Сергей ЛЕБЕДЕВ,
ТМД байқаушылары миссиясының басшысы:
– Сайлаудың өту барысын байқау үшін бізге барлық жағдай жасалды. Біздің миссиямызды атқаруға, қалыпты және тиімді жұмыс істеуімізге жағдай жасаған Қазақстанның барлық органы мен құрылымының өкілдеріне алғыс айтқым келеді. Еш жерде ешқандай кедергіге тап болған жоқпыз. Бізге қажетті барлық ақпарат берілді.
Миссия мүшелері сайлау кезінде жүргізілген ақпараттық науқанға уақыт жеткілікті, тиімді және ауқымды болды деген қорытындыға келді. Мұны біз БАҚ-тан да байқадық. Президенттікке кандидаттар өздерінің бағдарламалық құжаттарын, сайлауалды бағдарламаларын халыққа таныстыру үшін барлық жағдай жасалды. Үміткерлердің сайлаушылармен кездесуге, теледебаттарға қатысуға мүмкіндік алғанын білеміз. Біздің бағалауымыз бойынша, Қазақстан азаматтары сайлауға қатысқан барлық кандидаттың бағдарламаларымен танысу мүмкіндігіне ие болды және өз пікірлерін білдіре алды. Үміткерлерді тіркеу де ереже бойынша өтті. Үміткерлерге жан-жақты және сапалы іріктеу жүргізілді. Олардың өмірбаяндары мен тіркеу үдерісін талдай отырып, біз «барлық үміткер лайықты, жоғары білімі бар, мемлекеттік және қоғамдық құрылымдарда жұмыс тәжірибесі бар, мемлекеттегі ең жоғары лауазымға тиісті қасиеттерге ие», деген қорытынды
жасадық.
Ал үміткерлердің ұстанымы туралы айтатын болсам, сайлау науқанында «қара пиар» болған жоқ, бұған өз атымнан үлкен ризашылығымды білдіремін. Президенттікке кандидаттар өз бағдарламаларын сайлаушыларға таныстыруға және жеткізуге баса назар аударды. Кандидаттар тарапынан бәсекелестерінің бағдарламалары туралы теріс мәлімдемелер таратылған жоқ. Бұл өз кезегінде үгіт-насихат жұмыстарының бірқалыпты өтуіне ықпал етті. Әрине, біз бұған өте қуаныштымыз, өйткені, өкінішке қарай, кейбір ТМД елдерінде өз қарсыластарын сынау, кейде бейәдеп сөздер айтылған жағдайлар тіркелген. Мұндай келеңсіздіктерге біз де куә болғанбыз. Қазақстандағы саяси науқан таза және ашық өтті. Біз оны сайлау учаскелерінде көрдік, мейірімді атмосфера, тыныштық сақталды, жалпы сайлау мерекелік сипатта өтті. Сайлауға қазақстандықтардың көп келгенін көрдік, көбі отбасымен, балаларымен келді. Осының өзі жағымды әсер туғызады.
Сайлау учаскелерінде үлкен кезек болған жоқ. Бұл да кандидаттарды тіркеудің тиянақты ұйымдастырылғанының дәлелі. Жалпы, сайлау барысында өрескел заң бұзушылықтарды тіркеген жоқпыз.
Анатолий БОЯШОВ,
ТМД Парламентаралық Ассамблеясының халықаралық байқаушысы, ТМД ПАА-ға мүше мемлекеттердің демократия, парламентаризм және азаматтардың сайлау құқықтарының сақталуын дамыту мониторингі халықаралық институтының сарапшысы:
– Минскідегі Қазақстан елшілігінде №263 сайлау учаскесі дәл уақытында ашылды. Сайлауды ұйымдастыруға еш кедергі болған жоқ, бәрі ойдағыдай өтті. Қатаң тәртіп сақталды, алайда учаскеде жайдары атмосфера орнап тұрды. Біздің елімізде білім алып жүрген, тұрып жатқан және іссапармен, туризм мақсатымен келген Қазақстан азаматтары жоғары белсенділігін көрсетті, әсіресе біз жастардың көп келгенін көрдік. Бұл жас буынның елінің ертеңіне немқұрайлы қарамайтынын аңғартады. Өз еріктерімен келіп, таңдау жасап, еліндегі саяси додаға өз үлестерін қосқан жастардың көңіл күйі де жоғары болды. Жалпы, Минскідегі сайлау учаскесінде сайлаушылардың барлығы дерлік белсенді дауыс берді, сайлау комиссиясы да бұл үдерісте кәсібилік танытты. Сайлау учаскесінде комиссияның барлық мүшесі бастан-аяқ жұмыс істеді, халықаралық байқаушылар мен БАҚ өкілдері қатысты. Сайлау күнінен жақсы эмоция мен жағымды әсер алдық. Қауіпсіздік деңгейі де жоғары болды. Байқаушы ретінде тек жағымды әсер алғанымды атап өткім келеді.
Урсула ГАЧЕК,
ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының (ДИАҚБ) сайлауды бақылау миссиясының басшысы:
– Сайлау учаскелерінде ЕҚЫҰ кеңсесі миссиясының 300-ге жуық байқаушысы жұмыс істеді. Олар жұмысын таңғы сағат 6.30-дан бастады. Байқаушылар Астанада ғана емес, Алматы, Шығыс Қазақстан және Қазақстанның басқа да аймақтарына барды. Біз электронды қаламмен толтырылатын арнайы бланкі пайдаландық. Сайлау кезінде осындай жүздеген бланкіні толтырдық. Сайлау учаскелері жабылғанда жұмысымыз қыза түсті. Әріптестеріміз түрлі сайлау учаскелерінде қалып, дауыс санау жұмысына да қатысты. Бұл – менің Қазақстанға екінші сапарым. Бұған дейін 2019 жылы өткізілген сайлауда да қызмет еттім. Қазан айында басталған миссиямыздың жұмыс нәтижесін баспасөз мәслихатында жарияладық. Биылғы сайлауды біз өткен сайлаумен салыстырмадық, оған құқығымыз да жоқ. Негізі біз қай елде болсын әр жылдардағы сайлау үдерістерін салыстырмаймыз. Себебі әр сайлау – жеке-дара
оқиға.
Ричард УИЛЬЯМ ВАЙЦ,
Wikistrat Global Consultancy компаниясының аға ғылыми қызметкері, АҚШ тәуелсіз байқаушылар миссиясының мүшесі:
– Үш сағатта Алматыдағы алты сайлау учаскесін араладым. Сонда байқағаным, қала тұрғындары ауа райының қолайсыздығына қарамастан, сайлау учаскелеріне таңертең ертемен келіп жатты. Мен елдегі мегаполистің әр жерінде орналасқан 20 нысанды көріп шықтым. Сайлау учаскелерінде түрлі жастағы адамдарды байқадым. Ешқайсысының тарапынан ешқандай наразылық болған жоқ.
Франция мен Ресейден көптеген жергілікті және шетелдік байқаушылар келген екен, сөйлесіп, пікірлестік. АҚШ-қа қарағанда Қазақстанда сайлауға үлкен жауапкершілікпен қарайды. Бұл – негізгі айырмашылықтың бірі. АҚШ-та сайлауға халықтың жартысынан азы келеді. Әрине, халықтың сайлау мәдениеті мен сайлау құқығының деңгейі әр мемлекетте әртүрлі. Сондай-ақ Америкада байқаушыларға сайлау учаскелерінің ішінде болуға тыйым салынады, олар сыртта жүреді.
Сайлау күні ертемен республика бойынша барлық
10 033 сайлау учаскесі және 16 шет мемлекеттегі Қазақстан Республикасының өкілдіктеріндегі 17 учаске дауыс беруге кірісті. Содан соң уақыт белдеулерінің айырмашылығын ескере отырып, шетелде 51 учаске ашылды. Қазақстан уақытымен сағат 12:00-дегі жағдай бойынша Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауына азаматтардың 40 пайызға жуығы дауыс берді. Бұл – өте жоғары көрсеткіш, қазақ халқы белсенділігін байқатты.
Микаэль ЛЕВИСТОН,
Францияның халықаралық қатынастар институты IFRI орталығының сарапшысы:
– Мен Алматыдағы сайлаудың өту үдерісін қадағаладым. Тұрғындар сайлауға позитивті қарайды екен. Дауыс беруге жастар да, аға буын өкілдері де тең дәрежеде қатысты. Мен
5 сайлау учаскесінде болдым, Ұлттық кітапханада орналасқан сайлау учаскесінде байқағаным Жаңа Қазақстан үшін дауыс беруге келген адамдар белсенді болып көрінді. Жасы 50,
60-тағы аға буын өкілімен қатар 18 жастағы азаматтар да таңдау жасауға бір адамдай қатысты. Жақында кәмелетке толып, сайлауға алғаш рет қатысқан жігіттердің жүзінде мақтаныш бар. Жастарға мемлекеттегі өзгерістер маңызды. Сонымен қатар, елде мүмкіндігі шектеулі адамдардың сайлау учаскелеріне келуі үшін жан-жақты жағдай жасалғанын ерекше атап өткім келеді. Сайлаудың өту барысына қуандым, өзге көптеген елдерге үлгі боларлық іс болды.
Дайындаған
Гүлнар ЖОЛЖАН,
«Egemen Qazaqstan»