Соңғы жылдары құрылыс саласына қажетті кірпіш облыста молынан өндіріле бастады. Бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорындарға заманауи жабдықтармен толық жарақтандырылған, сапалы өнім шығаратын жаңа өндіріс орындары қосылып жатыр. Бұл облыстың құрылыс саласындағы әлеуетін арттырып, қанатын кеңге жаюға мүмкіндік береді.
Аршалы ауданындағы Волгодоновка ауылындағы «SG BRICK» кірпіш зауыты – Орталық Азияда теңдесі жоқ кәсіпорын. Бұл кәсіпорын «G-Park» құрылыс компаниясы тобының құрамына кіреді. Зауыт іргедегі елорданы ғана емес, еліміздің бірқатар өңірін сапалы өніммен қамтамасыз етпек.
Өнеркәсіп секторы өңір экономикасында басым сала болып табылады. Салаға серпін беретін жаңа жобалардың жүзеге асырылуы көңілге қуаныш ұялатып, ел көкірегіндегі сенімді нығайта түседі. Жаңа зауыттың іске қосылуы облыстағы кірпіш өндірісін екі есеге арттырып отыр.
Зауыт құрылтайшысы, «G-Park» ЖШС құрылыс компаниялары тобының бас директоры Ғабит Сатмағамбетовтің айтуынша, компания бұған дейін отандық өнімдермен салыстырғанда бағасы едәуір қымбат тұратын құрылыс материалдарын Өзбекстан, Украина, Ресейден жеткізушілермен өзара ынтымақтастық қарым-қатынас жасаған. Әрине, сырттан тасымалданған материалдар салынған нысанның шаршы метрінің өзіндік құнының біршама өсіп кетуіне әсер етеді.
– Мен біртіндеп импорттан бас тартып, өз зауыттарымды салу туралы жауапты шешім қабылдадым. Жылжымайтын мүліктің түпкі құны төмен болуы үшін көптеген құрылыс компаниялары сапалы әрі арзан құрылыс материалдарын қажет етеді, – дейді Ғ.Сатмағамбетов.
Сапалы керамикалық кірпіш әлемге әйгілі «Beralmar» компаниясының испан технологиясы бойынша өндіретін зауыттың жанында жалпы ауданы 161 гектарды алып жатқан карьер бар. Бұл жерден қызыл және сары саз шығарылады. Жылу тасымалдағыш ретінде өндірісте табиғи газ пайдаланылады. Газдың жылдық қажеттілігі – 18 млн текше метр. Бүгінде компания кірпішті бояу өндірісін жолға қоюда. Қазір бояулардың бірнеше түрі қолданыла бастады. Ыстыққа төзімді және су өткізбейтін 27 үлгісі алынды.
Жаңа өндіріс дегеніміз – ең алдымен жергілікті еңбек адамдарын жұмыспен қамту. Кәсіпорында 250 жұмыс орны ашылады. Осы орайда жақын маңайдағы ауылдардан жұмысшылар тарту көзделіп отыр. Тұрақты еңбекақы алатын болғандықтан, ауыл тұрғындарының да әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсармақ.
Зауыт жылына 120 млн дана кірпіш шығаруға қабілетті. Бұл жоба Индустрияландырудың бірыңғай картасы аясында жүзеге асырылуда. Жобаның құны – 27 млрд теңге. Биыл шілде айында пайдалануға берілді.
– Кірпіш зауыты бір жарым жылдың ішінде түгел салынып бітті, – дейді зауыт директоры Асхан Қабылдин, – қазір бірнеше түрлі кірпіш дайындаудамыз. Ғимаратты қаптауға қажетті кірпішке сұраныс мол.
Қазір зауытта өнім өндіру қарқынды жүргізілуде. Өндірілген өнім сапасы сынақтан өткізіліп, жақсы бағасын алған. Дәл осындай қуатты кәсіпорындар жарқын болашақтың құрылыстарын көркейте түсетіні сөзсіз.
Ақмола облысы