Үкімет • 10 Қараша, 2022

Бюджет бекітілерде халықтың жағдайы ескеріледі

195 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Кеше Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда депутаттар 2023-2025 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі, Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт және алдағы үш жылға арналған республикалық бюджет туралы заң жобаларын қарады.

Бюджет бекітілерде халықтың  жағдайы ескеріледі

Сенаторлар ең бірінші «Рес­пуб­ликалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы 2023-2025 жылдарға арналған жалпы сипаттағы транс­ферттердің көлемі туралы» заң жобасын талқылады. Аталған мәселе жөнінде Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров баяндама жасады. Ведомство басшысының айтуынша, құжат әкімшілік-аумақтық құрылымды және үш жаңа облысты қайта құруға байланысты әзірленген.

«Жаңа үшжылдық жалпы си­пат­тағы трансферттер осы мін­­детті өз тарапынан бюджет­ара­­лық қатынастарды жетілдіру бо­йынша жекелеген тәсілдерді қол­дану жолымен шешуді қарас­тырады. Тәсілдердің бірінші ба­ғы­­ты өңір­лердің дербестігін одан әрі арт­тыруға бағытталған.Өт­кен жылы Үкімет жергілікті бюд­жет­тердің кірістерін болжау әдіс­на­масын жетілдіру бойынша бір­қатар жұмыс атқарды. Парла­мент депутаттары мен Есеп коми­теті­­­нің ұсы­нымдары бо­йынша өңір­лер­дің салық әлеуеті есепке алынды.

Сонымен қатар Үкімет шағын және орта бизнестен корпо­ра­тивтік табыс салығын берудің оң тә­жірибесін ескере отырып, осы үш жылдық кезеңде де жер­гілікті бюджеттердің кіріс базасын нығайту бойынша тәжіри­бені жал­ғастырды. Бұл ретте, заң жо­басында бюджет саласы қыз­мет­­керлерінің жалақысының орта есеп­пен 25 пайызға өсуі, сон­дай-ақ жекелеген түсімдерді жер­гілікті деңгейге 300 млрд теңге кө­лемінде беруге байланыс­ты қосымша түсімдер ескерілді. Біздің бағалауымызша, аталған шараларға осы жылы 2020-2022 жылдарға белгіленген салық дема­лысының аяқталуы қосымша серпін береді», деді Ә.Қуантыров.

Болжам бойынша өңірлердің кірістері 2022 жылы 4,7 трлн тең­геден 2025 жылы 6,1 трлн тең­­­ге­ге дейін немесе 30 пайызға ар­­тып, 2025 жылға өзіндік кіріс­­тер үлесінің 47 пайызға де­йін өспек. Министрдің сөзі­не сүйенсек, Мемлекет басшы­сы­ның бюджеттік жоспарлау­ды же­ңіл­дету жөніндегі тапсыр­ма­сын іске асыру үшін бюджетара­лық трансферттерді қысқарту бойынша жұмыс басталған.

«Біріншіден, жергілікті бюд­жеттің базасына ағымдағы ныса­налы трансферттердің көле­мі олар­­дың нысаналы мақсатын сақ­­­тай отырып беріледі. Жоспар­лы кезеңде олардың жалпы си­пат­тағы трансферттер көлеміндегі үле­сі орта есеппен 60 пайызды құ­рай­ды. Бұл бюджеттік рәсім­дер­ді жеңілдетуді және бюджет қара­жа­тын түпкілікті алушыларға уақты­лы жеткізуді қамтамасыз етеді.

Екіншіден, заң жобасымен донор-өңірлер үшін бюджеттік алып қоюлар көлемін азайту жө­нін­­дегі міндет біртіндеп шеші­леді. Олар үшін есептеулер­де арнайы жоғарылату коэф­фи­циент­тері қолданылды. Бұл өзін­дік кіріс­теріндегі алып қою­лар­дың үлесін 2022 жылы 31 па­йыздан үш­­жылдық кезеңде 18 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Үшінші. Базалық қызметтерге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге қатысты бюджетаралық қа­ты­настардың негізгі қағидатын іске асыру мақсатында өңірлер­дің ерекшеліктерін есепке алу бо­йынша тәсілдер қолданылды. Бұл ретте, жергілікті бюджеттер­дің шы­ғыстарын объективті есеп­ке алуға мүмкіндік беретін өңір­­­лер­­дің әлеуметтік-эконо­ми­­ка­­лық жай-күйі арасындағы айыр­ма­шы­лық­тарды негіздейтін сала­лық коэф­фи­циенттер жаңар­тыл­ды. Бұл жос­парлы кезеңде олар­дың бюд­жеттік қамтамасыз етілуін теңес­тіру үшін өңірлердің ағымдағы шығындарының болжамын орта есеппен 1,1 трлн теңгеге немесе 23 пайызға арт­тыруға мүмкіндік берді», деді Ә.Қуантыров.

Сондай-ақ жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының Ұлт­тық қорынан 2023-2025 жыл­­дарға арналған кепілден­діріл­ген трансферт туралы» және «2023-2025 жылдарға арналған рес­пуб­ликалық бюджет туралы» заң жо­балары қаралды. Аталған құжат­тар жөнінде Ұлттық экономика министрі Ә.Қуантыров, Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов баяндама жасады.

Ұлттық экономика ми­нистрі­­­­нің келтірген деректеріне сүйенсек, 2022 жылы мұнай­дың әлемдік бағасы барреліне 104,2 доллар деңгейінде болады деп жоспарланған. Осыған байланысты мұнайдың орташа бағасы барреліне 85 доллар көлемінде белгіленген.

«Инфляция 2023 жылы 7,5-9,5 пайыз деңгейінде, 2024 жылы – 4-5 пайыз, 2025-2027 жылдары 3-4 пайыз деңгейінде белгіленді. Ішкі жалпы өнімнің нақты өсуі 2023 жылғы 4,0 пайыздан 2027 жылы 4,2 пайызға дейін жеделдетіледі деп күтіледі. Номиналды ішкі жалпы өнім 120,7 трлн теңгеден 176,6 трлн теңгеге дейін өседі. Мұнай өндіру 2023 жылы 92,6 млн тоннаны құрап, 2027 жылы 99,9 млн тоннаға дейін ұлғаяды», деді Ә.Қуантыров.

Қаржы министрі Ерұлан Жамау­баевтың сөзіне сүйенсек, 2023 жылға арналған респуб­лика­лық бюджет түсімдері 17,8 трлн теңге сомасында белгі­лен­ген. Мұнайға қатысты емес түсім­дердің үлесін биылғы 60 пайыздан 2025 жылға қарай 78 пайызға дейін өсіру жоспарланып отыр.

«Бюджет тапшылығы 2023 жылы ішкі жалпы өнімнің 2,7 пайызынан 2025 жылы кезең-ке­зеңімен 2,5 пайызға дейін тө­мен­­­деуі жоспарланған. Бюд­жет шығыстары келесі жылы 21 трлн теңгені құрайды. Халық­­тың әл-ауқатын арттыру – бас­ты басымдықтың бірі. Оны бю­д­жеттің әлеуметтік шығыс­тары­­ның өсу динамикасы көр­сетіп отыр. Мәселен, осы бағыт бойынша үшжылдық кезеңдегі шығыстар 36,2 трлн теңгені, оның ішінде 2023 жылы 10,6 трлн теңгеге жетеді.

Әлеуметтік көмекке және қамсыздандыруға 17,6 трлн теңге, оның ішінде келесі жылға 5,2 трлн теңге жоспарланған. Оның 90 пайызға жуығы зейнетақы, жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек, жекелеген санаттағы аза­маттарға біржолғы қаржылай өтем­ақы төлеуге арналған. Ден­саулық сақтауға арналған шы­ғыстар 2023-2025 жылдары 6,7 трлн теңгені, оның ішінде келесі жылы 2,1 трлн теңгені құрайды. Білім және ғылымды дамытуға бюджет жобасында 11,1 трлн теңге, оның ішінде 2023 жылға 3,0 трлн теңге көзделген», деді Е.Жамаубаев.

Ведомство басшысы келтірген деректерге сүйенсек, алдағы үш жылда экономика салаларын қолдау және дамытуға 6,1 трлн теңге, оның ішінде 2023 жылға 2,5 трлн теңге қарастырылған. Бұл қаражат көлік инфрақұрылымын дамыту, таза ауыз су және таби­ғи газбен қамтамасыз ету, бизнес­ті қол­дау және басқа да басым мін­деттерді іске асыруға бағыт­талады.

«Мемлекеттің қорғаныс қабі­леті мен құқық тәртібін қамта­масыз етуге үш жылға 6,5 трлн теңге, ал 2023 жылға 2,3 трлн теңге көзделген. Өңірлік саясат – мемлекетті дамытудың маңызды бағыттарының бірі. Бұл ретте, үшжылдық кезеңде өңірлерге субвенциялар ретінде 16,1 трлн теңге бөлінеді, оның ішінде 2023 жылы – 5 трлн теңге. Бюджет жобасында нысаналы трансферттер 3,7 трлн теңге көлемінде көзделді, оның ішінде 2023 жылы – 1,1 трлн теңге. Жалпы үшжылдық кезеңде өңірлерге республикалық бюджет қаражаты есебінен 19,8 трлн теңге, оның ішінде 2023 жылы – 6,2 трлн теңге немесе бюджеттің жалпы шығыстарының 29,3 па­йызы бөлінеді», деді Е.Жамаубаев.

Ұлттық банк төрағасы Ғалым­жан Пірматов әлемдегі инфля­циялық ахуалдың қиындап бара жатқанына тоқталды. Оның ай­туынша, қымбатшылық азық-түлік және энергетика салаларын ғана емес, басқа салаларда да байқала бастаған.

«Халықаралық валюта қоры­ның жаңартылған болжамдарына сәйкес, жаһандық инфляция осы жылдың соңында 8,8 пайызға дейін жетеді. 2023 жылы ол 6,5 пайызға дейін, ал 2024 жылы 4,1 пайызға дейін баяулайды деген болжам бар. Орталық банктер инфляциямен күресу жолында мөлшерлемені көтерудің синхронды циклін жүргізуде. Себебі экономиканың орнықты өсуі үшін бағалардың тұрақты әрі төмен болғаны маңызды. Осы іс-шаралар баға қысымын төмендетуге, инфляцияны нысаналы деңгейге қайтаруға және жылдар бойы қалыптасқан халық­тың сенімін жоғалтпау үшін ин­фля­циялық күтулерді бақылауға бағытталды», деді Ғ.Пірматов.

Жиын барысында Сенат Төр­ағасы да заң жобаларына қа­тыс­ты пікір білдірді. Спи­кер ал­дағы үшжылдық бюд­жетті қалып­тастыруда Мемле­кет бас­шы­сы­ның қазақстандық­тар­дың сұра­ныстары мен талаптарына не­гіз­делген тапсырмаларын орындауға басымдық берілгенін атап өтті.

«Сенатта бюджет жан-жақ­т­ы талданып, пысықталды. Бүгін қарал­ған республикалық бюд­жет­­тің жобасында қоғамды алаң­­­датқан маңызды әлеуметтік мәс­е­лелерді шешуге жеткілікті қара­жат қарастырылған», деді М.Әшімбаев.

Палата Спикері ел Президенті әлеуметтік салаға баса мән беріп отырғанын айтты. «Мемлекет басшысы әлеуметтік салаға қатысты нақты тапсырмалар берді. Әсіре­се ауылдық жерлерде өмір сүру са­пасын арттыруға айрықша кө­ңіл бө­лінуде. Президентіміздің тапсырмаларын сапалы іске асыру – стратегиялық міндет», деді Сенат Төрағасы.

Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, тек «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру үшін алдағы үш жылда шамамен 2,6 трлн теңге бөлінеді.

«Соның нәтижесінде жаңа оқушы орындарының саны 820 мыңнан асуға тиіс. Сол арқылы еліміздегі үшауысымды мектеп проблемасы және бір сыныптағы балалар санының шамадан тыс көп болуы негізінен шешіледі деп сенеміз. Сондай-ақ әлеуметтік төлемдерді индекстеуге, педагогтер мен дәрігерлердің және азаматтық қызметкерлердің жалақысын 25 пайызға арттыруға тиісті қаражат қарастырыл­ды. Жергілікті бюджеттерге жалпы трансферттерді ескерсек, келесі жылы әлеуметтік шығыстар 2 трлн теңгеге, яғни шамамен 20 пайызға өседі. Ұлттық қордан трансферттер көлемін кезең-кезеңімен қысқарту да жоспарланып отыр», деді М.Әшімбаев.

Мемлекет басшысының ше­ші­міне сәйкес Ұлттық қордың инвестициялық табысының жартысы балалардың жинақтау шоттарына аударылатыны белгілі. Аталған төлемдер 2023 жылдың қорытындысы бойынша жүргізіле бастайды. Сенат Төрағасы атап өт­кендей, бұл Ұлттық қор бола­шақ ұрпақтың қорына айналады деген сөз.

Сенатта заң жобаларын тал­қылау кезінде Палата депу­тат­­тары­нан 100-ден астам ұсы­ныс келіп түсті. Мәселен, сена­тор­лардың ұсынысы бойынша елді мекендердің көшелерін, автожолдар мен көпірлерді салуға және қайта қалпына келтіруге қосымша 13,7 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Тек келесі жылдың өзінде осы мақсатқа 7,8 млрд теңге бөлінбек. Халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету жағдайын жақсарту үшін қосымша 22,2 млрд теңге қарастырылып отыр. Сенаторлардың бұл ұсы­ны­сы тұрғындардың сумен қам­тамасыз ету қызметтеріне қолже­тім­ділігін қалалық жерлерде – 99 пайызға, ал ауылдарда 96,1 пайыз­ға арттыруға ықпал етеді. Газбен жабдықтау жұмыстарын одан әрі жақсартуға 14 млрд теңге бағытталады. Бұл газдандыру деңгейін 61,6 пайызға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Отырыс барысында депутаттар өңірлерді өркендету саясатына, оның ішінде салық түсімдеріне, агросекторды қолдауға, шағын және орта бизнесті дамытуға және басқа да мәселелерге қатысты түйткілдерді көтерді.

Палата отырысының нәти­же­сінде жоғарыда аталған ұсыныс­тарды ескере отырып, қайта пысықтау үшін «Республикалық және облыстық бюджеттер, рес­пуб­ликалық маңызы бар қала­лар, астана бюджеттері арасын­дағы 2023-2025 жылдарға арнал­ған жалпы сипаттағы транс­ферт­тердің көлемі туралы» және «2023-2025 жылдарға арнал­ған рес­пуб­ликалық бюджет туралы» заң жобаларын Мәжіліс­ке қай­тару, ал «Қазақ­стан Респуб­лика­сы­ның Ұлттық қоры­нан 2023-2025 жыл­дарға арналған кепілден­ді­ріл­ген трансферт туралы» заң­ды қабылдау жөнінде шешім қабылданды.