Экономика • 14 Қараша, 2022

Тамақ өнімінен тарықпайды

394 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Биыл солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер тамақ өнімдері шикізатын өңдеу саласында тұрақты өсімге қол жеткізді.

Тамақ өнімінен тарықпайды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда елімізде өңдеу өнеркәсібін 2025 жылға дейін 2 есе арттыру туралы талап қойды. Сол талаптың үдесінен шыға білген Солтүстік Қазақ­стан облысының кәсіпкерлері биыл салада 2018 жылмен салыстырғанда 80 пайыздық өсімге қол жеткізді. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібінің өнімдері 2018 жылы 171,8 млрд теңгені құраса, 2021 жылдың қорытындысы бойынша 306 млрд теңгеге дейін артқан. Ал биылғы 9 айда 282,5 млрд теңгеге жеткен. Жылдың соңына дейін 290 млрд теңгеге жету көзделген. Әрине, былтырғы көрсеткішке қарағанда төмендеу, бірақ тұрақты өсім сақталып отыр. Соңғы үш жылда ашылған барлық кәсіпорын тұрақты жұмыс істеп, жақсы нәтижеге қол жеткізіп келеді. Тиісінше еңбекақы да артты. Егер 2018 жылы сала еңбеккерлерінің орташа табысы 120 мың теңге болса, қазір 240 мың теңгеге жеткен. Осы жылдарда еңбек өнімділігі де 2,3 есе артқан. Бұл заманауи құрал-жабдықтарды іске қосып, пайдалану арқылы қол жеткізілген табыс. Әрине, мемлекет тарапынан жасалған көмек те зор. Соңғы үш жылда ауыл шаруашылығы шикізатын өңдейтін өнеркәсіптік салаға 7,5 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде субсидия – 4,6 млрд теңге. Сырттан тартылған инвес­тиция көлемі де 2018 жылғы 214 млрд теңгемен салыстырғанда былтыр 333,1 млрд теңгеге жетті, ал биылғы меже 380 млрд теңге болып отыр.

Осыдан үш жыл бұрын облыс әкімі Құмар Ақсақалов өңір экономикасын аграрлық-индустриалды бағытқа бұру туралы айтқан-ды. Бүгінгі жетістіктер сол бағыттың нақты іске асырылғанына көз жеткізіп отыр.

Солтүстік Қазақстан облысының биылғы 9 айда ауыл шаруашылығы өнімдерін шығару бойынша республикада бірінші орынға шыққан. Ендігі мақсат – өңдеу саласы бойынша да алға шығу. «Мамлют ұн үктіру» комбинаты, «Сұлтан» ұн-макарон өнімдері» фабрикасы, «КЭСС», «ДЭЗ», «Визави компани», «Петропавл нан комбинаты», «Богатырский продукт» және т.б. алып кәсіпорындар ауыл шаруашылығы шикізаттарынан дайын өнімдер шығаруды 2018 жылдан бері 1,6 есеге арттырды. Өнімдерінің сапасы өте жоғары. Елімізде ғана емес, жақын шетелдерде де сұранысқа ие болып отыр», деді облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек.

Облыстың Тайынша ауданында «BioOperation» атты биоэтанол шыға­ратын зауыт 8 жыл бұрын іске қосылған. Бірақ зауыт ұзақ жылдар бойы түрлі себеппен құлашын кең жая алмай, кібіртіктеп қалған. Қазір зауыт биоэтанол ғана емес, глютен сияқты әлемдік рынокта сұранысқа ие өнімдер шығарып, Бельгия, Ұлыбритания, АҚШ, Нидерланд сияқты дамыған елдерге экспортқа шығаруда. Сонымен қатар Үндістанға да глютен сатып отыр. Биылғы тоғыз айда 12 млрд теңгенің 15 мың тонна биоэтанолын экспортқа шығарды. Бұл Еуропа елдері мен АҚШ-тың Ресей өнімдерін сатып алуға санк­ция жариялауының себебінен де қол жетіп отырған табыс. Алайда еуропа­лықтармен келісім жүргізу оңай болған жоқ. Мысалы, зауыттың отандық инвес­торы, KazFoodProducts компаниялар тобының басшысы Талғатбек Әлиханның айтуына қарағанда, Бельгиямен болған келіссөздер бір жылға созылып, мамыр айында ғана шешімін тапқан.

Биоэтанол өте күрделі өндірістік процестер нәтижесінде алынатын, эколо­гиялық тұрғыдан өте таза, сондықтан да әлемдік рынокта үлкен сұранысқа ие өнім. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Виктор Сиволаптың айтуына қарағанда, Қазақстанның осы өнімді шығаруға мүмкіндігі жоғары. Бұл өнімді сыртқа шығаруға салалық министрлік қана емес, Сыртқы істер министрлігі де қолдан келген көмегін жасауы керек. Міне, Солтүстік Қазақстан облысы осы өнімді экспорттауға қол жеткізіп отыр. Бұл – еліміз үшін үлкен жетістік. Қазір кәсіпорында 600-ден астам адам еңбек етеді.

BioOperations зауытымен қатар крахмал, шрот, глютен, жемазық шығаратын «Тайынша Май» және «Kazmeal» сияқты зауыттар да өз өнімдерімен танымал. «Kazmeal» зауыты Ғабит Мүсірепов ауданында ашылды. Бұл – жемазық шығаратын үлкен зауыт. Оның өнімдері Қытайға шығарылады. Әзірге 5,1 млрд теңгенің 48 мың тонна өнімі шығарылған. Онда қазір 84 адам жұмыс істейді. Ал «Тайынша май» ЖШС жылына 300 мың тонна майлы дақылдарды өңдейді. Зауытты жаңарту үшін 6,2 млрд теңге шетелдік инвестиция тартылды. Жүз шақты адам еңбек ететін бұл зауыттың өнімі де Қытайға шығарылады.

Петропавл қаласындағы «Масло Дел» компаниясының зауыты 2004 жылы ашылған. Онда сары май, пас­терленген сүт, қаймақ, қатық және ашы­тылған сүт өнімдері шығарылады. Зауыт жылына 66 мың тонна шикі сүт өңдейді. Облыстың сиыр сауынымен айналысатын шаруашылықтарының 70 пайызы өнімдерін осы зауытқа береді. Былтыр осы зауыттың аумағындағы қолданылмай тұрған алаңына май экстракциялау зауыты салынды. Оның өнімдерінің 80 пайызы шетелге шығаруға бағытталған. Қазір зауыт жылдық сүт өңдеу қуатын 119 мың тоннаға жеткізді. Қосымша 85 жаңа жұмыс орны ашылды. Құйылған инвестиция көлемі – 4,5 млрд теңге. Алдағы кезеңде оның қуаты екі есеге дейін артып, жылына 273 мың тонна сүт өңдейді деп межеленіп отыр. Сонда бұл зауытта барлығы 600-дей адам жұмыс істейтін болады.

Айта кететін жайт, биыл маусым айын­да өнімдері «Империя сыра» брендімен белгілі болып жүрген «Евразиан Милк» компаниясы Петропавлдың ескір­ген «Молсоюз» зауытын сатып алды. Қазір оны жаңаландыру жұмыстары жүргізіліп, 13 млрд теңге инвестиция құйылған. Қазірдің өзінде онда 300-ге жуық адам жұмыс істейді. Осы күндері Петропавлдың азық-түлік дүкендеріндегі қатты ірімшіктің бағасы өте қымбат. Оның қымбаттау себебін құрал-жабдықтар мен қосалқы бөлшектердің қымбаттауы­мен түсіндіреді. «Евразиан Милк» компаниясының жаңа зауыты іске қосылғаннан бері облыс тұрғындары ірімшіктің және басқа да сүт өнімдері­нің бағасы тұрақтанар деген үмітте. Биыл аймақтағы ірімшік шығаратын 9 кәсіпорын 1 811 тонна ірімшік шығарған. Сонымен қатар биыл Айыртау ауданында да «Тезис» ЖШС ірімшік дайындау зауытын іске қосты. Енді ірімшік жасау көлемі облыста тіпті арта түседі. Дәурен Жандарбековтің айтуына қарағанда, биыл 9 айда азық-түлік дайындау кәсіпорындары барлығы 157,8 млрд теңгенің дайын өнімдерін шығарған. Соның 30 пайызы немесе 44 млрд теңгенің өнімі жаңа өндіріс ошақтарының үлесінде.

Сонымен қатар облыс басшылығы қазір жеміс, картоп және басқа да көкөністерді сақтау, тасымалдау логистикасын дамыту ісіне де қатты көңіл бөледі. 2019 жылы көтерме-тарату орталығы салынған еді. Бұл қазір жетілдіріліп, облыс халқының картоп, сәбіз, қияр, қырыққабат деген сұранысын қыс маусымында бүлдірмей сақтап, саудаға ұсына алады. Қала түбіндегі Қызылжар ауданындағы «Агрос» шаруа қожалығы осы кәсіпті жалғастырып, 5 мың тонна көкөніс сақтайтын қойма салуды көздеп отыр. Мұндай жобаны іске асыруға мемлекет тарапынан инвестиция құю қарастырылған.

Қорыта айтқанда, қазір Солтүстік Қазақстан облысы әлеуметтік-маңызы бар деп саналатын 19 тамақ өнімінің 15 түрін өңірде өндіріп, сақтай алады.

 

Солтүстік Қазақстан облысы