Қоғам • 22 Қараша, 2022

Жаңа газ турбинасы

359 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақтөбе жылу электр орталы­ғында қуаттылығы 57 МВт-қа тең жаңа газ турбиналық қондырғы іске қосылды. Сал­танатты іс-шараға Ақ­төбе облысының әкімі Ералы Тоғ­жанов, Энергетика вице-министрі Жандос Нұр­ма­ған­бетов, Еуразиялық даму бан­кінің басқарушы директоры Александр Гареев қатысты.

Жаңа газ турбинасы

Ақтөбе жылу электр орталығы электр қуатын 1943 жылдан бастап өндіріп келеді. Облыс орталығы тұрғындары мен кәсіпорындарын орталықтандырылған жылу және электр қуатымен сексен жылға жу­ық уақыт бойы қамтамасыз етіп келген орталықтың жабдықтары ес­кіргендіктен, 2020 жылы кә­сіп­орында қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Екі жыл ішінде негізгі құрал-жабдықтары мен қондырғылары ауыстырылды. Қайта жарақтандыру кезінде өндіріс үдерісін барынша автоматтандыруға мүмкіндік беретін озық технологиялар пайдаланылды.

Жаңа газ турбина қондырғысы толық іске қосылса, Ақтөбе жылу электр орталығында қуат өндіру кө­лемі 118 МВт-тан 175 МВт-қа ар­тып, жылына 423 млн кВт сағат электр қуаты алынады. Газ турбинасында жұмыс істеуге жаңа мамандар тартылып, 40-тан астам жаңа жұмыс орны құрылмақ. Бұл жобаның құны 20,9 млрд теңгеге тең. Оның 15,98 млрд теңгесін Еуразиялық даму бан­кі несиелік келісім негізінде қар­жыландырады.

Айта кету керек, Ақтөбе облысында электр қуатын тұтыну мөлшері жылына 900 мегаватқа тең. Жыл сайы­н тұрғындар мен кәсіпорындар тарапынан электр қуатын тұтыну мөлшері артып барады. Алдағы он­жылдықта өңірде электр қуатының жылдық тұтыну мөлшері 1 500 МВт-қа ұл­ғаймақ. Бүгінде Ақтөбе облысына жет­кі­зілетін электр қуатының тең жар­­тысы өз елімізде өндірілсе, қал­ғаны Ресей Федерациясының Орынбор облысынан тасымалданады. Қала тұрғындары санының артуы­мен, жаңа кәсіпорындардың іске қосылуымен электр қуатын тұ­тыну мөлшері күрт артып, қосым­ша қуат көздерін табу өзекті мәселеге айналды.

«Бұл – өңір үшін маңызды жоба. Өйткені бүгінде Ақтөбе облысы электр энергиясының бір бө­лігін сырт­қы көздерден алып отыр. Осы жобаны іске асыру туралы ин­вес­тициялық келісімге 2021 жылы қол қойылды. Өздеріңіз көріп тұр­ғандай, екі жылға толмайтын уақыт ішінде ауқымды жұмыс атқарылды», деп атап өтті Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов.

Облыс әкімі Мемлекет басшы­сының тапсырмасына сәйкес баламалы қуат көздерін пайдалану бойынша жұмыстар белсенді түрде жалғаса беретінін атап өтті.

«Біздің облысымыздың энер­гети­калық қажеттілігін және қауіп­сіздігін қамтамасыз етуге мем­лекеттің, биз­нестің және жалпы қо­ғам­ның бір­лескен күш-жігері қажет», деді Е.Тоғжанов.

Биылғы жазда ERG компаниясы Хромтау ауданында қуаттылығы 155 МВт болатын жел электр стан­сасының құрылысын бастады. Бұдан басқа 2020 жылы және 2021 жылдары Қарғалы ауданында Eni италиялық ірі трансұлттық корпорациясы қуаттылығы 96 МВт болатын жел электр стансасын іске қосты. Бұл желдің қуатынан электр қуатын өндіру жобасы жасыл энергетиканы, соның ішінде баламалы қуат көздерін іске қосу бағытында қолға алынған жұмыстар. ERG ком­паниясының Хромтау ауданының Дөң елдімекені жанында тұрғызған желдің қуатын электр қуатына айналдыратын бағаналары Мұғалжар қыраттарының күшті ауа ағыны өтетін бөлігінде орналасқан.

 

Ақтөбе облысы