Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Халықтың жауапты кезеңде дауыс беруге белсенді қатысқанын мынадан-ақ аңғаруға болады. Орталық сайлау комиссиясы таратқан алдын ала қорытындыға сүйенсек, электораттың 8,3 миллионы өз таңдауын жасаған. Яғни дауыс бергендер сайлаушылардың 69,44 пайызын құрап отыр.
Осы орайда, бірнеше өңірдің саяси додаға белсене қатысқанын атап өткен абзал. Мәселен, Жетісу облысында электораттың 81,42 пайызы дауыс берсе, Қызылорда облысында қатысушылар 81,07 пайызға жетті. 80 пайызды бағындырғандар қатарында Абай және Түркістан облыстары да бар.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаевқа 6 млн 456 мың 392 сайлаушы немесе 81,31 пайызы дауыс берген. «Бәріне қарсымын» бағанын 460 484 немесе 5,8 пайыз электорат таңдаған. Жигули Дайрабаевқа – 271 мың 641 (3,42 пайыз), Қарақат Әбденге – 206 мың 206 (2,6 пайыз), Мейрам Қажыкенге – 200 мың 907 (2,53 пайыз), Нұрлан Әуесбаевқа – 176 мың 116 (2,22 пайыз) және Салтанат Тұрсынбековаға 168 мың 731 (2,12 пайыз) дауыс берілген.
Тоғызыншы территориядағы тағдыршешті кезеңді тәуелсіз бақылаушылар да жоғары бағалап отыр. Мәселен Шанхай ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы Чжан Мин сайлаудың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті. Оның айтуынша, комиссия мүшелері де, байқаушылар да процеске айрықша жауапкершілікпен қараған. Сондай-ақ ШЫҰ бас хатшысы бірқатар азаматтың кішкентай балаларын көтеріп келгенін тілге тиек етіп, тұрғындар балаларын жауапты азамат етіп тəрбиелеуге ерекше көңіл бөлетінін, отбасымен бірге келуі Отанының болашағына деген сенімін көрсететінін атап өтті.
Жалпы, дауыс беру күні сайлау рәсімдеріне президентікке үміткерлердің 11 мыңнан астам сенім білдірген адамы, шет мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың 641 байқаушысы, саяси партиялардан 15,5 мың байқаушы, қоғамдық бірлестіктерден 30 мыңнан астам байқаушы қатысты. Көпшілік сайлаудың ашық өткенін алға тартады.
Түркі мемлекеттері ұйымы Бас хатшысының орынбасары Өмер Коджаман Қазақстандағы сайлау ашық және бәсекелі болғанын растады. Оның айтуынша, бюллетеньдер мен нәтижелерін өңдеу сайлау туралы ұлттық заңнамаға сай өткен.
«Біздің миссия өкілдері жалпы саны 16 сайлау учаскесіне барды. Ешқандай заңсыздық немесе әкімшілік және құқық қорғау органдарының сайлау учаскелерінің қызметіне килігуін байқағанымыз жоқ. Сайлау күнінде адамдардың өз еркін білдіруіне қажетті бүкіл әкімшілік шаралар қабылданды. Сайлау туралы заңға сәйкес, ұлттық және халықаралық байқаушылардың сайлауды бейтарап бақылауына жағдай жасалды. Миссия ұлттық және халықаралық ұйымдардың қатысқанын және сайлаудың легитимділігін, ашықтығын қолдайтынын көрді», деді Ө.Коджаман.
Ұлыбритания парламенті Қауымдар палатасының жоғары саяси кеңесшісі Реза Табризи ел тұрғындарын ашық əрі əділ сайлаумен құттықтап, Қазақстан үшін тарихи күн болғанына тоқталды.
«Сайлау күні Астанадағы бірнеше учаскеге бардым. Сайлаушылардың белсенділігі жақсы. Ұйымдастыру жұмыстары да ойдағыдай жүргізілген. Мəселен сайлау учаскелерінде мүмкіндігі шектеулі адамдарға жақсы жағдай жасалғаны қуантты. Əйтпесе, мынадай суық пен қарда олардың жүріп-тұруы қиын ғой. Осының бəрі ескерілген екен», дейді Тұманды Альбионнан келген байқаушы.
Түрлі жағдайға байланысты елімізден тысқары жерде жүрген қазақстандықтар да саяси бәсекеге белсене араласты. Шетелдерде жалпы саны 68 учаскелік сайлау комиссиясы ашылды. Сыртқы істер министрлігінің келтірген деректеріне сай, 111 360 адам өз таңдауын жасаған. Ең бірінші болып Токиода және Сеулде сайлау учаскелері ашылды. Осылайша, Жапония астанасында қазақстандық кәсіпкер Сырымбек Тау алғаш болып дауыс берді. Сеулде Юрий Цой есімді қазақстандық өз таңдауын жасаған.
Бұдан кейін уақыт белдеулеріне сәйкес Бейжің, Шанхай, Гонконг, Сингапур, Куала-Лумпур, Ұлан-Батыр қалаларында дауыс беру учаскелері өз жұмысын бастады. Ең соңғы болып Сан-Францискода шетелдегі соңғы сайлау учаскесі ашылды. Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, АҚШ-тың батыс жағалауындағы қаладағы электораттың 100 пайызы дауыс берген.
Түрлі жарысқа қатысуға шетелге аттанған спортшыларымыз да өз таңдауын жасағанын айта кеткен жөн. Мәселен Анадолыда жаттығып жүрген жеңіл атлетикадан Қазақстан құрамасы Анталияда дауыс берді. Футболдан Ұлттық құрама командасы мүшелері Абу-Дабидегі сайлау учаскесіне барды. Мажарстанға Еуропа әйелдер хоккей лигасына қатысуға аттанған алматылық «Айсұлу» клубы Будапешт қаласында таңдауын жасады. Конькимен жүгіруден Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары Нидерландта дауыс берді.
Дауыс беру күні елімізде де түрлі қызықты оқиға болды. Некесін қидырған бірнеше жас жұбай бірден дауыс берген. Мысалы, Атырау облысында жас жұбайлар некесін қиғаннан кейін сайлау учаскесіне ат басын тіреген. Бейбарыс Төлегенов пен Ару Нысанбекқызы Исатай ауданындағы Аққыстау ауылында тұрады. Олар 20 қарашада отбасын құрып, некесін қидырған. Ал Түркістан облысында Сарыағаш ауданы Қапланбек ауылдық округіне қарасты Қанағат елді мекенінде жаңадан шаңырақ көтерген жас жұбайлар сайлау учаскесіне той көйлегімен келді.
«Ұлы дала жорығы» марафонында жеңіске жеткен «Көк мойнақ» командасының мүшесі Нұрсағын Тұқымбай сайлау учаскесіне өзінің тұлпарымен барды. Бұдан бөлек, Түркістан облысында кимешекпен келген әжелер тәттіден шашу шашса, Кентау қаласының тұрғыны қазақы киіммен келіп, сайлаушыларға бауырсақ таратқан. Қысқасы, еліміздің тұрғындары белсенді әрі креативті әрекетімен жан-жақты көзге түсті деп айтуға толық негіз бар.