Сұхбат • 24 Қараша, 2022

Роза Айтматова: Ағам ақырғы рет Алматыдан хабарласты

389 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Болмысы биязы, әдепті, инабатты Роза Айтматова сөз арасында тоқтап, ойланып сөйлеп отырды. Әкесі, анасы жайлы айтқанда көз жиегіне көлкіген жас төгілуге шақ тұрды. Бейне бір жазушының кейіпкерлері секілді сезімтал, артық сөзден ада. Атақты Шыңғыс Айтматовтың қадірлі қарындасымен әңгімелесудің сәті түскен еді.

Роза Айтматова: Ағам ақырғы рет Алматыдан хабарласты

– Қазақстанға қош келді­ңіз, Роза Төреқұлқызы! Шыңғыс аға­мыз­дың ерте кезде Жам­был­да оқы­ғанынан хабардармыз. Бірақ бұл жайлы де­ректер көп ұшыраса бермейді.

–1956 жылы Шыңғыс Төре­құлұлы Мәскеудегі жоғары әдеби курсқа қабылдануға өтініш хат жазады. Хатта өзі жайлы мына­дай жолдар бар: «Мен Екінші дүние­жүзілік соғыс басталған шақта алтын­шы сыныпты бітірдім. Ал со­ғыс уақытын­да оқуды доғарып, колхозда жұ­мыс істедім. Трактор­шы­ның көмек­шісі, комбайн­шы секілді әртүрлі жұ­мыс ат­қар­­­­дым. Майдан аяқтал­ған соң оқуым­ды жалғастырып, 8-сы­нып­­­қа қабылдандым. 8-сынып­ты бітірген соң, Жамбыл қала­сын­дағы техникумға оқуға түстім». Жам­был – қазіргі Тараз. Осы қалада зоотехникалық-мал дәрігерлік техникум болатын. Онда Орталық Азия, Ресей, Кавказдың оқу меке­ме­лерінен келген мамандар сабақ беретін. Осыған орай бауырыма қатысты техникумда болған бір қызық жайт есіме түсіп отыр. Оқу орнында бір профессор есектану дейтін тақырыпта дәріс өтіпті. Ол есектің қандай жануар екенін, оны қалай бағып-күту керектігі жайлы баяндайды. Алайда техникумда тәжірибе көрсететін дәрісхана­лар жоқ екен. Сондықтан профессор студенттерге базарға баруды тапсырады. Жамбылда сол кезде Ұлы Жібек жолынан қалған үлкен базар болған. Айналадағы халық мұнда сауда жасауға, тіпті алыс түкпірлерден де ағылып келетін. Соғыстан соңғы кезеңде бәрі атпен, есекпен, өгізге арба жегіп жүретін. Бір жерге тоқтайды да, көлігін байлап, базарға еніп кете береді. Міне, студенттер әлдебір есек байлаулы тұрған жерге келеді. Профессор: «Студент Айтматов, міне, есек, қане жақын тұрыңыз, оның қандай пайдасы бар, айта беріңіз», дейді. Шыңғыс ұстазына жауап беріп тұрғанда, есектің иесі келіп қалады. Ал иесі Шекерден, біздің айылдан болып шығады. Әлгі кісі жақындап: «Шыңғыс, сен мұнда не істеп жүрсің?» дейді, ол: «Мен тәжірибеден өтіп жатырмын. Осында оқудамын ғой» дейді. Біздің Қарағыз деген апамыз болды, сол кісі туыстарының арасында Шыңғысты айтып сыртынан мақтанып жүретін болса керек. Ол уақытта оқу оқитындар саусақпен санарлық еді. Ал әпкеміз «жиенім Жам­былда оқиды, болашақта үлкен білімді адам болады» деп мақ­танады екен. Сөйтіп жүргенде жаңағы кісі ауылға келіп: «Қарағыз босқа даурығады, жиені есектің оқуында екен» деп, жоғарыдағы күлкілілеу оқиғаны жұртқа жая­ды. Қарағыз апа бұған қатты ренжіп, Шыңғыс демалысқа келгенде онымен сөйлеспей қояды. Шыңғыс болса, «Сізге не болды?» деп сұ­рай­ды. Сонда Қарағыз апа: «Неге есектің оқуын оқу үшін шекара асып әуреленіп жүрсің, өзіміздің ауылымызда да бар емес пе?» деп ренжіп.

Шыңғыс осыны айтып күлген еді. Мен апама ешнәрсе түсіндіре алмадым дейді. Міне, 8-сыныпты бітіргеннен кейін оқуға тапсырды дедім ғой. Ол кезде, шынында, оқығысы келетіндер аз болатын. Шыңғыс техникумда бірден екінші курсқа түсіп, үздік бітіріп шықты. Оған анатомияны, биологияны жақсы біледі екенсіз, екінші курс­та оқуға толық мүмкіндігіңіз бар деген екен. Жамбылда 1946-1948 жылдар аралығында оқыды.

– Жазушы өміріне «халық жауының ұлы» деген айып қа­лай әсер етті?

– Біздің отбасымыздың тағды­рында әкеміздің қасіреті басты рөл ойнады. «Халық жауының отбасы» атану бәрімізге сор боп жабысты. 1937 жылы әкеміз қамауға алынған соң, КСРО-ның Ішкі істер комиссары Ежовтың үкімі шықты, онда «халық жауының отбасы» кеңес билігі үшін қауіпті, сондықтан халық жауының әйелдерін 8-10 жылға алыс лагерьлерге, ал бала­ларын колонияға жіберу керек» деген жолдар бар. Біз ол кезде Мәскеуде тұратынбыз (менің туға­ныма 5 ай ғана болатын). Әке­міз әлгі құжаттың құқайынан қор­қып, бізді Қырғызстанға, астанадан алыс, өз айылы Шекерге ат­тандыруға мәжбүр болды. Шекер – Қазақстанмен шекаралас Талас жерінде орналасқан. Анамыз оны жалғыз қалдырғысы келмеді. Әке­міз отбасын аттандырып жатып жан жары Нағимаға: «Ең бастысы, балаларды құтқару керек. Негізгі ісіміз – оларды аман алып қалу. Әйтпесе, балалар үйіне немесе коло­нияларға жібереді, бір-бірін таны­май өсетін болады», дейді.

Анамыз сондықтан төрт баласын алып Мәскеуден Шекерге келді. Маймақ бекетінен (Маймақтан Шекерге дейін жиырма километр) туыстарымыз арбамен келіп, бізді айылға жеткізді. Әкеміз болса НКВД мекенжайымызды біліп қояр деп қорқып, тіпті телеграмма да жолдай алмады. Сондықтан ана­мыз Шекерден көшіп, біздің фа­ми­лиямыз көпке беймәлімдеу бір ауыл­да өмір сүруге шешім қа­был­дады. Әкеміз Қырғыз АССР-і жетек­­шілерінің бірі болғандықтан, фа­ми­лиямыз жалпақ жұртқа мәлім еді.

– Шыңғыс Төреқұлұлы­ның балалық шағынан бір үзік ­сыр айтсаңыз.

– Қазіргі Бішкектегі Киевская мен Раззакова көшелерінің қиы­лысында оның мүсіні қойылды. Міне, осы арада ертеректе бала­бақша бар-тұғын. Ескерткіш шамамен сол балабақшаның ауласында тұр. Мұны маған анам көрсет­кен болатын, ол тұста балабақша жұ­мыс жасап тұрған. Ал қазір бұл маң­да үлкен үйлер қаптап кетті. 1934 жылы (бұл қырғыздар мен қазақтардың отырықшы өмірге бейім­деліп жатқан кезеңі еді) бол­са керек. Сол уақытта бізде «Ле­ниншіл жас» атты жастар газеті шы­ға бастады, ол жерде Райхан Шукур­беков (кейіннен ол кеңінен таны­мал ақын-сатирикке айнал­ды) деген журналист қызмет жасайды. Редакциядан оған балалардың мектепке даярлығы туралы мақала әзірлеу жөнінде тапсырма беріледі. Журналист жаңағы балабақшаға келіп, ересектер тобындағы балалармен кездеседі. Айнала қоршай отырғызып, оларды әңгімеге тартады. «Балабақшада өздеріңді қалай сезінесіңдер, үйлеріңде қандай іс­пен шұғылданасыңдар? Туыста­рың сендерге ертегі оқып бере ме?» Осы секілді сұрақтар қояды. Міне, сонда топ баланың ішінен біреуі қысылып-қымтырылмай, емін-еркін сұрақтарға жауап береді. Райхан Шукурбеков әлгі баланы ғана қалдырып, қалғандарын тобына қайтарады. Ал бұл бала Шыңғыс Айтматов еді. Ол: «Менің үйімде өзімнің арнайы бұрышым бар, ол бұрышты жасауға маған папам көмектесті. Ол жерде менің ойыншықтарым, ертегі кітаптарым, альбом, түрлі-түсті қаламдарым бар. Мен қазірдің өзінде әріптерді білемін, оқи аламын, сонымен бірге жазуды үйреніп жүрмін», дейді.

– Ал ең сүйікті ойыншығың қандай? дегенде, ол: «Машина» дейді. Ол кезде қазіргідей көп ойыншық болған жоқ, машина жаңа ойыншығы болған шығар.

– Өскенде кім боласың? дегенде, – Шопыр боламын, – дейді. Бірақ ол өздеріңіз білетіндей, шопыр болған жоқ.

Бірде онымен Бішкектен Ыстық­көлге бардым. Ол көлікке отырды да, бірден ұйықтап кетті. Көлік тоқтаған кезде: «Оһ, көлікке отырмай жатып бірден ұйқыға кетемін де әртүрлі түстер көремін, қажыдым осыдан», деді. Меніңше, ол көп ойланатын, ойша елестетіп бейнелерді сомдайтын, осының бәрі оның түсі болып көрініс табатын, үнемі түс көріп жүруші еді.

– Жазушы өзіне айтылған сынды қалай қабылдайтын?

– Алғашында оны Тоқомбаев, Байтемиров, Уметалиев сынды аға буын жазушылар онша қа­былдаған жоқ. Өйткені олар секілді емес, басқаша жазды. Шығармалары кеңестік идеологиямен сәйкеспейді деп және кінә тақты. Оған, әрине, ауыр тиді. Әр сөйлеміне шүйлігіп, жиналысқа да салды «қырағы» әріптестері. Алайда Кенеш Асаналиев, Кам­баралы Боболов, Сабиржан Жи­гитов сынды жас сыншылар оған керісінше қолдау білдірді. Үлкендер жағы сыпыра сынап жатты. Одақтық «Новый мир» журналына «Жәмила» жарияланып, француз жазушысы Луи Арагонның назарын аударар тұста, басылымның редакторы Александр Твардовский болатын. Повесть жарық көрген соң сыни пікірлер сап тыйылды, өйткені олар Мәскеуге қарсы шыға алмайтын еді. Твардовский: «Алдымен біз орыс тілінде Мәскеуде жария­лаймыз, сосын Қырғызстанда қыр­ғыз тілінде жариялана берсін. Сонда олар сені сынай алмайды», деген кеңес айтыпты. 1963 жылы «Тау мен дала хикаялары» үшін ол Лениндік сыйлыққа ие болды. Барлық ұлы жазушы секілді оны да орынды-орынсыз әрдайым сынап отырды. Бірақ кейіннен ол сынап-мінеушілерді назарға алмады. Оларға көңіл аудармайтын, жауап беруді қажет етпейтін рухани биікке шықты. Мен кейде: – Кеше газетке былай деп жазыпты, – деп ашынғанымда, салқын ғана: – жарайды, жаза берсін, – дейтін.

– Қазақ жазушыларынан кім­дерді жақын тұтты?

– Жастау кезінде Әбді­жәміл Нұр­пейісов, Қалтай Мұхамед­жа­нов сынды жазушылармен достық қатынаста болды. Бір қызығы, ол қандай да бір дүние жазған кезде қазақтар қырғыздардан бұрын шығарма бойынша спетакль қо­йып жүрді. Алматыға «Ана – Жер-Ананың» премьерасына келгеніміз есімде. Сол шақта әртүрлі жазушылармен аралас-құраласып тұрды. Шыңғыс Төреқұлұлы мен Қалтай Мұхамеджанов бір­лесіп «Көктөбедегі кездесуді» жаз­ды. Соңғы жылдары Мұхтар Ша­хановпен жақын достық қарым-қатынаста болды. Шаханов Қазақ­станның Қырғызстандағы елшісі болғанда, отбасымызбен араласып тұрдық. Олар бірігіп «Құз басындағы аңшының зарын» жазды. Әрине, ең үлкен қолдауды әуелгіде ұлы Мұхтар Әуезовтен көргені айтпасақ та белгілі.

– Ағаңызбен соңғы кезде­суі­ңіз есіңізде ме?

– Соңғы жылдарда ол шетелде, Бельгияда тұрды. Бірақ елге жиі келіп тұратын. Бірде Бішкекке келіп, біз сонда кездестік. Сосын Алматыға кетіп, сол жақтан маған хабарласты. Мәскеуге кететінін, одан әрі Қазанға баратынын айтты. Мен оның өтініші бойынша Бішкектегі мектеп оқушыларымен кездесуге тиіс болдым. Мектеп директорына оқушылармен кездесуге келетіні жайлы уәде беріпті. Көп оқу орындары онымен кездесуді қалайтын. Бұл мектеп те солардың бірі екен. Маған кездесуге келе алмайтынын айтты. «Сен кездесуге бар, олардың сұрақтарына жа­уап беретініңе сенемін», деді. Мен келісім бердім. Өзі Мәскеуге аттанып кетті. Ал Мәскеуде өзін жайсыз сезіне бастапты. Қырғызстанның Ресейдегі елшілігіндегі қызметкер маған «ол өзін нашар сезініп, дәрі әкеліп беруімді сұрады. Мен әке­ліп беріп, осында қалып емделуді ұсындым. Мұндай ауыр жағдай­мен Қазанға баруға болмайтынын айттым. Ал Шыңғыс Төреқұлұлы «Қазанда кино түсіретін топ ке­луімді қалайды, сондықтан сапар­дан бас тарта алмаймын. Мына дәріні ішемін де бара­мын» деді», – деп болған жайтты елші айтып берді. Сонымен ол дәріні ішіп, Мәскеуден Қазанға баратын ұшаққа отырады. Кенет жағдайы нашарлай бастайды. Татарстан президенті Минтемир Шаймиев­тің өзі келіп, Германияға аттанды­ру­ға шешім қабылдайды, өйткені қаламгер ақыл-есін жоғалтып алған еді. Германияда жақсы мамандар қарады. Соңғы рет телефон арқылы сөйлестік. Ол Алматыдан қоңырау шалған болатын.

Жәмиланың прототипі бар ма?

– Біздің ауылда көптеген әйел­ «Жәмила менмін» деп жатады. Бірақ олардың қайсысы шын Жәмила екенін мен білмеймін. Ауылда ол кезде тағдыры Жәмилаға ұқсас әйелдер жетерлік еді ғой. Мүмкін солардың бірін кейіпкер етіп алған шығар.

– «Құс жолы» повесіндегі кейіпкерлер сізге таныс па?

– Толғанай, шынында, өмірде болды, Жейде деген ауылда тұрды. Оның Субанбек деген ұлы болатын. Соған соғысқа шақырту келеді. Субанбек майданнан оралып келгенше өз орнына колхоз басына білімді және ұқыпты адамды қойғысы келеді. Оған біреулер есепші ретінде адал, жақсы адам деп менің шешемді, Нағима Айт­матованы жұмысқа алуды ұсы­нады. Сонымен біз Жейде ауылына барып, Толғанайдың үйінде тұрдық. Толғанай апаның Әсел атты келіні болатын.

– Анаңыз қандай адам еді?

– Соғыстан кейінгі ауыр кезең­ді бастан өткердік, анамыз Нағима біздің отбасымызға тағылған айыптан соң адам өміріндегі білімнің қандай маңызды рөл ойнайтынын жақсы түсінді. Өте білімді, мед­реседе мұсылманша хат таны­ған діншіл адам еді. Сол кезеңдегі ақыл-білімі озық жандардың сапын­да болды. Ол біздің жоғары білім алуымыз үшін қолынан келгеннің бәрін жасады. Шыңғыс әлемге әйгілі жазушыға айналды. Одан кейінгі ұлы Ильгиз геолог-ғалым. Люция болса энергетик еді, бірақ денсаулығына байланысты еңбекке ұзақ араласа алмады. Ал өзім өмір бойы физикадан сабақ бердім. Анамыз адамгершілігі мол, өз бойында бардың бәрін балаларына арнап, олар үшін үлкен жақсылықты жасай білді. Ол өте өнегелі, парасатты жан еді.

– Қазір қандай іспен шұғыл­данып жүрсіз?

– Бізде 8 қараша – тарихты, ата-бабалаларды еске алу күні деп аталады. Осы күні біз «Ата-бейітке» барамыз. «Атабейіт» деген батыр бабаларымыз қуғын-сүргінге ұшырап, қаза болған жер. Өткен жолы сонда барып конференция өткізіп, есіл ерлерді еске алдық. Жақында Асан Ахматов екеуміз «Атабейіт» атты кітап жаздық. Сол жерде «Атабейітте» көмілген аталар жөнінде көп дерек бар. Осы кітапты шы­ғарып, қазір тұсаукесерін өткізіп жүрміз. Бабаларымызды 1937-1938 жылдары қамап, ату жазасына ке­сіп, ешкімге білдірмей сүйектерін шұңқырға тастап, жасырып қой­ған. Бұл туралы ешкім білген емес. 1953 жылдан кейін қазба жұмыс­та­ры нәтижесінде «Атабейіт­тен» аталарымыздың құжаттары табылды. Соның арқасында ол жерге кімдер көмілгені анықталды. Бұл – қасиетті жер. Көп жыл атамызды іздеп жүріп таппай, ақыры тапқан кезде осы мемориалдық музейді Шыңғыс Төреқұлұлы «Атабейіт» деп атаған болатын. Шың­ғыстың сүйегі де «Атабейітке» қойылды.

Мен шыңғыстанушы емес, төре­құлтанушымын дегенді жиі айтып жүремін. Әкем Төреқұл Қыр­ғызстанның көрнекті мемлекет қай­раткері болды. Республикада басшылық қызметтерде істеді. Қыр­ғыз АССР-і жаңа құрылған уақыт. Экономикасы, басқасы әлі жөнді қалыпқа келмеген, бірақ осыған қарамастан Мәскеуден бірінші бесжылдық жоспар жасап, сол бойынша көл-көсір жұмыстарды атқаруға күш салған. Республикада әлі ешқандай техника жоқ, құрал-жабдық жоқ кезде еңбек еткен. Кейін әкеміз қамауға алынғанда тергеушілер «Министр болып тұр­ғанда не істедің?» дейді. Сонда Төреқұл: «Дәйім жолда жүрдім, рес­публиканың барлық жерін зерт­тедім. Тау-кенді, аққан суларды зертт­едім, гидроэнергетикаға қол­дану үшін тасып аққан сулар­дың энергиясын зерттеп, гидро­электрстанция салдырдым», депті. Темір жол салдырып, сонымен бірге алғашқылардың бірі болып қант зауытының бой көтеруіне мұ­рындық болады. Біздің бір облыста қызылша жақсы өседі, сол үшін Мәскеуге хат жазып, қызылша біз­де жақсы өседі, қант зауытын ашуымыз керек дейді. Қызылшаны қант зауытына жеткізу үшін темір жол салуымыз керек деп мәселелер қояды. Кітапқа осы жө­ніндегі барлық құжатты кір­гізіп, үш жылда атқарған ісін көр­сеттік. Бірінші бесжылдықта табан­ды шаралар атқарылған соң елі­міз Қырғыз Республикасы атанады. Міне, отызыншы жыл­дардағы әкеміздің үзеңгілестері Абдрахманов, Рустамов және бас­қалар экономиканы көтеріп, ден­саулық сақтау саласын дамытып, биік деңгейге шығарысқан кісіл­ер. Маңызды деректердің бәрі «Атабейіт» кітабында көрсетіл­ген. Қазіргі уақытта зейнетте үйде отырмын, осындай мемуарлар жазып, немерелерімді тәрбиелеймін.

 

Әңгімелескен

Батырхан Сәрсенхан,

«Egemen Qazaqstan»