«Сапар маңызды оқиға – 20 қарашадағы Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауы қарсаңында өтуде. Елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістерді тұрақты түрде қолдап, Әділетті Қазақстанды құру жөніндегі күш-жігерімізге қатысты еуропалық серіктестердің оң пікірлері үшін Еуропалық одаққа алғыс айтамыз.
Келесі жылы Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығын тойлаймыз. Біз сенімге, өзара сыйластыққа және ортақ басымдықтарға негізделген берік қарым-қатынастарымызды жоғары бағалаймыз және өзара іс-қимылдың 29 саласын қамтитын Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді тиімді іске асыруға мүдделіміз.
Қарым-қатынастарымыз барлық басым бағыттар бойынша белсенді дамып келе жатқанын атап өту мен үшін өте қуанышты. Бұған Еуропалық кеңес Президенті Шарль Мишельдің жақында Қазақстанға жасаған сапары, сондай-ақ Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың және Еуропалық комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйеннің биылғы 7 қарашада Шарм эль-Шейх та өткен Климаттың өзгеруі бойынша жаһандық конференцияның әлемдік көшбасшылар саммиті (Cop27) аясында ҚР-ЕО арасындағы шикізат, аккумуляторлық батареялар мен жасыл сутектің тұрақты құн тізбектері жөніндегі стратегиялық әріптестік туралы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қоюы дәлел бола алады», деді М.Тілеуберді.
Ведомство басшысы Ақордада өткен келіссөздер қарым-қатынастың стратегиялық сипатын және тараптардың ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге дайындығын растады. Министрдің келтірген деректеріне сүйенсек, қазіргі таңда Еуропалық одақ Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 160 млрд долларды құраған. Еліміздің ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі саналады.
«Биыл Қазақстан мен ЕО елдері арасындағы сауда көлемі 42 пайызға ұлғайып, 29,5 млрд долларды құрады. Өткен айда Қазақстанның Үкіметі және ірі еуропалық Svevind компаниясы арасында Маңғыстау облысында «жасыл» сутекті өндіру және тарату орталығын құру жөнінде маңызды келісімге қол қойылды. Еуропалық одақ санкцияларының Қазақстан экономикасына жанама теріс әсерін болдырмау мәселесіне ерекше назар аударылды.
Біз ауыл шаруашылығы, цифрландыру, көлік пен логистика және т.б. салаларындағы ынтымақтастықты тереңдетуге, «жасыл» экономикаға көшуге, энергия тиімділігін арттыруға назар аудара отырып, сауда-экономикалық саладағы сұхбатты одан әрі әртараптандыруға мүдделіміз. Осы және басқа мәселелерді тек екіжақты бағытта ғана емес, өңірлік форматта да қарастыруды маңызды деп санаймыз.
Еліміз Орталық Азия және Еуроодақ арасындағы ынтымақтастықты дамытуға ерекше көңіл бөледі. Осы себептен Мемлекет басшысы Астанада Орталық Азия – Еуроодақ көшбасшыларының алғашқы кездесуін өткізуге бастамашылық етіп, оның қорытындысы бойынша барлық тарап осындай іс-шараларды тұрақты негізде өткізу туралы шешім қабылдады. Біз Самарқандта өтуге жоспарланған Министрлік кездесу мен Орталық Азия – Еуроодақ өзара байланыс жөніндегі конференциясын жоғары деңгейдегі диалогтің дәйекті жалғасы ретінде қарастырамыз», деді М.Тілеуберді.
Сонымен қатар Сыртқы істер министрі кездесуде геосаяси жағдайды ескерілгенін, тауар жеткізудің жаһандық тізбегін қамтамасыз ету үшін халықаралық көлік дәліздерін дамытудың маңызы талқыланғанын жеткізді. Соның ішінде Еуропалық одақтың «Транскаспий халықаралық көлік бағытын» дамытуды қолдау жолдары талқыланған.
«Сонымен қатар тараптар өзекті өңірлік және халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасты. Бұл ретте, Украинадағы қақтығысты, Сириядағы, Ауғанстандағы жағдайды, сондай-ақ Орталық Азия өңіріндегі климаттың өзгеруі, қауіпсіздік және орнықты даму мәселелерін қоса алғанда, әлемдегі ағымдағы ахуал талқыланды», деді М.Тілеуберді.
Өз кезегінде Еуропалық одақ өкілі Жозеп Боррель Қазақстанға алғаш рет келгенін, бұл оқиға дипломатиялық қатынастың орнауына 30 жыл толуымен сәйкес келіп отырғанын атап өтті. Сондай-ақ Астанада қабылдағаны үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдірді.
«Қазақстан маңызды және бағалы серіктесіміз. Келешекте ынтымақтастығымызды одан әрі дамытуға мүдделіміз. Президент Тоқаевпен және Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі М.Тілеубердімен кездесулерімде ортақ міндеттер туралы кең ауқымды пікірталас жүргіздік. Келелі мәселелермен бірлесіп күресіп, жақын қарым-қатынасымызды одан әрі нығайта түскіміз келеді. Еуропалық одақ пен Қазақстан осы жылдар ішінде берік экономикалық байланыс орнатты. Қазақстан ЕО-ның Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктесі және ЕО Қазақстандағы ең ірі шетелдік инвестор саналады. Тікелей шетелдік инвестицияның 60 пайызын қамтамасыз етті.
Осы айдың басында қол қойылған тұрақты шикізат, аккумуляторлар және жаңартылатын сутегі құн тізбегі бойынша өзара түсіністік туралы меморандум бұл қарым-қатынасты одан әрі кеңейтеді. Бірақ бұл қарым-қатынасымызды қалыптастыратын жалғыз сала емес. Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім аясындағы дипломатиялық өзара іс-қимылдарымызды және ынтымақтастығымызды нығайтуға бейілміз. Қазақстандағы ауқымды саяси реформалар үдерісін талқыладық. Алдағы сайлау Қазақстан үшін реформалардың осы ауқымды күн тәртібін толық жүзеге асыруды қамтамасыз ету үшін айқын ерік-жігер көрсетудің маңызды мүмкіндігі», деді Ж.Боррель.
Осы орайда, Жоғарғы комиссар ЕО-ның Қазақстанға қолдау білдіретінін атап өтті. Сондай-ақ қаралы қаңтар оқиғаларын толық, тәуелсіз және ашық тергеудің маңызын талқылағанын жеткізді.
«Осы кездесуден кейін Өзбекстанға барамын. Жыл сайын өтетін ЕО – Орталық Азия министрлерінің кездесуіне төрағалық етемін және Самарқандта ЕО – Орталық Азия байланысы жөніндегі конференция өткіземін. Бұл екі іс-шара ЕО мен Орталық Азия арасындағы жаһандық сауда үшін осы маңызды аймақта тұрақты байланыс саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға деген өзара міндеттеменің айқын көрінісі.
Біз цифрлық, энергетикалық және көліктік секторлардағы ақылды, таза және қауіпсіз байланыстарды арттыруға бағытталған ЕО-ның Жаһандық қақпа стратегиясы контекстінде ынтымақтастығымызды арттыруды мақсат етеміз. Сондай-ақ аймақтық оқиғаларды, Ресейдің Украинаға қарсы әскери агрессиясын және Ауғанстандағы жағдайды талқыладық. Ресейдің Украинаға қарсы соғысының салдары жаһанға теріс әсерін тигізеді, Қазақстан үшін де, ЕО үшін де ерекше қиындық туғызады», деді Ж.Боррель.
Еуропалық одақ өкілі көпжақтылықты және БҰҰ Жарғысында қол қойған құндылықтарды – аумақтық тұтастықты, егемендік пен адам құқықтарын қорғауда бірге екенін білдірді. Өңірлерде қауіпсіздік, тұрақтылық және бейбітшілік орнатуды жақтайтынын атап өтті.
«Осы орайда Қазақстанның БҰҰ Жарғысына, яғни барлық елдің аумақтық тұтастығына қатысты берік ұстанымы үшін алғыс айтамын», деді Ж.Боррель.