– Торғай жеріндегі Қарасу деген ауылда дүниеге келдім, – деп бастады сөзін дирижер. – Бір жасымда біздің үй әкемнің жұмыс бабымен Қостанай облысы Әулиекөл ауданы Қазанбас стансасына көшеді. Ата-анамның мамандығы – мұғалім, екеуі де өмір бойы білім саласында еңбек етті. Өнерге мектепте жүргеннен жақын болдым. Оған себеп, Ростислав Маринин есімді музыкант мектепте баян мен хор үйірмесін ашып, оған қабілеті бар балаларды тартты. Кішкентай күнімнен ән салушы едім, сол хорға мен де жазылдым. Кейін баян үйірмесіне бардым. Оны екі-үш ай оқып, үйреніп алғасын ол кісі: «Сен баянмен алысқа бара алмайсың, саған фортепиано үйрену керек» деді. Ал менің фортепианодан түк хабарым жоқ. Кейін ауылда музыкалық мектеп ашылып, соның «фортепиано» класында оқыдым. Жоғары сыныпта гитара, барабанда еркін ойнап, достарыммен «ВИА» деген вокалды ансамбль құрып, ауыл кештерінде ән шырқадық, – дейді балалық шағынан сыр шерткен кейіпкеріміз.
Сегізінші сыныпты тәмамдағасын Алматыда оқуға аңсары ауған жас өренге ата-анасы қарсы болмады. Қайта оның арманын ұштауға қолдау көрсетті. Алатаудың етегіндегі әсем шаһарға табан тіреген ауыл баласы алдымен П.Чайковский атындағы музыкалық училищеге келіп, «Дирхор» бөліміне құжатын өткізді. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, жолы болып, оқуға түсті. Бірінші курста жүргенде Қазақ симфониялық оркестрінің концертіне барып, содан ерекше әсер алды. Әсіресе оған бас дирижер Төлепберген Әбдірәшевтің өнері қатты ұнайды. Осы керемет кеш өнерге ынтық жастың дирижерлік қабілетін оятты.
– Алғашқы курста оқып жүргенде ұстазым Любовь Колыхалова маған: «Сен вокалды кімнен оқып жатырсың?» деп сұрады, мен ол кісіге не айтарымды білмей, «Тізімде жоқ секілдімін» деп жауап бердім. Сосын ол мені қолымнан жетектеп, вокал бөлімінің меңгерушісі Василий Глазковқа алып барды. Сол менің дауысыма зер салып, тыңдаған соң: «Әй, бала, сен вокалды оқы, саған керек. Ертең нанға майды қалыңырақ жағып жүресің» деп күлді. Сөйтіп, үш жыл бойы вокал мен дирижерлікті қатар оқыдым. Төртінші курста ұстаздарым жолдама беру үшін, маған: «Ән айтасың ба, әлде дирижер боласың ба, біреуін таңда» деді. Сонда: «Менен вокалист шықпайды, дирижер болуым керек» деген ой келді де, бірден дирижерлікті таңдадым, – деді ол.
Өмір кейде адамға түрлі «сый» тартады. Музыкалық училищенің соңғы курсында жүргенде, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы бұрқ ете қалды. Бұл қазақ жастарының отаршылдық жүйеге деген қарсылығы еді. Оған сол кезде Алматыда оқыған қазақ жастарының дені қатысты. Кейіпкеріміз де желтоқсанның қақаған аязында екі күн бойы қатарластарымен алаңда жүрді. Дүрбелең басылғаннан кейін қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері оның соңына түсіп, «Сен көтерілісті ұйымдастырушылардың бірісің» деп жауапқа алып, біраз әуре-сарсаңға салды. Ақыры музыкалық училищеде оқып жүрген бір топ қазақ жігітін Қиыр Шығысқа әскерге жіберді. Бірақ кейін Абзал Мирасбекұлы көтеріліс құрбандарының рухына арнап «Елім-ай» деген хорға шығарма жазды. Азаматтық борышын өтеп келгеннен кейін Мәскеудегі Чайковский атындағы консерваторияның опера-симфониялық оркестрінің дирижерлік бөліміне түсуді ойлайды, бірақ оның реті келмей, қазіргі Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияға түсіп, Қазақстанның халық әртісі, профессор, дирижер Базарғали Жаманбаевтың класына қабылданды. Алғашқы күні-ақ ұстазы оның бойындағы музыкалық талантын байқап: «Мен сені оркестр отыратын орыннан көріп тұрмын. Ол үшін шет тілін үйрену қажет, онсыз алысқа бара алмайсың. Сосын зердеңмен жұмыс істеп, жаттыға біл», деп қолына Пушкиннің «Евгений Онегин» романын ұстатып жіберді. Үшінші курста консерваториядан симфониялық оркестр факультеті ашылып, қосымша соған түсіп, бас-аяғы аталған оқу орнында сегіз жыл оқиды. Оның үстіне ұстазының сөзін жерге қалдырмай, Алматыдағы Әлем тілдер институтында екі жыл оқып, ағылшын тілін үйренді.
– Дирижер деген ағылшын тілінен аударғанда кондуктор деген мағына береді. Қазақша айтқанда, жолбасшы, жетекші, бастаушы деген ұғымға жақын. Өйткені дирижер композитордың жазған музыкасын жүрегінен өткізіп, оны байытып, толықтырып, әдемілеп, сосын барып музыканттарға ұсынады. Бір сөзбен айтқанда, дирижер – музыканттардың тілін тауып, олармен сөйлесе білетін тұлға болу керек. Мұздай қатып қалуға болмайды. Кез келген мәселені жылдам шешуге үйрену қажет. Бейнелеп айтсам, дирижердің миы компьютер секілді жұмыс істеуі керек. Оны ғылымда психофизика дейді. Мұндай қабілет көп адамның бойында болмайды. Өзім дирижерді ғарышкерге ұқсатам. Өйткені олар аспан әлемінде ұшып жүргенде жердегі құбылыстың бәрін карта арқылы көріп отырады. Біздің картамыз – партитура. Дирижер – оркестрде жалпы музыкаға жауап беретін адам. Әйтпесе әр шығарманы әр музыкант өзінше ойнап, мәнін жоғалтады. Оның бәрі үйлесімде, нақпа-нақ мөлшерде болуы қажет, – деді дирижер өз мамандығының құпиясымен бөлісіп.
Маэстро Құрманғазы атындағы ұлттық консерваториясының қабырғасында жүргенде алғашқы «Болашақ» бағдарламасымен Түркиядағы Стамбул консерваториясына оқуға мүмкіндік болса да, кейін Ұлыбританиядағы Йорк университетінің магистратурасына түсіп, білімі мен білігін жетілдірді. Осында оқи жүріп, көне Барокко дәуірінің музыкасын ғылыми зерттеді. Тақырыпты терең түсіну үшін сондағы хор құрамында жұмыс істеп, Барокко дәуірінің музыкалық аспабын меңгерді. Бізде Барокко туралы онша ешкім білмейді. Музыкалық мектептерде ондай пән оқытылған емес. Тіпті мамандар да жоқ. Сондықтан кейіпкерімізді Барокко музыкасының Қазақстандағы алғашқы кәсіби маманы деп айтуға болады.
1998 жылы Қазақстанның халық әртісі Гауһар Мырзабековамен бірге «Қазақстан Камератасы» камералық оркестрін құрды. 1999 жылы Астанаға келіп, қалалық филармонияның симфониялық оркестрін құрып, оның көркемдік жетекшісі және бас дирижері болды. Жаңадан құрылған филармонияға еліміздің әр түкпірінен талантты музыканттар жинады. 2005 жылы «La Primavera» Президенттік камералық оркестрін құрып, оны да биікке көтерді. Одан кейін бұрынғы Күләш Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театрының бас дирижері ретінде талай озық туындыларды сахнаға шығарды. Осы аталған өнерлі ұжымдармен бірге әлемнің көптеген еліне гастрольдік сапарда болып, қазақ өнерінің мерейін асырды. 2013 жылдан бері «Астана Опера» театрында істейді.
Абзал Мұхитдинді көзі қарақты қауым Мемлекеттік әнұранның оркестрлік редакциясының авторы ретінде де біледі. Сондай-ақ оның Ғазиза Жұбанованың музыкасына қойылған «Қарагөз» балеті мен Мұқан Төлебаевтың «Біржан – Сара», Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операларының жаңа музыкалық редакциясын жасап, оны ұлттық бояумен байытқан еңбегін ерекше айтуға болады.