Аймақтар • 22 Қараша, 2022

Қанат жайған құрылыс

203 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Құрылыс индустриясын дамытудың басым бағыты – халықты қолайлы әлеуметтік инфрақұрылыммен және қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету. Солтүстік Қазақстан облысында ел экономикасының маңызды құрамдас бөлігінің бірі саналатын құрылыс саласы қарқынды дамып келеді.

Қанат жайған құрылыс

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Кейінгі 5 жылда бюджеттік тұр­ғын үй құрылысын қаржы­ландыру 3 еседен астам өсті. Бұл іске 2017 жылы 9 млрд теңге бөлінсе, биыл 28 млрд теңге бөлінді. 2017 жылдан бастап құрылыс жұмыстарының көлемі 65 млрд теңгеден 108 млрд теңгеге дейін немесе 66 пайызға ұлғайды. Осы кезеңде облыста 1,3 млн шаршы метр тұрғын үй салынды. Соның нәтижесінде 40 мың азамат жаңа баспана алды. 2017 жылы 200 мың шаршы метр тапсырылса, биыл жоспар бойынша жыл соңында 401 мың шаршы метр пайдалануға беріледі. Сонымен қатар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша қабылданған кешенді жоспарына сәйкес 2026 жылға дейін 2,3 млн шаршы метр тұрғын үй салынады деп межеленген.

Мемлекеттік қаржыландыру көлемінің көбеюі және әлеумет­тік-экономикалық даму көрсет­кіштерінің орындалуы салық тү­сімдерін ұлғайтуға, мыңнан ас­там жаңа жұмыс орындарын құруға және құрылыс саласындағы орташа жалақыны айына 320 мың теңгеге дейін арттыруға мүмкіндік берді.

Бюджет қаражаты есебінен салынып жатқан тұрғын-үй құ­ры­лысына тоқталсақ, қазір 27 көпқабатты үйдің құрылысы жүр­гізіліп жатыр. Жаңа көп­қабатты тұрғын үй бюджет қаражатын аз шығындау мақсатымен ин­женерлік, коммуналдық инфра­құрылымы дамыған аумақтарға салынуда. Бұл үшін апатты жағ­дайдағы ескі үйлер бұзылды. 2017 жылдан бері осы санаттағы 1 700 үй бұзылған. Ескі үйлер сүрілген аумақтарда «Жас өркен», «Орталық», «Береке»  сияқты жаңа шағын аудандар бой көтеріп келеді. Аталған аудандарда 2017 жылдан бері 3 470 пәтерден тұ­ратын 25 көпқабатты үй салынды. 

Қаланың ішінде бытқыл-бытқыл көшелерден тұратын «Ко­пай» атты шағын аудан болған. Бір үйінің нөмірі 320 болғанда, дәл жанындағы үйдің нөмірі 450 болатын бұл аудан мекенжайлары пош­та, салық және т.б. қызметтерді шатастырып, зықысын шығаратын. Тұрғындардың өздері де ұзақ жылдар бойы қашан дұрыс көшелі үйлерге қол жеткіземіз деп арман­даумен болатын. Сол ауданда түзу көше салу Мемлекет басшысы тарапынан қолдау көрсетілген Солтүстік Қазақстан облысын әлеуметтік-экономикалық да­мытудың 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының нәтижесінде жүзеге асып келеді. Биыл «Копайдың» ескі үйлерінің есебінен 44,6 гектар жер босатылды. Бұл орынға 9 800 адам тұратын 2 800 пәтерден тұратын 27 көпқабатты үйдің құрылысы жүргізілмек. Биыл соның 6 көп­қабатты үйінің құрылысы бас­талды. Ал 3 көпқабатты үй бойын­ша конкурстық іс-шаралар жүр­гізілуде.

Тұрғын үй құрылысын жүр­гізуге жекеменшік капиталды да тарту қолға алынған. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың тапсырмасымен құрылысқа жекеменшік инвестиция тарту бойынша тамыз айында инвест-форум өтті. Оған еліміздің барлық құрылыс компаниясынан 70-тен артық өкіл қатысты. Көпқабатты үйлер салу үшін облыс компанияларға жер телімін екі түрлі әдіспен ұсынды. Біріншісі, аукцион арқылы жер беру, екіншісі, реновация бағдарламасы бойынша жер телімін бөлу. Мұның мә­нісі жатаған үйлерді бұзып, қо­жайындарына ақы төлеу арқылы жерді босату. Облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиевтің айтуына қарағанда, бүгінгі таңда оннан аса құрылыс компаниясы Солтүстік Қазақстан облысында жұмыс істеуге ықылас танытып, құжаттарын дайындап жатыр.

Сонымен қатар облыс аума­ғында Астананың, Алматының, Қарағандының, Көкшетаудың құрылыс компаниялары еңбек етіп келеді. Олардың облыстың құ­рылыс саласына тартқан инвес­тициясының көлемі – 50 млрд теңгеге жақын.  Оған 165 мың шаршы метрден тұратын 2 042 пәтерлі 34 көпқабатты коммерциялық тұрғын үй салынады. Осы жүйемен 2017 жылы бір-ақ үй салынған еді.

Сонымен қатар «YDA» түрік компаниясы көлемі 2 гектар жерге әрқайсысы 18 қабаттан тұратын 9 үй құрылысын жүргізуді ниет етіп отыр. Онда бизнес орталығы, паркинг, комфортты аула салу да қарастырылған. Қазір оның жобалық құжаттары келісімнен өткізілуде. Осы іспетті үйлерді Жамбыл, Қизатов көшелерінің бойында да салу қарастырылуда.

Облыста тұрғын үй ғана емес, әлеуметтік-мәдени ғимараттар салу да қарқынды жүргізілуде. Соңғы бес жылда Тимирязев, Шал ақын, Аққайың, Тайынша, М.Жұмабаев, Ақжар, Уәлиханов және Айыртау аудандарында 8 спорттық сауықтыру кешені бой көтерді. Бұл нысандардың құрылысы Жамбыл, Айыртау (екіншісі), Есіл және Ғ.Мүсірепов аудандарында жалғасып жатыр. Қысқы спорт түрлерін дамыту мақсатында бюджеттің және жеке инвесторлардың есебінен М.Жұмабаев, Мамлют, Есіл аудан­дарында екіден, Ғ.Мүсірепов, Ти­мирязев аудандарында бірден жабық хоккей корттары салынды. Облыс орталығындағы «Қарасай» стадионында UEFA стандарттарына сәйкес футбол алаңы мен көрермендер орны жасалмақ. Тіпті футбол алаңын жылытатын қондырғы орнату да көзделген. Қазір жоба дайын, мердігер де табылды.

Сондай-ақ Петропавл қала­сында 33 мың шаршы метрлік Спорт сарайын салу жоспарланған. Оның аумағы 8,3 гектарды құ­райды. Әртүрлі спорт түрлері үшін нысанда 17 зал салынады. Негізгі блогында 3 200 көрермен сыя­тын зал болады. Бұл сарайда мини-футбол, баскетбол, гандбол және волейболдан ірі жарыстар өткізілмек.

Облыста білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет салаларының жаңа нысандарына арналған құ­рылыс барысы да қызу жүр­гізіліп жатыр.

 

Солтүстік Қазақстан облысы