Бұл идея оған қайдан келді дейсіз ғой!? Әрине, балаларынан. Әр баланың талғамы әртүрлі. Гүлназ ханым перзенттерінің тілегін қалыс қалдырмай, отағасы екеуі ұл-қыздарына барлық жағдайды жасауға тырысады. Олардың қалауын орындау үшін таңсәріден алуан түрлі тағамдар мен тәттілер пісіруге әдеттенген. Кейін қыздары қолғабыс етуге жараған соң, үй ішінде жеңіл-желпі тағамдар әзірлеп сатуды қолға алады. Қызығы, бірте-бірте дәмді тамақтар елдің қызығушылығын танытып, сұраныс көбейе бастаған. Тұтынушылар тіл үйірер ас жасаған анаға алғысын жаудырып, мұны кәсіп ретінде іске асыруды сұрайды. Елдің тілегі бойынша кейіпкеріміз отбасымен ақылдаса келе, жеке бизнесін ашуға бел байлайды. Үлкен қалаларда жұмыс істеп тәжірибе жинаған студент балалары жаппай кең таралған кәсіп түрінен гөрі Сарыөзекте қай бизнес түрі кемшін, соған басымдық бергенді дұрыс санаған. Осылайша, кофе дайындайтын шағын дәмхана ашуға бекінеді. Бұл ретте көпбалалы отбасыға мемлекет те көмек қолын созады.
«Алғашында аудандық жұмыспен қамту орталығына жүгіндім. Сосын «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының жергілікті филиалының «Бастау-Бизнес» бағдарламасы арқылы кәсіпкерліктің қыр-сырын оқып үйрендім. Бизнес-жоспар жасауға біраз уақытым кетті, оған балаларым көмектесті. Жобамды қорғап, 1,2 млн теңге грант алдым. Бұл қаражатқа дәмханаға қажетті үстел-орындық, тоңазытқыш, термостат, тағы басқа да жабдықтар сатып алдым», дейді көпбалалы ана. Ол ойлаған мақсатына жету үшін барлық қам-қарекетті жасаған.
Кішкентай балаларын ертіп жүріп, «Coffeevita» ЖК-сын құрып, аудан орталығынан алғаш болып кофехана ашады. Дәмхана тауарларын тұтынушыларға жылдам жеткізіп беретін қызмет түрін енгізеді. Жұмыла көтерген жүк жеңіл дегендей, кәсіпті жүргізуде негізгі жауапкершілік Гүлназдың мойнында болғанымен, балалары да шама-шарқынша жәрдемдесіп жүр. Ал отағасы жеткізу қызметінің міндетін өзі атқарады. Бұл бір отбасылық тандем секілді.
Сырты шағын кофехана болғанымен мұнда тамақ мәзірі мол. Оның үстіне Сарыөзектің ішімен өтетін негізгі жол – Б.Момышұлы көшесінің бойында орналасқан. Бұл жол облыстық маңызы бар басты бағыт болғандықтан келуші үзілмейді десе де болады. Кәсіпкердің айтуынша, күніне кем дегенде жиырмадан астам адам келеді. Шынымен кофехананың ассортименті бай. Мұндағы құймақ, тоқаш, бәліш, бауырсақ, пахлава, рогалик, басқа да тағамдардың бәрін Гүлназ өзі пісіреді. Дегенмен жоғары сыныпта оқитын қыздары да сабақтан босаған уақытында анасына көмектеседі. «Әсіресе үлкен тойларға, отбасылық қуаныштарға тапсырыс алған кезде балалардың көмегінсіз атқару қиын. Сондықтан балаларым – қолғанатым», дейді өзі. Әзірге үлкен торттарды ғана Талдықорғаннан тапсырыспен алғызады. Мұндай тәттіні пісіруге қойылатын талғам мен талаптың үдесінен шығу үшін Гүлназ бен оның қыздары өздерінің аспаздық қабілеттерін дамытып, үйрену үстінде.
Мұнда кофе мен шайдың түрі көп, сондай-ақ әдеттегі қара шай, сүтті және көк шай да табылады. Бағалары 200-1 100 теңге аралығында, бұл жергілікті тұрғындар үшін қолайлы баға, оны клиенттердің өздері де растайды.
«Жаңа кофехана жол үстінде орналасқандықтан бізге өте ыңғайлы. Қажет кезде жүгіріп келіп, кофені өзіңізбен бірге алып кете аласыз. Жалпы, Сарыөзекте мұндай қызмет көрсететін орын әзірге осы жер ғана және бағасы да көңілден шығады. Кофехана қожайынының табысты болуына тілектеспін», дейді жас маман Әсем Кенжебекова.
12 орынға арналған шағын дәмхананың жұмыс істеп тұрғанына бір айдан асты. Ниет білдірушілер «WhatsApp» мессенджері арқылы және «gulnaz_coffe_saryozek» Инстаграм парақшасы арқылы өнімдерге тапсырыс береді.
«Бәрі ойлағанымыздай болып, осы қарқында жұмыс істесек, алдағы уақытта кәсібімізді кеңейту де ойымызда бар. Ол үшін әлеуметтік жобаларға арналған 5 млн теңгенің грантын жеңіп алуға бар күш-жігерімді жұмсауға бел байлап отырмын. Пицца, донер, грильде піскен тауық сияқты тағамдар дайындауға да ден қойсақ деймін. Әзірге екі адамды жұмыспен қамтып отырмын. Егер іргемізді кеңейтіп жатсақ, жұмысшылар қатарын да көбейту жоспарда бар», дейді Г.Шәкенова.
Жалпы, жолдасы Сәрсенбай Сәдуақасов екеуі 14 бала тәрбиелеп өсіріп отыр. Үлкендері 27 жаста, кішісі Нұрғалым 1 жастан 8 ай ғана асқан. Үлкен үш қыз тұрмыс құрып үлгерген. Екі баласы студент, бесеуі мектепте оқиды, соңғы үш кішкентайы балабақшаға барады. Көпбалалы болудың артықшылығы көп. «Құдай, осы қуанышымыздан айырмасын» дейді кейіпкеріміз.
«Ауырлыққа сабыр қылсаң, жақсылыққа ниеттенсең, еңбектенсең, қиындықтың бәрін жеңуге болады. Балаларым – байлығым. Жолдасым екеуміз 10 қыз, 4 ұл тәрбиелеп отырмыз. Оларды ешқашан көпсінбейміз. Алды ер жеткенде кейінгілерін өсіруге жәрдемдеседі, бір-біріне қарайды, бір-бірін оқытады, сол жағы ата-анаға үлкен көмек. Көпбалалы болу негізі нағашы жақтан тегімізде бар. Үлкен нағашы әжем 18 құрсақ көтерген екен, ал нағашы әжем 15 бала, шешем 12 бала дүниеге әкелген. Сол жолды жалғастырдым десем болады. Үлкен отбасы болудың қиындығы ғана емес, өз артықшылықтары да бар. Отағасы Сәрсенбай – менің тірегім, балаларым – бойымдағы бар қабілет-мүмкіндіктерімді ашқан ынталандырушыларым, бәрі бірге ісімді ілгерілетуге көмектесіп келеді. Шаңырақта ең бастысы өзара түсіністік, сыйластық, бір-біріне деген жанашыр жүрек, мейірімді пейіл болса, барлық игілік өзі-ақ үйіріліп тұрады. Отбасының бақыты бар жерде, өмірі берекелі болса, адам тез қартаймайды. Бірақ осы жеткенімізге тоқмейілсіп отырмаймыз. Жаңа машыққа үйреніп, өзімізді дамыта береміз. Мемлекет бізді барынша қолдап келеді. «Алтын алқа» иегерімін. 2019 жылы тұрғын үй кезегімен көп бөлмелі жеке үй берді. Үш баламның біреуі балабақшаға тегін барып жүр. Сондықтан осының бәріне шүкіршілік етемін, бұдан әрі де алға қарай талпына береміз деп ойлаймын», дейді ол.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 2021-2022 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың Ұлттық жобасы аясында жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 2022 жылға Кербұлақ ауданында 89 млн теңгеден астам сомаға мемлекеттік грант беру жоспарланған. Бүгінде 40 адам, оның ішінде 14 жас кәсіпкер және халықтың әлеуметтік осал топтарынан 26 азамат 40 млн теңге алды. Жыл соңына дейін тағы 33 азаматқа өтеусіз гранттар беріледі. Грант алғандар қызмет көрсету, мал шаруашылығы, омарташылық, кірпіш өндіру, кондитерлік бұйымдар дайындау және т.б. салаларда өз істерін ашуда. Ауданда шағын, орта бизнес объектілерінің саны 3 410-ға жетті, оларда 5 796 адам жұмыс істейді. Осы жылдың 9 айында ауданда 1 млрд 900 млн теңгенің өнімі өндірілген.
Ал өңірде биыл қаңтар-қыркүйек айларында жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны – 46,5 мың. І тоқсанның мәліметтеріне қарағанда, осы секторда 84,5 мың адам жұмыспен қамтылған. Бұл ретте аталған кезеңде облыста өнім шығару көлемі былтырмен салыстырғанда 88 пайызға өсім көрсетіп, 135,4 млрд теңгені құрап отыр. Сонымен қатар кәсіпкерлікті дамытудың Ұлттық жобасы шеңберінде 2022 жылға 6,3 млрд теңге бөлінген. Бүгінде 25,4 млрд теңге кредиттік сомаға 253 жоба мақұлданды.
Жетісу облысы