Қайран, Шоқан қамшының сабындай қысқа ғұмырында қазаққа мәңгі сарқып тауыса алмайтын ізгілік сыйлап кетті емес пе? Құсмұрында туып, Көшентоғанға жерленген ғаламат ғалымның бейіті Жетісу топырағын құнарландырып жатқандай. Қалай десек те тарихтан әулие емеспіз. Бірақ бір білетініміз Шоқан қазақ тарихын мыңжылдықтармен байланыстырған тұлға. Бүгінде оның көзіндей болып Шанханай ауылдық округінде Ш.Уәлиханов атындағы «Алтынемел» мемлекеттік мемориалды музейі тұр. Рухының елесіндей есті естеліктерге толы мәдени орданың іші суық болғанымен, құндылықтарға толы. Жақында сол жәдігерлерді көзбен көріп қайтқан болатынбыз. Ендігі әңгіме сол жайында.
Ғалымның Қашқария сапарына өзімен бірге алып барған тапаншасы мен сол жақтан тағып келген парша белбеуі тұр. Шоқанның жүріп өткен жолдары бейнелеген, 250 кг қой жүнінен жасалған гобелен кілем музейге кіргеннен көз тартады. Сондай-ақ Шоқанның қазақ даласына Ресейден арнайы алғызып оқыған «Современник» журналын да музей жәдігерлерінің арасынан көруге болады.
Сенесіз бе, қанша жыл өтсе де қазақтың аяулы перзентіне деген ауылдың құрметі азайған емес. Ежелгі дәуірмен еншілес еңбектерін терең тани түсуге деген құлшыныс қоғамда артпаса кеміген жоқ. Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жетісу облысына келген сапарында «Біз Шоқанды әлемдік деңгейде дәріптеуіміз керек» деп, ұлылар жатқан тарихи орындарды ұрпаққа үнемі таныстыру керектігін айтқаны көптің назарын Шоқантануға қайта бір мәрте аударды деуге болады. Содан бері мемориалды музейде қарбалас тіршілік басталып, мұражай жанындағы ғылыми-мәдени орталықты жөндеу жұмыстары қолға алынып жатыр. 90-шы жылдардың тоқырауында қараусыз қалған ғимарат әбден тозып, қираудың алдында тұрды. Оған дейін Уәлиханов еңбегін зерделеуге келген ғалымдардың орналасуына мүмкіндік беретін қонақүй, конференция залы, асханасы жұмыс істеген нысанға қайтадан көңіл бөліне бастағанына ауыл тұрғындары дән риза.
Жалпы, мамандардың айтуынша биыл да «Алтынемел» мемориалды музейінен кісі аяғы үзілмепті. Музей директоры Марал Рахатованың сөзіне сүйенсек, мұнда жылына 2 500-дей адам келіп кетеді. Соның ішінде шетелден де ат арылтып келетіндер де бар. Атап айтқанда, Швеция, Жапония, Ресей, Еуропа елдерінен саяхатшы ғалымдар, журналистер де келген. Мұндағы эскпонаттар саны 1 058 болса, соның 758-і – негізгі қор. Музейде Шоқанның ата-бабасы, балалық шағы мен өскен ортасы, Шоқанның естеліктері, ғылыми зерттеулері туралы құнды дүниелермен танысуға болады. Сол сияқты жәдігерлер ішінде Уәлихановтар отбасының тұтынған тұрмыстық заттары – мыс табақша, ақ металл қасық, бұрыш ұнтақтағыш та бар.
Шоқанның Қашқария сапарынан тағып келген белбеуі аса құнды жәдігерлер қатарында саналады. Алғашында бұл белбеу Орталық музейде болған. Кейін «Алтынемел» музейі құрылғанда бұл мұра осы мәдениет нысанына тапсырылған. Содан кейінгі 40 жылға жуық уақыттан бері парша белбеу «Алтынемел» музейінің көрнекті жәдігеріне айналған. Таза қытай жібегінен жасалған белбеу бір жарым ғасырдан астам уақыт өтсе де, өзінің көрнекті кейпін жоғалтпаған.
Бұған дейін айтып өткеніміздей, музейде Петербургтан шыққан «Современник» журналының 1 858 жылғы саны да келушілердің қызығушылығын туғызады. Қашқария сапарынан оралғаннан кейін қызметте жүргенде оқыған журналы ма, әлде емделуге елге оралғаннан кейін алғызды ма, оны тап басып айту қиын. Дегенмен Шоқанның жазушы Федор Достоевскийге жазған хаттарының бірінде орыс басылымдарына қатысты айтатын тұсы бар екені есімізде: «Әлгінде айттым ғой: оқитын еш нәрсе жоқ. Сондықтан маған «Времяны» жібере көріңіз, кейін есептесерміз, ал егер қаржың болса, мен үшін «Современникке» жазыл», – деп жазады Шоқан досы Ф.Достоевскийге 1862 жылдың 15 қазанында жазған хатында. Не де болса, бұл қазақ даласына орыс достары арқылы алғызған журнал болуы бек мүмкін.
Кіргеннен көз тартатын музейдегі гобелен кілем – суретші Шәміл Қожақановтың туындысы. Мұражайдың ашылуына арнайы дайындалған кілемде өрнекті матамен Яркенд, Қашғар, Құлжа, Алтынемел, Қапал, Верный, Аягөз, Семей қалаларымен Шоқанның жүріп өткен жолдары бейнеленіп тігілген. Музей мамандарының айтуынша, кілемге 250 кг қой жүні жұмсалған. Гобеленнің ұзындығы 10 метр, көлденеңі 6 метр.
Музейде «Чокану Валиханову» деген жазуы мен «1858» деген жыл белгісі бар Шоқанның тапаншасы тұр. «Шоқан Уәлихановтың патшалық Ресей үшін табысты атқарған ісінің бірі – Қашқария сапары. Аса маңызды әрі күрделі міндетті атқарушы адам ретінде Шоқанға өзін қорғау үшін арнайы осы тапанша берілген көрінеді.
«Бұл жәдігерді 1958 жылы қазіргі Алматыдағы Мемлекеттік орталық музейі Геннадий Василевич Попов деген азаматтан 100 рубльге сатып алыпты. Г.В.Поповқа қаруды 1936 жылы Оспан есімді қазақ танысы сыйға тартқан екен. Бұл жәдігер бізге Алматыдағы Мемлекеттік Орталық музейден Ш.Уәлихановтың туғанына 150 жыл толуына орай, осы музей ашылғанда қорымызға табыс етілген», дейді М.Рахатова.
Шоқанның өмірі мен шығармашылығын кеңінен насихаттап, жәдігерлерді жан-жақты таныстыру мақсатында музей көшпелі көрме ұйымдастырып тұрады. Мәселен, осындай жылжымалы көрме Алматы қаласындағы Орталық музейде, Ықылас атындағы аспаптар музейінде, Астана қаласындағы Қазақстан Қарулы күштерінің әскери-тарихи мұражайында, Талдықорған қаласындағы Мұхамеджан Тынышбайұлы музейінде және ғалымның туған жері Көкшетауда да бірнеше рет ұйымдастырылды.
Музейге 2013 жылы күрделі жөндеу, 2019 жылы ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қазір музей жанындағы бірнеше жыл қараусыз бос тұрған ғимарат өткен жылдан бері мәдени-ғылыми орталық ретінде қайта жаңғыртудан өткізіліп жатыр. Болашақта бұл нысан осы музейге қарасты ғылыми конференциялар, түрлі мазмұнды басқосулар өтетін рухани орда болады деп күтілуде. Шоқанның сол маңдағы жерленген орнына апаратын жолды 283 млн теңгеге жаңғырту жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттары бекітілді.
«Келешекте музей экспозициясын заман талабына сай дамытуды қолға алуды жоспарлап отырмыз. Ол дегеніміз – музей экспозициясына сандық технологияларды енгізу, әрбір бөлімде ғалымның өмірі мен қызметіне қатысты мәліметтер енгізілген ақпараттық дүңгіршектер, аудиогид, Лед экран, музейдегі құнды экспонаттарға QR код орнаттыру мақсатында жұмыстарды қолға алмақпыз. Сонымен қатар, музейдің әлеуметтік желідегі парақшасын дамыту, музейдің жеке сайтын ашу жағын да қарастырып жатырмыз», дейді М.Рахатова.
Ауыл жастарын музей ісіне қызықтырып, жоғары оқуға жіберуді қолға алу керектігін алға тартқан журналистердің ұсынысына Шанханай ауылдық округінің әкімі Еркебұлан Дуанаев келер жылдан бастап мемориалды музейге күрделі жөндеу жұмыстары жасалатынын, соған байланысты қажетті мамандар алдыру мәселесі қолға алынатынын жеткізді.
Иә, дәуір мұңын айтып тауыса аласыз ба? Музейдегі әрбір зат данышпан ғалымды еске салады. Біз оған осы уақыттың жаңарымен қараймыз, шығармаларын осы кезеңнің мизамына салып өлшейміз, жәдігерлерін осы аяулы сәттердің алақанына салып бағамдаймыз. Бірақ қасиетіне бойлай аламыз ба? Сол ойландырады.
Жетісу облысы