Экономика • 17 Қараша, 2022

Серіктестік серпіні

250 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астықты аймақтың әлеуетін арттыратын өте маңызды мәселенің бірі – машина-трактор паркін жаңа заман талабы­на сай жаңғырту. Осы іске Көкшетаудағы «Қазақстанның Агро­инновациялық корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сүбелі үлес қосып келеді.

Серіктестік серпіні

Диқандардың қолы ұзарып, жауапты науқанда ширақ қи­мылдап, маңдай термен өсі­ріл­ген алтын астықтың бір дәні далада ысырап болмай, құт қамбасына құйылуына жаңа техниканың септігі тиіп отыр. Нақтылап айтар болсақ, Беларусь­тің тиімділігі әлдеқашан дәлел­денген коммуналдық және ауыл шаруашылығы сала­ларының озық техникаларын елімізде құрас­тыруына байланысты қат-қабат шаруа сәтімен сабақталды.

Бүгінде облыстағы егістік алқаптарда аталған кәсіпорын­ның өндіріс алаңдарында құрастырылған «Ростсель­маш», «Клевер» акционерлік қоғам­дарының, «AGCO-Amity JV LLC» компаниясының брендтік өнімдерін жиі көруге болады. Комбайндармен бірге диқандар үшін өте қажетті, алымдылығы жоғары заманауи астық комбайндары мен екпіні үй жыққан­дай қуатты тракторлар, жұмы­сы өнімді егіс кешендері, әр­түрлі модельдегі коммуналдық тех­никалар шығарады. 2019 жылы 1 464 бірлік техника шығарса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 3 мың­ға жетті. Осылайша, жыл сайын елімізге қажетті техникалардың саны күрт көбейіп келеді.

Өңірдегі бұрынғы тозығы жеткен техника жаңара бас­тады. Техниканың жаңаруы көктемгі және күзгі егін орағы тәрізді жауапты науқанды уақ­тылы атқаруға мол мүмкіндік бе­ріп отыр. Шынын айтқанда, астықты өңірдің диқандары жаңа заманның талабына то­лық жауап беретін дәл осындай техникаларға сусап отырған болатын.

Енді бір сәт ілкімді істің баянды бастауы туралы бір ауыз сөз айта кетелік. Жобаның алғашқы кезеңін жүзеге асыру үшін 2014 жылы Беларусьтің «Минск трактор зауыты» ашық акционер­лік қоғамы және отандық «Қазақстан Агроинновациялық корпорация­сы» жауапкершілігі шектеу­лі серіктестігі бірігіп, «МТЗ-КАИК» серіктестігін құрған болатын. Кейін бұл жоба ауқымды мақсатты мұрат тұтқан индустрия­ландыру картасына енгізілді. Облыс әкімдігінің қолдауымен сумен, электр қуатымен жаб­дықталып, инфрақұрылымды түзу мәселесі оңынан шешілді. Алғашқыда іскерлік байланыс аясында өңірге аса қажетті жеті түрлі техниканың 500 бірлігі құ­растырылды. Жағымды жаңалық елді елең еткізді. Өйткені бір­лес­кен кәсіпорын дайындап шығаратын жаңа техникалардың құны жергілікті диқандар үшін қолжетімді еді. Тракторлар ғана емес, әралуан жүк көліктерінің, арнайы мақсатта пайдаланылатын машиналардың да бірнеше түрі шығарыла бастады.

Бүгінде бар шаруасы кең өріс алған ұжым «Вираж» холдингінің үлескер компаниясы ретінде өңірлік индустрияландырудың көш басында тұр. Көкшетау­дағы индустриялық-тех­но­ло­гиялық паркін қамтитын қуатты корпорациясы өзі­нің мем­лекеттік, қаржылық тетік­терін «ҚазАгроҚаржы», «Аг­рар­лық несие корпорациясы», «БРК-Лизинг» акционерлік қоғамдары арқылы іске асырып, өз өнімдерін еліміз бойынша нарықтық айналымға шығарып отыр. Шын мәнінде қалың қауым индустриялық жоба жетістігінің жемісін көріп келеді.

а

 

Ақмола облысы