Экология • 15 Қараша, 2022

Орманды қорғау Отанды қорғаумен тең

725 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еліміздегі орман қоры 23,4 млн гектар, бұл – барлық жеріміздің 9 пайызы ғана деген сөз. Соның ішінде орман өсуіне ең қолайлы топырақ – Солтүстік Қазақстан облысының жері. Өңірдегі топырақтың 86,9 пайызы орманның жайылуына құнарлы деп есептеледі.

Орманды қорғау Отанды қорғаумен тең

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Қолданылуға тиісті ағаш сү­ре­гі­нің жалпы көлемі елде 127 млн текше метр болса, соның 15 пайызы Солтүстік Қазақстан облысына тиесілі. Оны қорғау, күзету, өсіру, өрттен сақтау жұ­мыс­тарымен облыстың орман шаруашылықтарындағы 800-дей адам айналысады. Жеріміздің «жасыл байлығы» деп саналатын бұл саланы аман сақтау әрбір азаматты толғандырады. Ке­сіл­­ген ақ қайыңдарды көргенде жү­­регі шым етпейтін адам жоқ шығар. Бірақ кесілген ағаштың орнына жаңа түп егілетінін қалың көпшілік біле бермейді.

Жақында облыстағы орман шаруашылығының құрыл­ғанына 75 жыл толуы салтанатты іс-шара­мен аталып өтті. Жиында сөйлеген сөзінде Сол­түс­тік Қазақстан облысы әкі­мінің орынбасары Сәтжан Абла­лиев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жалпы еліміз бойынша бес жыл­дың ішінде 2 млрд түп ағаш отыр­ғызу жөнінде тапсырма бер­генін еске салды. «Соның ішінде біздің облыс 100 млн түп ағаш отырғызуымыз керек. Облыс әкімдігі осы жұ­мыс­тарды атқа­ру­ға барлық жағ­­­дайды жасап отыр. Соңғы жыл­­дары ғана орман шаруа­шы­лық­тарына жарты млрд теңге қаражат бөлінді. Алдағы уақытта шаруашылықтарға жасалатын қаржылай көмек арта береді», деді С.Аблалиев.

Орманшы қызметі жеңіл жұмыс емес. Қыстың қақаған аязы мен жаздың аптап ысты­ғында орманның күзеті мен қа­уіп­сіздігін бақылап жүруді оңай шаруа дей алмайсыз. Оның үстіне ағаш егу маусымында танаптардағы өскіннің сәтті тамыр жайып кетуін бақылап, үнемі аттан түспей, шаруамен айналысып жүргені. Орман танаптарына тиісті жерлерді кейбір жер пайдаланушы шаруашылықтардың жайпап тастайтыны да соңғы жылдары үлкен мәселе болып отыр. Бұл орманның жайылуына кедергі келтіреді және оның құнарына шығатын жемістердің гүлденуіне мүмкіндік бермейді.

Облыстағы орман шаруа­шы­лығының мерейтойына орай көптеген еңбек сіңірген орман­шыға мемлекеттік және ведомс­тв­олық марапаттар берілді. Со­ның бірі – М.Жұмабаев ауда­нындағы Булаев орман шаруа­шы­лығында қырық жылдан артық қызмет еткен Жұмағали Балпаңов. Ақсақал қазіргі орман шаруашылықтарының мате­риал­дық-техникалық базасы бұрын­ғы­ға қарағанда әлдеқайда қуатты екенін айтты. «Қазір барлық ша­р­уа­­шылықтарға кілең жаңа трак­торлар, соқалар мен үлкен сы­йым­дылықтар алынған. Бұрын мұндайдың бірі болмайтын. Биыл барлық орманшыларды жаңа униформалармен де қамтамасыз етті. Осының бәрі – жергілікті биліктің орман қор­ғау мен өсіру ісіне қамқорлық көр­сетіп жатқандығының белгісі. Бұл істі жоғарыдан қолға алған Президентке де ризамыз», деді ол.

Облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталғандардың арасында орманшылық қызмет өтілі 12 жыл болған Берік Қа­лықов та болды. Қазір ол Қызыл­жар орман шаруашылығы мем­лекеттік мекемесінің директоры. Ол орманды сауықтыру, сақтау, қорғау мен молайту жұ­мыс­тарын бір мезгілде атқа­рып, үнемі ат үстінде жүре­тін­­дерін айтты. «Халық арасында ормандардың заңсыз ота­лып жатқаны туралы әңгіме көп. Ішінара ондайлардың болатыны жасырын емес. Біз олармен күресіп, соттасып та жатамыз. Кейбір орман алқаптарының жекешелендіріліп кеткені және олардың келісімшарт бойынша тек белгілі мерзімге дейін ғана профилін сақтайтындығы туралы шарт біздің жеңуімізге мүм­кіндік бермейді. Бірақ мұн­дай құжаты жоқтарға сот­ ар­қылы түр­лі шаралар қолда­ны­лып жатыр», деді ол.

Көздің көркі, табиғаттың сұлу пішіні – жасыл байлықтың азып-тозбауына барлық адам мүдделі. Оттегін шығарып, көкірек көзін ашатын таза ауаның тұрағы да жасыл орман. Сондықтан адам­дар­дың бәрі олардың қор­ғалуына жанашырлықпен араласуы керек.

 

Солтүстік Қазақстан облысы