Қаламгердің мерейтойына орай жазушы Лев Толстойдың «Анна Каренина» романының қазақ тіліндегі нұсқасы қайта жарыққа шықты. Аталған туынды Жетісу облысы әкімдігінің қолдауымен «Мазмұндама» баспасында жарық көрді. Алғашында 500 данамен шыққан еңбек кейіннен оқырмандардың сұранысы бойынша 2000-ға жеткен.
«Биыл қаламгердің 115 жылдығы аталып өтілді. «Анна Каренина» аудармасының тұсаукесері – Алматы қаласындағы алғашқы іс-шараның бірі. Әрине, бүгінгі кешке шақырылғандар ақынның туған жері Ақсу ауданындағы Қапал, Қоңыр ауылдарынан, жалпы Жетісудан арнайы делегация келіп отыр. Сонымен қатар Астанадағы ақын атындағы мектептен де делегация келді. Ата жайлы естеліктер айтылды», дейді Ғ.Ормановтың жиен немересі Айдар Қырықбайұлы.
Айта кетейік, ақынның аударма саласына сіңірген еңбегі орасан зор. Ол қырғыздың «Манас» эпосының бірінші кітабын, А.Пушкиннің «Мыс салт атты» туындысын қазақ тіліне тәржімәлаған.
Іс-шара барысында «Сырлы сезім ақыны» атты Ғали Ормановтың шығармашылығы мен өміріне арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды. Ақынның қызы Жамиға Орманова, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Кәкен Хамзин, «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Қайрат Мәтіреков, «Қазақстан» ұлттық телеарнасының Алматы қаласындағы филиалының жетекшісі Сәуле Жиреншина, филология профессоры Гүлжаһан Орда, белгілі ақын Бақыт Беделхан қаламгер туралы кеңінен әңгіме қозғап, атқарған еңбектерін саралап өтті.
«Ғали Орманов шығармаларының жастарға берері көп. Бірінші кезекте Отанды сүюге, патриотизмге тәрбиелейді. Оның шығармаларындағы туған жер, адамгершілік тақырыбы оқырманды елең еткізбей қоймайды. Ол өз дәуірінің ақыны ғана болып қойған жоқ, қазаққа бітпес рухани мұра қалдырып кетті», дейді М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері Гүлжахан Орда.
Жиын соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, тарқады.