Аймақтар • 21 Қараша, 2022

Ақтөбедегі әлеуметтендіру орталығы

275 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Ақтөбе қаласында аз қамтылған, көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиелеп отырған отбасыларды өмірге бейімдеумен айналысатын «Бақытты отбасы» орталығы ашылды. Орталықтың ашылу рәсіміне елімізде табысты тірлігімен құрметке бөленіп жүрген көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі аналар қатысып, ақтөбелік қыз-келіншектерге шеберлік сабақтарын өткізді.

Ақтөбедегі әлеуметтендіру орталығы

Жұмыссыз қыз-келіншектер қазақ­тың ұлттық қолөнер түрлерін жасаумен айналысып, жақсы табыс табуына болады. Қазақстан қолөнершілер одағының мүшесі, этнограф Бұлбұл Кәпқызының айтуынша, қазақтың қолөнері – өте қасиетті, ертедегі аналарымыздың көзінің нұры тамып, қолының қуаты сіңген өнер. «Киелі өнерге бар ынта-зейініңді қойсаң, ісіңнен береке табасың. Он саусағымен түрлі қолөнер бұйымдарын жасай білген әйел әдемілікті түсіне біледі, мінезі сабырлы, байыпты, әсемдікті тани білетін талғампазға айналады. Қолөнерге қызығушылығым кішкентайымда іс тігіп отырған әжемнің инесін сабақтап беруден басталды. Бүгінде түкті кілем, тықыр кілем, алаша тоқимын, сырмақ, біз кесте тігемін. Жыл өткен сайын ұлттық өнеріміздің бастауларынан алыстап барамыз, үйімізге арзанқол бұйымдарды сатып алуға құмармыз. Келіншектер кілем, алаша тоқып, сырмақ сырмайды. Есесіне әр ауылда қойдың жүні тау-тау болып үйіліп, шіріп жатыр. Ертедегі әжелеріміз өте үнемшіл, қолына түскеннің бәрін кәдеге жарататын. Бір ғана қойдың жүнінен текемет, алаша, кілемнің түр-түрін тоқып, киіз үйдің барлық әбзелі, арқан-жібі, сәндік бұйымдарын әзірледі. Мен өз білгенімді үйрету мақсатында Ақтөбе қаласы мен оның төңірегіндегі бірнеше орта мектептің көркем еңбек пәні мұғалімдерін оқытуды бастадым. Елек орта мектебінің еңбек пәні мұғалімі Ақмарал Шәкеева, №55 орта мектебінен Гүлден Ердәулетова, Пригородный орта мектебінен Бибігүл Мұстафина қой жүнінен текемет, киіз, алаша, түкті кілем, тықыр кілем тоқуды, бізкесте тігуді үйреніп жатыр. Содан кейін олар өз оқушыларына үйретеді. Жылма-жыл ою-өрнектердің қолданысын айырудан қалып бара жатқанымызды да айтпай кетпеуге болмас. Білместігімізден сырмақ, текемет, кілемге салатын оюды үстімізге жапсыруға ұялмаймыз. Бұрынғы заманда ер адамның сырт киімі мен бас киіміне, қыз-келіншектердің киіміне әр түрлі ою-өрнектерді қолданатын. Қыз-келіншектер киімдерін өсімдік тектес оюлармен өрнектеген. Өйткені жапырақ ою, гүл ою көбею мен өсудің белгісін білдіреді. Ер адамның киіміне арқар мүйіз, ай мүйіз, қошқар мүйіз оюлар салынған. Қалай десек те, аяғымызға басатын сырмақтың оюын басымызға жапсырып алу дұрыс емес», дейді Б.Кәпқызы.

Өңір басшысы Ералы Тоғжанов «Бақытты отбасы» орталығы өз өзіне деген сенімділігін жоғалтып алған қыз-келіншектер үшін ашылғанын айтты.

«Қиын жағдайда қалған отбасыларды қолдау жұмыстарын жалғастыра береміз. Өйткені өз өзіне сенімді ана ғана балаларына, отбасына сенімділік береді. Сенімді ана – қоғамда орнын тапқан, табысы, сүйікті кәсібі бар ана. Жұмыссыз отбасылардың жағдайын жақсарту мақсатында Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» жобасын бастадық. Бағдарлама операторы – «Ақтөбе» ӘКК арқылы 24 ауылдық округтің жұмыссыз тұрғындары өз кәсіптерін ұйымдастыруға 2,5 пайызбен несие ала алады. Бұл жерде ауласында көкөніс өсіріп, құс шаруашылығымен айналысатындарға артықшылық беріледі. Бағдарламаға қатысушы ауыл тұрғындары өз үйлерін кепілдікке қою арқылы несие алады, екінші жағынан тауарлы несиемен көмектесеміз. Мақсатымыз – әр отбасының ауласын табыс көзіне айналдыру», деді орталықтың ашылу салтанатында.

Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мүшесі, Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің төрайымы Нәзипа Шанай көпбалалы, өмірлік қиын жағдайға тап болған аналарға көмектесетін орталықтар елімізде 2019 жылдан бас­тап ашыла бастағанын айтты.

«Отбасыны әлеуметтендіру біздің елде ғана емес, бүкіл әлем елдеріндегі өзекті мәселеге айналды. Сол үшін 2011 жылдан бастап көптеген елде отбасы индексін анықтау қолға алынды. Осы орталық көптеген қыз-келіншектің жасырын қабілеттерін ашуға көмектеседі деген ойдамыз. Елдегі әйелдерді қолдау орталықтарын отбасын қолдау орталықтары түрінде қайта құру керек деп шештік. Орталық заңгерлері мен психологтері қиын жағдайда қалған әйелге ғана емес, балаға да, ер адамға да көмек көрсететін болады. Оның себебі, қоғамда масылдыққа бейім, шырпы басын сындырғысы келмейтін ерлер көбейді. Масыл еркек қайдан шықты деп ойласақ, оған да кінәлі біз – әйелдер. Өйткені масыл еркекті өмірге әкеліп, тәрбиелейтін де ана... Отбасының мәні – баланың бақытты болып өсуінде. Бала бақытты болса, анасы да бақытты. Адал еңбек адамның шырайын шығарады. Ал тепсініп тапқан табыстан бақытты, бақуатты болған жанды көрген емеспін. Бұл жерде көмек сұрап келген жандарға құқықтық көмек көрсетіледі. Өйткені үйде отырған әйелдердің басым бөлігі мемлекеттен берілетін көмек түрлерін білмейді. Мамандар психологиялық көмек те көрсетеді. Мұның себебі, бүгінде адамдар басына түскен қиындықтарын ең жақын туыстарынан да жасырады. Ерлерге де көмек керек. Мамандар олардың жұмысқа орналасуына, біліктілік курстарынан өтуіне көмектеседі. «Бақытты отбасы» орталығы «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасымен, облыстық, қалалық жұмыспен қамту орталықтарымен бірлесіп жұмыс істейді. ҚХА Аналар кеңесінің биылғы жыл қорытындысы бойынша панасыз балаларды әлеуметтендіру жағынан Ақтөбе облысы елімізде алдыңғы орынға көтерілді. ҚХА-ның «Аялы алақан» номинациясы Ақтөбе облысындағы жетім балаларды қолдау орталығының басшысы Жанна Дүйсенбинаға тапсырылды. Ол ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды оқытып, кәсіп ашуға көмектесіп, одан кейін де жарты жыл бойы бақылап отырған», деді Н.Шанай.

«Бақытты отбасы» орталығының ашылуына келген жұмыссыз әйелдерге Тараз қаласының құрметті азаматы, «Шебер шаңырақ» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрайымы, жеке кәсіпкер Анар Бексұлтан шеберлік сабағын өткізді. Туабітті екі қолы жоқ болып дүние есігін ашқан Анар тағдырдың қиындығына мойынсұнбай, өмірде өз орнын тапқан. Ол қазір үш баланың анасы, кәсібін жолға қойып, жақсы табыс тауып отыр.

«Мен көпбалалы отбасында дүниеге келдім, үйде ата-анам, бауырларым арасында екі қолы жоқ деп шеттеу көрген емеспін. Мектепті жақсы аяқтап, жоғары оқу орнын бітірдім. Жастайымнан көп нәрсеге бақылаушы сияқты қарадым. Есейе келе адам өзін өзі қамшылауы керектігін түсіндім. Екі қолы жоқ адамның қоғамнан ойып орын алуы оңай емес, ылғи күресуге тура келеді. 2013 жылы жеке кәсіп бастауды ұйғардым. Бір құрбым колледждің асханасын жалға алып, тамақтандыру орнын ашуды ұсынды. Өз қолыңмен қамыр ашытпаған соң, тамақ пісірмеген соң шаруа жүре ме деп одан да бас тарттым. Үйімнің екінші жартысынан жекеменшік балабақша ашуды ойлап, бірақ келген бүлдіршіннің басынан сипап қарсы алмаған соң ыңғайсыз болады ғой деп одан да бас тарттым. Ақыры қыз жасауын тігуді ұйғардым. Таныстарымнан 500 мың теңге қарыз алып, базардан мата әкеліп тігіншілікке бет бұрдым. Аяғыммен іс тігуді үйрендім, бірге туған апайларым – Дина мен Шынар маған көмекке келді. Алдымнан он есік жабылса да, ақыры бір есік ашылды. Алғашқы жылы бес қыздың көрпе-төсегін тігіп, қарыздан құтылдым. Келесі жылы он бес жасау тіктік. Былтыр жүз қыздың жасауын дайындадым. Жасыратыны жоқ, тігіншіліктің қыр-сырын толық меңгеруіме сегіз жыл уақыт кетті. Осы орталыққа үмітпен келіп отырған қыз-келіншектерге уақытты бала-шағаларыңыздың игілігі үшін пайдаланыңыздар дегім келеді», деп тәжірибесімен бөлісті А.Бексұлтан.

Ақмола облысындағы «Олжас» шаруа қожалығының басшысы «Өрістен сөреге дейін» және «Балкондағы сиыр» жобаларының авторы Гүлмайрам Баймақова Степногор қаласы тұрғындарын сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп келеді. Қарабұтақ ауылының жанынан 14 гектар жерге көкөніс, бақша дақылдарын егіп, өнімдерін интернет арқылы сатуды ұйымдастырған.

«Мен көкөніс өсіретін кооперативті басқарамын. Кооператив мүшелері – көп балалы аналар. Тамшылатып суару әдісін қолданып, жер астынан ұңғымен су шығарып, оны жаздық бассейнге жинап, бақшаны жылы сумен суарамыз. Көкөніс өсіруге сусыз, жері тұздылау жерді алғанымда, жолдасым мен балам қарсы болды. Ұңғы қазып, 52 метр тереңдіктен су шығардық. Жұмыссыздарға арналған «Бастау-бизнес» бағдарламасына қатысып, оқыту курстарынан өтіп, қайтарымсыз грантқа қол жеткіздім. Әуелі 0,5 гектар жерге картоп, сәбіз, кәді, қияр отырғыздық. Алғашқы екі жыл қиын болды, пайда түскен жоқ. Бірте-бірте еңбегіміздің жемісін көре бастадық. Содан кейін несиеге «Газель» көлігін алдық. Басында көп қателік жібердік, ақыры сол қателігіміз өзімізге тәжірибе болды. Қазір көкөністің тоғыз түрін егеміз. Көктемде қарбыз егіп, күзде 45 тонна жинадық. Степногор базарында қарбызды өзім саттым, жергілікті өнімді жұрт талап әкетті. Осы жерде шаруаларға өнім өткізудің қиынға соғатынын жасырмаймын. Степногор қаласының дүкендеріне қиярымыз бен кәдіні көтерме бағамен 120 теңгеден саудаласақ та, өзіміздің тұрақты жеткізушілеріміз бар деп бізді жолатпады. Осыдан бағаны өнім өндірушілер емес, арадағы делдалдар көтеретінін түсіндік. Өнімімізді Степногор қаласында өткізе алмаған соң көршілес Шарынға апарып саттық. Содан кейін интернет саудасын жолға қойып, тапсырыс берушілердің үйлеріне дейін жеткізіп беретін болдық. Шарын ауданындағы орталық дүкендер біздің қиярдың килосын 120 теңгеден сатып алып, 400 теңгеден саудалады. Бұл жерде де жұмыстың бейнетін біз көрдік, ал ортадағы делдалдар пайдасына қарық болады. Осы жағынан қарағанда ұсақ шаруаларға нақты қолдау керек. Үкімет осы жағын реттесе деген ұсыныс бар. Еліміздегі шағын өндірістік қалалардың жан-жағынан жергілікті тауар өндірушілер азық-түлік белдеуін қалыптастыра алса, ауылдағыларға да, қалалықтарға да пайдалы», деп ұсыныс айтты Г.Баймақова.

Елімізде аз қамтылған отбасы мүше­лерін қайта мамандандыруға, кәсіп­кер­лікпен айналысуға қолдау көрсететін көп­теген мемлекеттік бағдарламалар қабыл­данғанына қарамастан, өмірде ор­нын таппай жүрген жандар саны азаймай тұр. Мұның азайтудың бірден-бір жо­лы аз қамтылған әрбір отбасының мем­ле­кеттік бағдарлама игілігін көріп қана қоймай, өз күштерімен нақты нәтижеге қол жеткізе білуінде болып отыр.

 

Ақтөбе облысы