Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев былтыр қараша айында ЖЭО-2-ні жаңғырту қажеттігін, алдағы бес жылда Алматы мен Алматы агломерациясы тұрақты энергиямен және жылумен қамтамасыз етілетінін жеткізіп, өзі капсуланы қалап, тиісті жұмыстарды бастап бергені үлкен жауапкершілік жүктейтінін айтқан болатын. Биыл қараша айында Алматыдағы зиялылармен кездескен кезде жаңа технологиялар мен смарттрафик қоршаған ортаның экологиясына оң әсер ететінін тағы да қаперге салды. Мәліметтерге сәйкес, атмосфераға тасталатын ластаушы заттардың шығарындыларының жылдық көлемі шамамен 125 мың тоннаны құрайды. Негізгі көздер – автокөліктер (55 пайыз), қалалық жылу электр стансалары және өнеркәсіптік кәсіпорындар (35%), сондай-ақ газдандырылмаған жеке үйлер (10 пайызға жуық). Сарапшылардың бағалауы бойынша стансаны газға көшіру жобасы Қазақстан Республикасы мен Еуропалық одақтың ең қатаң талаптарына сәйкес келеді. Бұл сәйкестіктер ЖЭО зиянды заттарының шығарындыларын 93 пайызға азайтуға мүмкіндік береді; мөлшерлі бөлшектер мен күкірт тотығы шығарындыларының құрамынан күл-қож қалдықтарының түзілуін болдырмайды және көмуге жол бермейді; агрегаттардың дыбыссыз жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Мұның бәрі стансаның қоршаған ортаға және Алматы агломерациясының тұрғындарына әсер ету аймағын азайтуға тиіс.
Жаһандық бағаның шарықтауынан емес, ЖЭО-2-ні жаңғыртуды кейінге қалдырудан қорқу керек. Тәуелсіз сарапшылардың пікірі осыған саяды. Осы саланың маманы Әсет Наурызбаев Қазақстандағы, оның ішінде Алматыдағы орталықтандырылған жылу жүйесі энергияны өндірудің басқа жолы болмаған жылдары жасалғанын айтады. Ол кезде қаладағы көмірмен жұмыс істейтін көптеген қазандықты бір ірі ЖЭО-ға ауыстырып, құбырлар жүргізгенде экология, өндіріс тұрғысынан өте тиімді жүйе болды. «ЖЭО-2 қажеттілігі – шамамен 1,3 млрд текше метр газ. Алматыда Орбита шағын ауданында, Жароков көшесі бойы, Нұрлытау маңында бірнеше газ қазандығы бар. Қолданыстағы жылу электр стансаларын жинақы түрде қамтамасыз етуге және электр энергиясын өндіруге мүмкіндік беретін технологиялар бар. Алматының жылу жүйелері тек теориялық емес, практикалық жағынан да газды қолдануға дайын», деді Ә.Наурызбаев.
Алматы экологиясына үкімет көз жұмып қарады деп айта алмайсыз. Бұл мәселе қалалық деңгейде талай рет пысықталды, оның жаңғырығы Үкіметке дейін жетті. Тәуелсіз сарапшылар деңгейінде айтылған пікірлердің бәрі назарға алынды. Осыған дейін Алматы ЖЭО-2 жаңғыртудың төрт жобасы ұсынылды. Яғни газға көшіре отырып, қазандықтарды жаңғырту; газ тазарту жабдығын орната отырып, жұмыс істеп тұрған қазандықтарды қайта құру; ЖЭО-2 кеңейту; газбен жұмыс істейтін жаңа станса салу. ЖЭО-2 акционері «Самұрық-Энерго» АҚ бұған дейін оңтайлы, экологиялық таза және техникалық тұрғыдан іске асыруға болатын №1 нұсқаны таңдауы мүмкін деген пікір тараған болатын. Басымдық 4-нұсқаға – газбен жұмыс істейтін жаңа станса салуға берілді. Бұл нұсқа Алматыдағы тәуелсіз сарапшылар мен блогерлердің табандап қорғап келген ұсынысы болатын. Нәтижесінде, өткен аптаның соңында «Алматы электр станциялары» АҚ («АлЭС») мен Еуропа қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) арасында «Қоршаған ортаға тигізетін әсерін барынша азайту арқылы Алматы ЖЭО-2-ні жаңғырту» жобасын қаржыландыру туралы кредиттік келісім жасалды. Аталған мәміленің алғашқы кезеңдегі құны – 130 млрд теңгені ЕҚДБ қаржыландырады, қалған бөлігіне Азия даму банкі (АДБ) және Қазақстан даму банкі (ҚДБ) қаражаты тартылады. ЖЭО-2 газдандырудың сметалық құны – шамамен 324 млрд теңге. Жұмсалатын қаржының 20 пайызы «Самұрық-Энергоның» ішкі ресурстарынан бөлінсе, қалған 80 пайызын аталған үш банк синдикаттық жолмен қаржыландырады. «Самұрық-Энерго» өкілдері айтқандай, инвестицияларды іздеу кезінде баға түзетілуі мүмкін. Қаржыландыру ұлттық валюта – теңгемен, TONIA-ға (Tenge OverNight Index Average) тіркелген өзгермелі пайыздық мөлшерлемемен жүзеге асырылады. Жаңа стансаның құрылысына қуаты 600МВт-қа дейінгі газ-турбиналық технологиялар пайдаланылады деп жоспарланған.
Жобаны қаржыландыру «Самұрық-Қазына» қоры» АҚ қолдауымен ұйымдастырылды. Ұлттық әл-ауқат қоры жобаға өзінің корпоративтік кепілдігін береді. Бұл сарапшылардың бағалауы бойынша тәуекелдерді азайтуға және қаржыландыру шарттарын жақсартуға ықпал етеді. Ал келісімнің өзі жобаның ұзақ мерзімді қаржыландырумен қамтылуын қамтамасыз етеді.
Кредиттік келісімге «АлЭС» АҚ басқарма төрағасы Ерлан Қырқымбаев пен ЕҚДБ-ның Еуразия, Таяу Шығыс және Африка өңірлері бойынша энергетика департаментінің директоры Аида Ситдикова қол қойды. Салтанатты іс-шара ЕҚДБ, ҚДБ, «Самұрық-Энерго» АҚ, «АлЭС» АҚ, Алматы қаласы әкімдігі өкілдерінің қатысуымен өтті. «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Серік Түтебаев қаржыландыруды ұйымдастыру үшін үлкен жұмыс жүргізілгенін, оның ішінде халықаралық стандарттар бойынша қоршаған ортаға әсерді бағалау және әлемдік тәжірибелерді ескере отырып, қолданылатын технологияларға бағалау жүргізілгенін атап өтті.
«Қазақстан Үкіметі, «Самұрық-Қазына» қоры және «Самұрық-Энерго» АҚ Алматы қаласы мен Алматы агломерациясының дамуына ерекше көңіл бөліп келеді. Алматы ЖЭО-2 нысанын жаңғырту жобасынан басқа, экологиялық жағдайды жақсарту және Алматы энергия торабындағы жаңартылатын энергия көздері объектілерін одан әрі дамыту үшін Алматы ЖЭО-3 аумағында «Қуаты 545 МВт-тық аралас циклді газ стансасын салу» жобасын іске асырып жатырмыз. Бұл нысан 2025 жылы пайдалануға берілмек және осы өңірдегі маневрлік қуат тапшылығын айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді», деді С.Түтебаев.
ЕҚДБ вице-президенті Алан Пиюдың айтуынша, бұл жоба – ең алдымен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеңісі. «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы С.Түтебаев пен «АлЭС» АҚ басқарма төрағасы Е.Қырқымбаев бастаған командалар жобаны қаржыландыру бағытындағы келіссөздердің сәтті аяқталуына үлес қосты. Жапония, Аустрия сарапшылары осы келісімге техникалық көмек көрсетті. Бүгінгі шара Алматыдағы ауа сапасын, жергілікті халықтың өмір сүру сапасын жақсартатын және Қазақстанның Париж келісімін сақтауға және 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу мақсатын жақындататын жасыл жобаның керемет үлгісі», деп атап өтті ЕҚДБ өкілі.
ЕҚДБ несиесі TONIA-ға бекітілген құбылмалы пайыздық мөлшерлемемен теңгемен беріледі. С.Түтебаев халықаралық қаржы институттарымен арадағы келісім аса тартысты жағдайда өткенін айтады. «Бұл тұста біз үшін ең тиімдісі – жобаны теңгемен несиелендіру туралы келісім. «ЖЭО-2 қазіргі заманғы технологиямен жабдықталады. Басшылық құрам өз мамандарымыздың арасынан даярланады. Содан кейін қажет болса, мамандарды отандық және шетелдік ЖОО-ларда оқытуға мүмкіндік туады. Бұрын орталықты көмірмен жабдықтап келген цехтардың жұмысшыларын жаңа мамандықтарға бейімдеуді жүйелендіретін бағдарлама дайындалып жатыр», деді ол.
2030 жылға дейін ескі ЖЭО-2-дегі көмірмен жұмыс істеу құрылғылары резервте тұрады. Қоршаған ортаға тигізетін әсерін барынша азайту арқылы «Алматы ЖЭО-2-ні жаңғырту» жобасы аталған орталық алаңында қуаты 600 МВт-ға дейінгі газ-турбиналық технологияларды пайдалана отырып, жаңа станса салуды көздейді. Сонымен бағыт-бағдар айқындалды. Үкімет газға басымдық беру арқылы жаңа ЖЭО-2 салуға басымдық беріп отыр. ЖЭО-2 қазіргі көмірмен жұмыс істеу құрылғыларын жою туралы шешім 2029-2030 жылы қабылдануы мүмкін. «Оған дейін көмір резерві отын көзі ретінде пайдаланылады. ЖЭО-2 орталығын газдандыру Алматы экологиясын жақсарту, алматылықтардың денсаулығын қорғау үшін қабылданған шешім. Алматы ғана емес, Астанадағы ЖЭО да газға көшіріледі. Екібастұз ГРЭС-1, ГРЭС-2-де көмір базалық отын көзі ретінде пайдаланыла береді. Сол аймақта үшінші станса салу мүмкіндігі министрлік деңгейінде талқыланып жатыр. Қазір Алматы ЖЭО-2-дегі бір жылда қолданатын газ мөлшері есептелуде», деді С.Түтебаев.
«Самұрық-Қазына» бұл несиеге корпоративтік кепілдік беріп отыр. Пайыздық мөлшерлеме әлі бекітілген жоқ. Бірақ оның тарифке әсері барынша төмен болмақ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экспортқа кетіп жатқан газды ішкі нарыққа бағыттауды тапсырды. Демек газ тапшылығы болмайды. «QazaqGaz» мәліметінше, былтырғы ең жоғары қуаттылық – 15 млрд текше метр газ. Алматыдағы ЖЭО-2 қажеттілігіне небәрі 1,3 млрд текше метр, яғни 10 пайызға жуығы қажет. Газ құбырының жұмысында іркіліс болған жағдайда Түрікменстаннан Қытайға Қазақстан жерімен өтетін магистральды газ құбырын пайдалануға мүмкіндік бар. Сарапшылар газ бағасы Екібастұз көмірінен әлдеқайда қымбат тұратынын айтады. ЖЭО газға көшірілген жағдайда тариф құрылымындағы отын шығынының үлесі артатыны белгілі. Газдың бағасы тұтынушыларға арналған тарифке де әсер етеді. Жобалаушылардың болжамынша, ЖЭО-2 жаңғырту аяқталған шақта жылу тарифінің өсімі 10-15 пайызды құрауы ықтимал. Бұл қаржы халықтың қалтасына салмақ салуы әбден мүмкін. Ал «Самұрық-Энерго» өкілдері тарифке әсері үкіметтік деңгейде талқыланатын тақырып екенін айтады.
Тариф пен инвестиция кәсіпорынның ішкі саясаты болып қала береді. 2022 жылғы 27 қазанда ЕҚДБ халықаралық қаржы институтының ережелеріне сәйкес өткізілетін екі сатылы ашық халықаралық тендердің басталғанын жариялаған EPC-мердігерді таңдаудың техникалық ерекшелігі және EPC-келісімшарт жобасы FIDIC (Халықаралық инженер-консультанттар федерациясы) «сары кітабы» бойынша әзірленген. Бірінші кезең шеңберінде Алматы ЖЭО-2 алаңында жабдықтарды жеткізуге, жаңа газ стансасын жобалау мен салуға әлеуетті мердігерлерден өтінімдерді қабылдау 2022 жылғы 15 желтоқсанға дейін жалғасады. Қазір ЖЭО-2 алаңына жабдықтарды жеткізу мен жаңа газ стансасын жобалау және салу үшін мердігерлерден өтінім қабылданып жатыр. «АлЭС» АҚ инвестиялық директоры Дәурен Сағидолла мердігерді іздеу бойынша тендер екі кезеңді қамтитынын және ашық екенін атап өтті. Бұл шешім компанияға станса талаптарына жауап беретін жабдықтар жиынтығын таңдауға мүмкіндік береді. Жабдық өндірушісін таңдауға келсек, техникалық сипаттамаларға назар аударамыз. Бұл ретте газтурбиналық жабдықтар Қазақстанда өндірілмейді. Сондықтан осы салада жұмыс істейтін жетекші шетелдік компаниялар ұсынысы қаперге алынуы мүмкін. Д.Сағидолла айтып өткендей, ашық таңдау, талқылау оңтайлы техникалық шешімге, қаржылық ұсынысқа мүмкіндік береді. Ал тариф, инвестиция саясаты АлЭС-тің ішкі саясаты болып қала береді.
Түрікменстаннан Қытайға өтетін газ құбыры біздің жер арқылы өтеді. Осыдан 13 жыл бұрын газ құбырын салу кезінде тараптар арасында қол қойылған келісімге сәйкес, біздің ел квота бойынша транзит үшін 15 млрд текше метр газ алады. Оның 10 млрд-ы Қытайға экспортталса, қалғаны Алматы облысы мен өзге өңірлерді газдандыруға бағытталған. 2017 жылы «Азия газ құбыры» компаниясы Жамбыл облысы аумағында салып жатқан үш газ сығымдау стансасының үшіншісі іске қосылды. Сарапшылардың бағалауы бойынша, стансаны газға көшіру жобасы Қазақстан Республикасы мен Еуропалық одақтың ең қатаң талаптарына сәйкес келеді. Сондай-ақ бұл жоба күл үйінділері мәселесін де шешеді. Бүгінде стансаның күл үйінділері 200 гектар аумақты алып жатыр. Ал жоба жүзеге асқан жағдайда олардың қажеттілігі қалмай, бұл жерді қаланың өзге мұқтаждықтарына пайдалануға мүмкіндік туады. Мұның бәрі стансаның қоршаған ортаға және Алматы агломерациясының тұрғындарына әсер ету аумағын азайтуға тиіс.
АЛМАТЫ