Кітап алғысөзінде мемлекеттік тәуелсіздіктің туын биік көтеріп жүретін, еліміздің мызғымас болашағының тағдырын қолда бекем ұстайтын күш қазіргі жас ұрпақ болғандықтан, бұл еңбектің басты мақсаты осы өскелең буынның бүгінгі рухани болмысын қалыптастыруға ықпал ету екені атап айтылады. Кітапқа Отан тарихының әр кезеңінен және сол кезеңдердегі тарихи тұлғалардың қызметінен, сондай-ақ кеңестік дәуірде саяси қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың, елдің дамуында өшпес із қалдырған қайраткерлердің өмір жолдарынан мағлұмат беретін зерттеулер, мақалалар, анықтама сипатты жазбалар, ғылыми-практикалық конференцияларда жасалған баяндамалар мен солардың негізінде жазылған публицистикалық жұмыстар енген.
Жинақ шағын түсіндірмелері бар бес бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлім («Ақбас тауарихтан») тәуелсіз кезеңдегі (XV-XVIII ғғ.) Қазақ Ордасы дәуірінен бастап, отар замандағы күрестерден, XX ғасырда монархия іргесін шайқалтуға өзіндік үлес қосқан Он алтыншы жыл оқиғасынан, азаттық қозғалысының шарықтау шегіне дейінгі кезеңдерден ақпарат береді. Екінші бөлімде («Кеңестік кезеңнен») кеңес заманы тарихынан бірқатар мағлұмат бар. Оларда еліміздің тағдырында шешуші рөл атқарған билеуші коммунистік партияның құрылымы түсіндіріліп, сол партияның бастауымен өмір сүрген уақытта қайғы-қасіретке ұрындырған оқиғалар, тоталитарлық жүйенің көбесін сөгуге із салған 1986 жылғы жастардың саяси ереуілі жайында әңгімеленеді. Үшінші бөлімге («Тәуелсіз дәуірден») қазіргі мемлекеттік тәуелсіздік кезеңіндегі маңызды оқиғалар арқау болған. Төртінші бөлімде («Тағдыр-тамшылар») кеңестік дәуірде өз халқына қарсы бағытталған мемлекеттік террор құрбандарының бір тобы жайында мағлұматтар беріледі. Кітаптың қорытындылаушы бөлігі сынды «Тағзым» атты бесінші бөлімінде ел тарихындағы елеулі белестер мен бірқатар ірі тұлғалар атаулы даталарына орай еске алынған.
Жазушы, публицист, тарих ғылымдарының кандидаты, қоғам қайраткері Б.Қойшыбаев – Алаш қозғалысын, тарихтағы «ақтаңдақтарды» алғаш зерттеушілердің бірі. Тұңғыш рет әдебиет әлемінде 1970 жылы «Кемпірқосақ – көк аспан» әңгімесімен көрінген-ді. Содан бері оның қаламынан көркем туындылармен бірге, Алаш ұлт-азаттық қозғалысының тарихын, өзекті қоғами мәселелерді қозғайтын көптеген тарихи-танымдық, публицистикалық еңбектер туды. Шығармалары қатарында «Жастық шақ жырлары» атты әңгіме, хикаят, романдар бір томдығы, «Өртең өскіндері» («Керней», «Балдәурен», «Гүлдәурен», «Жасдәурен-І», «Жасдәурен-ІІ») хамсасы, он дәптерден тұратын «Алашия» рисәләсі бар. Орысшадан аударған 19 балалар кітабы жарық көрген. Бірнеше жинақтың құрастырушысы. Қазір қысқаша таныстырылып отырған «Тәуелсіздік тамырлары» жинағы бұдан бұрын шыққан «Тарих және тұлға», «Ұлттық қозғалыс сарбазы», «Өмір – күрес» кітаптары тәрізді Мәдениет және спорт министрлігінің арнайы бағдарламасы аясында жарық көрді.
Кітап Отан тарихын сүйетін қалың оқырман қауымға, жастарға, студенттер мен оқушыларға арналған.
Балжан ХАБДИНА,
Қазақстан Республикасы баспа және полиграфия ісінің қайраткері