйдің осылай аталуы заңды да.
Барлығы он бестей үй жайғасқан көшенің басында, өте бір қолайлы жерде тұрған биіктігі бір метрдей төрт қырлы мрамор тастан жасалған ескерткішті көрдік. Темірден жасалған тақтаның бетіне французша «Мұстафа Шоқай 1890-1941. Қазақтың белгілі саясаткері, көптеген ғылыми және саяси кітаптардың авторы, Орта Азияның бостандығы үшін күрескен, қаскөйлердің қолынан қаза тапқан» деген сөздер жазылыпты. Бұл тас белгіні 2001 жылы 18 қазанда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов, Қазақстанның Франциядағы Төтенше және өкілетті елшісі Ақмарал Арыстанбекова мен Ножан мэрі Жак Мартан қойыпты. Содан бері бұл жер гүл шоқтарын қойып, Мұстафа Шоқайды еске алатын орынға айналған.
Бұл игі бастама кейін де жалғасын тауып келеді. Мұстафа Шоқайдың 120 жылдық мерейтойына орай 2010 жылы Қызылорда облыс әкімдігінің тікелей бастамасымен Мәдениет және Сыртқы істер министрліктерінің қолдауымен Қазақстанның Франциядағы елшілігі мен Марндағы Ножан қаласының мэрі арасындағы дипломатиялық келіссөздің нәтижесінде осы жерге қоладан сомдалған ескерткіш-бюст қойылды. Онда французша «Мұстафа Шоқай: 1890-1941. Тәуелсiздiк күрескерi», онан төменірек «Қазақ халқы тарапынан 28/10/2010» деген жазу бар. Ескерткіштің ашылу салтанатында қала мэрі Жак Мартанның «Ескерткіштеріңіз біздегі Де Гольдің ескерткішінен биік болып кетпесін» деген әзіл-шыны аралас айтқан сөзі осы кезге дейін ел аузында жүр.
Ескерткіш-бюст темір шарбақпен қоршалған. Бізге шарбақтың есігінде тұрған құлыпты өзінің кілтімен ашып берген Яшар Дініш бауырымыздың әрекеті ерекше әсер етті. Мұны біз осында тұратын тұтас ағайынның құрметінің бір көрінісі деп бағаладық. Ескерткішті қою жарасымды істермен жалғасын тапқан. Кейін осы бір кішігірім алаң ресми түрде Париж картасына «Шоқай атындағы саябақ» деп тіркеліпті. Қалаға келген туристерді такси жүргізушілері аталған саябаққа жылдам жеткізетін себебі де сол.
Реті келгенде айта кетейік. Бұл ескерткіштің авторы – белгілі мүсінші Аманкелді Кененбаев. Өкінішке қарай, көпшілік оны тани бермейді. Сол себепті мұндай құнды дүниелерге автордың аты-жөнін жазып отыру артықтық етпейтін тәрізді.
Сапар барысында Шель қаласындағы Мария Яковлевна Шоқайдың бейітіне гүл шоқтарын қойдық. 1918 жылдың 18 сәуірінде болашақ жары Мұстафаның талап етуімен ескі Ташкент мешітінде екі өзбектің куәлігімен мұсылманша некелері қиылғанын ескеріп құран да оқыдық. Бұл бейіт Мария Шоқайдың қайтыс боларынан төрт жыл бұрын, яғни 1965 жылы дайындалған екен. Сол себепті бейітте қайтқан жыл жазылмаған-ды. Біз бейіттегі «1969 жыл» деген жазуды көріп таңырқастық. Сөйтсек мұны Мұстафа Шоқайдың өмірімен жақсы таныс Саметтин Балабан деген түрік туысымыз кейінірек жаздырыпты. С.Балабанмен Қазақстан елшілігі Республика күніне орай өткізген арнайы іс шарада таныстық. Ол біздің Қазақстаннан келгенімізді білгеннен кейін өзіне жақын тартып, шүйіркелесе кетті. Сөзіне қарағанда Қазақстанға жиі келіп тұратын сияқты. Қазақшасы да жап-жақсы.
Мария Шоқайдың бейіті басында біраз жайт еске түсті. Мұстафа Шоқай қайтыс болғаннан соң, Мария күн көріп отырған пианиносын сатып, жарының бейітіне ескерткіш-бюст орнатқаны, ұлы тұлғаның асыл мұраларын 1953 жылы «Жаңа Сорбонна – Париж ІІІ» университетінің Шығыс тілдері мен өркениеттері ұлттық институтының университетаралық кітапханасына тапсырғаны қайраткерді ұлықтаудың басы ғана болатын. Оның «Менің Мұстафам» атты тамаша естелік кітап жазып, мұстафатану ғылымының негізін қалағаны, 28 жыл жалғыз өмір сүрудің бар қиындығын көргені, бірақ бұл дүниеден аттанғанша «менің Мұстафам» деп кеткен асыл жанның табандылығы кім-кімді де толғандырмай қоймасы анық. Өзін көрмесек те, ол кісі туралы оқығандарымыз еске түсіп, Мария Шоқайға деген көкейге қонақтаған құрмет сезімі асқақтай түсті.
Сапар барысында Берлиндегі мұсылмандар қорымына да атбасын тіредік. Мұстафа Шоқай 1941 жылғы 27 желтоқсанда қайтыс болғаннан соң, 1942 жылдың 2 қаңтарында, жұма күні осы зиратқа жерленген екен. Бірден көзіміз туған және қайтқан жылдарына, одан төменірек жазылған «қабірін жасатқан сүйікті жары Мариям Шоқай» деген жазуларға түсті. Бейіт басында да, қасындағы зәулім салынған мешітте де дұға жасадық. Бұл жерді кезінде Германия басшысы Осман патшасына тарту еткен көрінеді. Шағын ғана қорым, бірақ барынша таза, көкке оранған.
Еуропаның ортасында тұрып бүкіл түркі әлемінің азаттығы үшін күрескен, осы үшін бар ақыл-парасатын жұмсаған Мұстафа Шоқайдың бүкіл жоспары мен мақсат-мұратын Германияның Кеңес еліне соғыс ашуы тас-талқан етті. Өздерінің жаулығы аз болғандай, қаскөйлер басшылығы енді түркістандық тұтқындардан легиондар құруды жоспарлайды. Осыған қатысты тұтқындар алдында сөз сөйлеу ұсынылғанда Мұстафа Шоқай мұндай қадамға бара алмайтынын айтып, оның себебін жан-жақты түсіндіреді. Алдымен соңғы екі жыл ішінде елмен байланысы үзіліп, Мәскеу большевиктері ұлттық зиялы қауымның көрнекті өкілдерін жойып жібергеннен кейін кеңестік кезеңде дүниеге келген жастарды өзінше «тәрбиелегенін», сондықтан олардың кеңестік өзгерістерге қалай қарайтынын білгісі келетінін айтады. Осыған келісім алған Мұстафа Шоқай түркітілдес комиссия қызметкерлерінің басшысы ретінде 1941 жылы тамыздың аяғынан қазан айының басына дейін Германияда, Шығыс Пруссияда, Польша мен Украинада орналасқан Простакан, Эбендорд, Пагеген, Дембица, Сувалки, Деба, Ярослау, Дебис, Лемберг және тағы басқа лагерьлерді аралайды. Тұтқындардың әңгімелері мен арыз-шағымдарынан елдегі жағдай туралы жан-жақты хабардар болады. Сонымен қатар лагерьлердегі түркістандықтардың ауыр жағдайын көзімен көріп, қатты күйзеліске ұшырайды. Жарына жазған бір хатында мұндай қорлыққа шыдай алмай өлгісі келетінін де айтады. Сондай-ақ 1941 жылғы қазан айында лагерьлерді аралағанда өзіне көмекші болған Уәли Қаюмға аса құпия түрде «Аса сеніммен» деген ескертумен жазған «Мен бұл жолдарды сіз үшін ғана жазып отырмын және мұны аса құпия ұстауыңызды сұраймын» деп басталатын неміс лагерьлеріндегі көрген-білгендерін баяндаған хатты жолдайды. Уәли Қаюм осы хатты өзі ғана оқып, оны өзі қызмет ететін неміс әкімшілігіне таныстырмауы мүмкін бе? Болмаса, Мұстафа Шоқайдың неміс армиясының группенфюрері С.Иоахимге жазған хатындағы: «Гете, Фейербах, Бах, Бетховен, Шопенгауэр сияқты ұлыларды тәрбиелеген ұлттың тұтқындарға жасап отырған зұлымдығын көре отырып, мен Түркістан легионын басқару туралы ұсыныстан және сіздермен әрі қарай жұмыс істеуден бас тартамын» дегенін оқи отырып, неміс басшылығы хат иесінің көзін жоюдан басқа не ойлар еді? Осылардың аяғы Мұстафа Шоқайдың 1941 жылдың 27 желтоқсанында Берлин-
нің «Виктория» ауруханасында қаза болуына әкелді.
Мұстафа Шоқай елде жүргенде де бірнеше рет ажалмен бетпе-бет келген еді. 1917 жылғы сәуір және мамыр айларында Ақмешітте болып, жиналыс, митингілерге қатысқанда Агапов бастаған орыстар темір жолда оны өлтіру жөнінде арнайы шешімдер шығарып, бірақ оны жүзеге асыра алмады. Сонан соң большевиктер Түркістан мұхтариятын құлатып, елден қашып шыққан Мұстафа Шоқай Ферғана тауларын аралап жүргенде екі рет ажал құшағынан аман қалды. Мұның барлығында оны сүйікті халқының ыстық ықыласы, өлмес рухы қорғап қалған еді.
Францияға барғандағы негізгі міндетіміз қазіргі Тілдер мен өркениеттер университетінің кітапханасындағы Мұстафа Шоқай мұрасымен жұмыс істеу болатын. Алдымен тарихшы Көшім Есмағамбетовтің алғы сөзі және түсіндірмелерімен шыққан Мұстафа Шоқай шығармаларының он екі томдық толық жинағын және былтыр ғана жарық көрген «В эмиграции: эпистолярное наследие Мустафы Шокая 1919-1941» атты кітаптың екі данасын кітапхана қорына тапсырдық. Осы кітаптарды шығарған Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты мен Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты, Қазақстанның Орталық мемлекеттік архиві басшыларының арнайы хаттарын да қоса ұсындық. Мұстафа Шоқайға қатысты осы және басқа да бірнеше кітаптың электрондық нұсқасын бердік.
Мария Шоқай 1953 жылғы 2 тамызда Ыстанбұлда «Яш Түркістан» журналының жауапты хатшысы қызметін атқарған, Мұстафа Шоқайдың ең жақын серіктерінің бірі Абдулуақап Оқтайға хат жазған болатын. Хатта ол жарының 1922-1941 жылдар аралығында жинақтаған жазбалары мен кітаптарын архивке тапсыратынын, шығыс тілдерін үйренуге Парижге келгендердің барлығы осыларды пайдалануына болады деген ойын жазады. Бұл мұрағат қоры жөніндегі алғашқы мағлұмат «Түркістан» атты журналда жарық көрген «Мұстафа Шоқайдың мұрағаты мен кітаптары» деген мақалада айтылады. Енді зерттеушілер мен оқырмандар осы архив материалдары негіз болған тұлғаның он екі томдық шығармалар жинағын да пайдалана алады.
Архивтегі материалдарының электрондық нұсқасын алатынымызды ескеріп, біздер түрік және орыс тіліндегі материалдарды, сарғайған кітап, мақалалар жазылған қағаз беттерін көріп, олардың көшірмелерін суретке түсіріп алдық. «Яш Түркістан» журналының тігінділерін, кезінде Мұстафа Шоқай пайдаланған, арнайы сақталған «Правда», Қазақстан және Өзбекстанның орталық басылымдарының қиындыларын көріп, қолмен ұстап Мұстафа атамыздың рухын сезінуге тырыстық. Архив қызметкерлерінің материалдарға деген ерекше ыждағаттылығы, оларға айрықша күтіммен қарауы таң қалдырды. Арада жетпіс жылдай уақыт өтсе де жақсы сақталған мұраға қарап, қызметкерлерге ризашылығымызды білдірдік.
Ал 23 қазан күні «Түркия қазақтарының Франциядағы қауымдастығы» атты ұйым мүшелері қазақ ағайындармен кездестік. Бұл ұйым 1984 жылы құрылған екен. Қазіргі таңда Парижде 260-тан астам қазақ тұрады. Олар негізінен үш мәдениеттің тізгінін ұстағандар. Ата-бабалары Қазақстаннан болса, өздері кеше Түркияда тұрған, бүгінде Париж шаһарының тұрғындары. Мұндағы қазақ ағайындардың ұлттық дәстүрлерді, әсіресе тілдерін сақтауға деген ерекше ұмтылыстарын байқадық. Келіндер орамал тағады. Қыз ұзату, үйлену тойлары, Ораза, Құрбан айт та өткізіліп, жарапазан айтылатын көрінеді. Кездесу барысында Мұстафа Шоқай туралы кеңінен әңгіме болды. Жиналғандардың дені керей руынан болғаннан соң тарихшы Сағат Тайманов керейлер тарихы жөніндегі мәліметтерімен бөлісті. Қоштасарда ағайындар елімізге ыстық сәлемдерін жолдап жатты.
2021 жылдың 5 желтоқсанында Қазақстан мен Франция арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарға 30 жыл толды. Осыған орай Париж қаласының көрнекті 16-ауданындағы «Ақындар саябағына» арнайы атбасын бұрдық. Саябақта Абай мүсіні орнатылған. Сондай ақ Париждің орталығында, Сенаның оң жағалауында орналасқан әлемдегі ең үлкен және ең танымал Лувр өнер мұражайының көркем және тарихи жәдігерлерге бай Грекия және Италия залдарын тамашаладық.
Осылайша Францияға арнайы сапарымыз кезінде Мұстафа Шоқайдың Париждегі өміріне шолу жасап қайттық. Өз елінен қиындық көргендерге баспана болып, әділеттілік пен заңдылықты қатаң сақтаған, адамзат баласының мүддесін мұрат тұтқан тұлғаның Франциядағы 20 жылдан астам эмиграциялық өмір жолын тағы да жадымызға тоқи түстік.
Мұстафа Шоқай өзінің саяси күресі үшін ыңғайлы ортаны Франциядан ғана таба алды, онда 20 жылдай өмір сүрді. Оның 8 жылы, 1933-1941 жылдарын Париждің жанындағы Ножан сюр Марн қаласында өткізді. Осы жерде өзінің публицистикалық еңбектері мен саяси күресі арқылы әлем мойындайтын тұлғаға айналды. Екінші дүниежүзілік соғыс бұрқ еткенде, бүкіл ресейлік эмигранттар бас сауғалап АҚШ пен Түркияға қарай жосылғанда, Мұстафа Шоқай: «Мен Францияны туған отанымдай көремін деп осы елде қалуды қалады. Бірақ тағдырға дауа жоқ, тау тұлғаға Берлиннен мәңгілік мекен бұйырды.
Әбдіжәлел БӘКІР,
саяси ғылымдар докторы,
профессор