Коллажды жасаған Зауреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Батыр қаза болған соң Балым әмеңгерлік жолмен қайнысы Есентайға қосылған.
Рақым Нұрақов ақсақал сол некеден туған.
Алашқа мәшһүр Имановтар әулетінің Жетісайдағы ұрпақтары, Амангелді батырдың баласы Шәріп Имановтың Есентайдың артында қалған Сұлтан, Рақым және Рақымқұлмен қауышуы өз алдына тарихы бар жеке әңгіменің жүгі.
Қапияда көз жұмған батырдың азасына арналған қаралы жиыннан соң, інісі Есентай Торғай даласындағы 41 үйлі қыпшақты ертіп, Сыр бойын жағалап, Түркістанның Жетісай-Мақтаарал жеріне келіп қоныстанады.
Рақым ақсақалдың көзін көрсек те алдына барып, әңгімелесудің сәті түспеді. Ол ауылдың тау тұлғасы, елді аузына қаратқан биі болды. Ақсақал бізге сол биіктен көрініп, айналасын тектілігімен, айбарымен ықтырып отыратын. Батырдың отбасы, ұрпақтары, басынан кешкен шерлі шежіренің шет-жағасын аулымыздағы той-жиындарда, мектеп қабырғасында өткен кездесулерде естідік. Ал толыққанды және тарихи дерекке негізделген естелікті Рақым Нұрақовтың ұлы, Түркістан облысы, Шардара қаласының белгілі азаматы Сапар Нұрақовтан сұрап білдік. Батырдың бел баласы Шәріп беріде 2000 жылы қайтыс болған. Тектінің тұяғы 70 жыл бойы әкесіне байланысты жиған-тергендерінің бәрін «Сапар балама» деп аманаттап тапсырып кетіпті.
Есентай Имановтың ұлдары Рақым мен Рақымқұл
Амангелді Иманов жайлы Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов, Қоғабай Сәрсекеев, Мақан Жұмағұлов және басқалар жазды. Торғайлық қарт журналист Бөгетбай Әлмағамбетовтің естеліктерінде батыр мен Балымның 1918 жылдың көктемінде, Қызылжыңғыл болысында Зілғара Еділбайұлына берілген аста кездескені, осы асқа Амангелдімен бірге Кейкі батырдың да бірге келгені айтылады.
Айтпақшы, сол кітаптың алғысөзінде Сапабек Әсіпов апамыз жайлы «Құлын мүсінді, көзі ботадай жанған Балбике-Балым батырдың жүрегінің төрінен орын алды» деп жазған.
Амангелді батыр Балымды кіші жар етіп алған соң 7 айдан кейін қапыда қаза тапты. Араларында бала жоқ. Халық ақыны Нұрхан Ахметбековтің 1990 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Амангелді батыр» дастанында Балымның батырды жоқтауы былай деп келтіріліпті:
«Артыңда қалды-ау Балымың,
Ашылмаған тояты,
Ұяда қалды жәутаңдап,
Рамазан мен Шәрібің»
Батырдың бауыры Есентай Амангелдінің қаралы жылы өткен соң жеңгесі Балымға әмеңгерлік жолмен үйленеді. Бұл шамамен 1920 жылдардан кейін. Осы жайында Шәріп Иманов 1979 жылы «Жұлдыз » журналының №11 санында жан-жақты жазған.
«Есентай атамыз Амангелді атамыздың қазасынан соң 41 үйлі қыпшақты бастап еліміздің оңтүстігіне көшеді. Түркістанды бетке алған көштен Жетісай, Мақтаарал ауданына қаншасының аман-есен жеткені, қаншасының жолға ілесе алмай қалғаны бізге белгісіз». Содан соң көп ұзамай елде ашаршылық басталып кетті. Балым мен Есентай 1933 жылдары дүниеден өтті.
«Біз әкем Рақымның үлкен атамыз Амангелді батыр, өз әкесі Есентай жайлы естеліктерін тыңдап өстік. Есентай атамыз да орысша-қазақша білім алған сауатты адам болған. Сардар әулеті жайлы қолжазба барын білген Торғайдағы Иманов отрядының қызыләскері Бимағамбет Баймағамбетов Амангелдінің ұлы Рамазаннан соны сұратып алып, көрген-білгендерімен толықтырып, иесіне қайтып берген. Демек, бұл қолжазбаны Амангелді батыр бастаған ұлт-азаттық қозғалысының шежіресі деп қабылдауға болады. Рамазан оны кезінде сол өңірге іс-сапарға барған Ғабит Мүсіреповке көрсетіпті деген сөз бар. Себебі 1937 жылы «Ленфильм» киностудиясы «Амангелді» дыбысты фильмін жасап шығарды. Киносценарийді белгілі жазушылар Ғабит Мүсірепов пен Всеволод Иванов бірігіп жазды. Фильм Амангелді батыр мен сарбаздарының ерліктері жайлы баяндалады» дейді Сапар Нұрақов аталары туралы арыдан толғап.
Әке-шешеден көз жазып қалған 6 жасар Рақым Есентайұлын Нұрақ деген қазақ, ал 4 жастағы Рақымқұл Есентайұлын Елтай деген өзбек асырап алған.
Рақымқұл Есентайұлының өзбек Елтайдың қолына қалай тап болғаны жайлы деректер әр жерде әртүрлі айтылады. Бірінде оны Амангелдінің ұлы Рамазан тапсырды десе, бірінде Есентайдың Ақсары деген бәйбішесінен туған Сұлтан Иманов тапсырғанын айтады. 1933 жылдары Есентай, артынша Балым қайтыс болғанда ақ жуып, арулап аттандырған да, Балымның сандығында сақталған қолжазбаны кейінгілерге тапсырған сол Сұлтан болуы әбден мүмкін.
Шәріп Имановтың естеліктерінде Есентайдың үлкен ұлы Елтай деген өзбек азаматының қолына тапсырылғаны айтылған.
Аманкелді батырдың ұлы Шәріп Иманов
«1950-жылдардың басында Сұлтан атамыз Шәріп атамызға барып, Мырзашөл өңірінде екі інісін қалдырғанын айтып, бірге іздеп келген. Ел, жер атауы өзгеріп, көз таныс адамдардың бәрі көрші ауылдарға қоныстанып кеткен. Арадағы 17 жыл оңай емес, әуелі өзі білетін Елтайды іздеп, оның о дүниелік болып кеткенін біледі. Әйелі көз жасына тұншыға отырып, Рақымқұлдың Есентай мен Балым Имановтардың перзенті екенін, бірақ Рақымқұл оны өз анасы ретінде қабылдайтындығын, бұл сырды туыстарының да білмейтінін айтады. Қысқасы, Рақымқұлдың кім екенін көне көздер іштей білсе де бұл сыр сыртқа ашылмаған. Елтайдың бәйбішесі бауырын іздеп келген Сұлтан мен Шәріп Имановты құшақ жайып қарсы алады. «Рақымқұлдың тұқымын желге шашпайтын текті тұқымнан екенін шалым Елтай айтып кетті. Сүйек – сендердікі, жетілдірген еңбек біздікі. «Туғаннан бере ме, тумағаннан бере ме» деген сөз бар. Қазақ арасында өстік. Бауыр сенікі балам» деп бір қойын құрбандыққа шалып, жақындарын шақырып, Сұлтан мен Рақымқұл-Шертайды бір-бірімен табыстырады. Содан кейін ағайынды Имановтар үшінші ұл – Рақымның дерегін іздейді.
Шәріп Иманов пен Рақым Нұрахов
Ал әке-шешесінен айырылып қалған Рақымның қандай күй кешкені өз естеліктерінде айтылады.
«Бауырым Рақымқұлдың қайда екенін білмеймін. Үйден тіске басар тамақ таба алмаған соң көшеге шығып, басымның ауған жағына қарай жүре бердім. Қайда баратынымды өзім де білмеймін. Өз баласының өзегі талып отырғанын көзбен көргендер кісі баласын қайтеді. Бір кезде алдымнан бес-алты әйелдің қарасы көрініп, орталарына алды. Сол жерде қанша жатқанымды білмеймін, бірі су берді, бірі нан берді. «Балым апа қандай еді, қайран есіл ердің тұқымы» деп бір-біріне күбірлеуіне қарағанда олар менің кім екенімді танып тұр. Бір әйел мені қолымнан ұстап, үйіне алып келді. Бұл бір балаға зар болып жүрген Нұрақ деген азаматтың үйі екен. Мен осы кезден бастап Иманов емес, Нұрақов болдым».
Сонымен, Рақым арада 17 жыл өткенде інісі Рақымқұл, бауыры Сұлтанмен, әкесінің ағасы Амангелді Имановтың балаларымен табысты. Алғашқы таныстықтан кейін Рақым мен Рақымқұлдың фамилиясын Иманов деп өзгертіп, өздерімен бірге алып кету мәселесі қозғалған. Бірақ Рақым да, Рақымқұл да өздерін баққан – қаққан, адам қатарына қосқан кейінгі әке-шешелерін тастап кете алмады. Екеуі де бір балаға зар болған отбасыларға перзент қуанышын сыйлаған боздақтар.
Қазір Рақымқұлдың аты да өзгеріп кеткен. Ол енді – Шертай Елтаев. Өзбектен келін алып, өзбекке қыз берді. Ұрпақтары да төлқұжат бойынша өзбек болып кетті.
«Әкем Рақым көзі жұмылғанша тым болмаса немере-шөберелерінің бірінің өз тегімен аталғанын – әкесі Есентайдың атына жазылғанын армандап өтті. Оның сәті түспеді. Біз Нұрақов болсақ, балаларымыз Рақымбай болып жазылды. Әкеміздің азан шақырып қойған аты Рақым, бірақ кейінгі ата-анасы бай болсын деген тілекпен құжатын Рақымбай деп жаздырған.
Бірде Шәріп ата Иманов әкеме «Сендер де Имановтардың бір бұтағысыңдар. Бірің Нұрақов, бірің Елтаев болып жүрсіңдер. Амангелді батырдың абыройы бәрімізге ортақ. Үлкен аталарыңның тақымы аттан түскен жоқ. Атқа мінген адамның көңілі көкте жүреді деген. Бүгінгінің тұлпары – көлік» деп өзіне сыйға берген су жаңа көлікті әкеме сыйламақ болғанда қиындықтар туындайды. Ол заңға қайшы екен, қан бір болса да тектері басқаша жазылған. Бірақ Шәріп атам құзырлы жерлерге барып, әкем Рахымбайды жақын інісі екенін дәлелдеп көлікті сыйға тартты», дейді батырдың немересі Сапар Нұрақов.
Аманкелді батырдың немересі Сапар Нұрақов
Сапар Нұрақов бізбен әңгімесінде әкесі Рақымның өгей әкесі Нұрақ, өгей анасы Зерханға деген ықыласының ерекше болғанын айтып өтті.
«Әкем Рақым «қарапайым пендеде бір ана, бір әке болса, менде екі ана, екі әке бар, бұл менің тағдырым. Көзім тірісінде оларды бір-бірінен бөлектеген жоқпын. Биологиялық ата-анам өмір сыйласа, тағдыр табыстырған ата-анам көзінің қарашағындай қорғады, оқытты, үйлендірді» деп отыратын. Тіпті бұл әңгімені біз ес білгелі айтса да жаңадан айтылып жатқандай қабылданатын. Әрбір естелік жаңа деректермен толығып отырушы еді. Нұрақ атамыз 1949 жылы, әжеміз Зерхан 1969 жылы дүниеден өтті. Әжеміздің көзін көрдік. Маңдайға басқан жалғыз талым деп әкемнің тілеуін тілеп өтті. Біз әуелі Алла, сосын ата-әжеміздің ақ тілегімен өсіп-өндік. Қазір Рақымның ұл-қызынан тараған немере-шөбере, шөпшектің өзі үлкен қауым» дейді Сапар Нұрақов.
Көзі қарақты оқырманға Амангелді Имановтың ұрпақтары туралы мәліметтер жақсы таныс. Үлкені – Рамазан Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапты, ұлы Батырлан ағамыз Алматыда. Ал Шәріптің немерелері Темір, Мұратжан Алматыда тұрады.
«Есентай атамыз бен Балым әжеміздің сүйегі Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы, бұрынғы «Коммунизм» совхозының «Жалпақсай» бөлімшесінде қалды. Жатқан жерін білмегендіктен басына белгі қоя алмадық. Әкем Рақымбай өзім ес білгелі ата-анасын құранмен жоқтап, сағынышын құранмен жеткізді» деп сөзін түйіндеді Сапар Нұрақов.
Есентаев Сұлтан және Шәріп Иманов бауырларын іздеп барарда алынған анықтама
АЛМАТЫ