Жастық тысының материалы – атлас. Өлшемі: 41х32 см. Үстіңгі жағы – ақ мата. Жоғарғы бөлігінен түрлі-түсті жіптермен кестеленіп, өлеңмен өріліп жазылған тілекті оқуға болады:
«Абзал аға, Сәбем!
Жасай бер абзал ақын мүдірместен,
Баласы Сарыарқаның қырында өскен.
Зор тұлғаң ғасырлармен қатар самғап,
Сан ұрпақ шығармасын жырыңды
естен!
Әмина. 14.11.1960».
Ал төменгі жағына тұмсығына құттықтау хатты іліп алып, ұшып бара жатқан тауыс құсын, сонымен қатар орманның әдемі жануары – қос бұғы, гүлдер бейнеленген. Жастықшаның астыңғы жағы біркелкі жасыл түсті мата.
Сахнадағы ғажайып өнерінен бөлек, Әмина апаның он саусағынан өнер тамған шебер, ісмерлігі бар болғанын, «Жол таптым бар қазақтың жүрегіне» деген жазушыға ерекше құрметін осы дүниесінен де байқауға болады. «Қазақ атты қасиетті де киелі халықтың қарапайым қызы Әмина апайдың жүріп өткен өмір жолы – ұлағатты да ұлық, орамды да орайлы нұрлы жол», деп КСРО-ның және Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов аз сөзбен терең мағыналы тамаша пікір білдірген болатын.
Назгүл АЛТАЕВА,
С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешені ғылым бөлімінің жетекшісі
АЛМАТЫ