Саясат • 02 Желтоқсан, 2022

Картография саласына серпін береді

290 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Жиын барысында депутаттар Жоғары аудиторлық палата мүшелерін тағайындау мәселесін қарады. 

Картография саласына серпін береді

Атап айтқанда, сенаторлар Рашит Ахметов, Нұрлан Нұржанов және Расул Рахимовті Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының мүшелері қызметіне тағайындауды қолдап, дауыс берді. Сенат Төрағасы өз сөзінде Мем­лекет басшысы консти­ту­ция­лық реформаларды іске асыру аясында жақында Жоғары ауди­торлық палатаның ережесін бекіт­кенін атап өтті.

Отырыс барысында депутаттар «Геодезия, картография және кеңістіктік деректер туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне геодезия, картография және кеңістіктік деректер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын қарады.

Бұл заңдарда кеңістіктік дерек­тердің ұлттық инфра­құрылымын құру және дамыту туралы нормалар бар. Аталған платформа деректердің цифрлық форматта қолжетімділігін қамтамасыз етуді және олардың тиімділігін арттыруды көздейді. Сондай-ақ заңдар оларды жаңартып отыруға және қолдауға бағытталған. Ол үшін заңдағы нормалар осы деректерді жаңарту жиілігін реттейді. Бұдан басқа, заңда жер қатынастары, сәулет, құрылыс, табиғатты пайдалану және қоршаған ортаны қорғау, геология, тұрғын үй-коммуналдық және ауыл шаруашылығы салаларында халыққа көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын жақсарту мәселелері қамтылған.

«Қолданыстағы «Геодезия және картография туралы» Қазақстан Республикасының заңы 2002 жылы қабылданғанын атап өту қажет. 20 жылдық кезеңде геодезия және картография саласында үлкен өзгерістер болды. Цифрлық технологиялар, спутниктік жабдықтар өндіріске енгізілді және кеңінен қолданылады, кеңістіктік дерек­тердің дәлдігіне, өлшеу тиімділігіне және қолжетімділігіне деген талаптар өсті. Осыған байланысты, заңды жаңа редакцияда және ілеспе заңды олқылықтар мен кол­ли­зияларды жою мақсатында қабыл­дау қажеттілігі туындады.

Геодезия және картография саласының жағдайы мемле­кеттегі кадастр мен жер-мүлік қаты­нас­тарының сапасына тікелей әсер етуі өте маңызды, демек, әрбір азаматтың мүддесін қозғайды. Халықтың көпшілігі геоде­зия ғылымымен таныс емес. Бірақ біздің айналамыздағы жағдай­лардың барлығы адам өмірі мен жалпы ел үшін оның маңызы туралы мысалдарға толы. Біз тұратын және жұмыс істейтін ғима­рат­тарды, жүретін жолдар мен к­ө­пірлерді жобалау және салу кезін­дегі қателіктерді жою, сондай-ақ ұшақ­тардың ұшуы мен қонуы кезіндегі кедергілерді анықтау және тағы басқалар геодезиялық өлшемдердің дәлдігіне байланыс­ты», деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.

Заң жобаларының негізгі міндеті – жоғары дәлдікті геоде­зиялық координаталар жүйесімен қамтамасыз ету. Соның негізінде елдің бірыңғай цифрлық кар­тографиялық негізін құру. ведомство басшысының айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстанда кеңес одағынан мұраға қалған, ескірген және дәлдігі, тиімділігі заманауи талаптарға сәйкес келмейтін 1942 жылғы мемлекеттік координаттар жүйесі бар.

«Қазақстанда бірыңғай мем­лекеттік координаттар жүйесінің ашық қолжетімді болмауы, шектеу белгісі бар деректерді пайда­лануға жол бермеу үшін субъек­тілердің өз кезегінде әртүрлі құпия белгісі жоқ және заңмен бекітілмеген координаттар жүйе­лерін қолдануына әкелді, мысалы, бір елді мекенде бірнеше координаттар жүйесі қолданылады. Нәтижесінде, әртүрлі жүйелерде, форматтарда және құрылымдарда құрылған кеңістіктік деректердің үлкен көлемі жинақталған. Бұл кеңістіктік ақпаратты пайдалану және салалық (ведомстволық), өңірлік ақпараттық жүйелер мен кадастрлардың деректерін интеграциялау процестерін қиындатады және кейде тікелей кедергі кел­ті­реді.

Бұдан басқа, координаттар жүйелерінің бытыраңқылығы оларды бір жүйеден екінші жүйеге қайта есептеу қажеттілігіне алып келеді, алайда қайта есептеу тәртібі де реттелмеген, бұл өз кезегінде жер қатынастары, сәулет, геология, жер қойнауын пайдалану және кеңіс­тіктік ақпаратты пайдаланатын басқа да салалардағы жұмыс жүргі­зу кезінде субъектілерден артық шығын талап етеді», деді Б.Мусин.

Осыған байланысты заң жобасында бір платформада бірыңғай форматта және бірыңғай талаптар бойынша кеңістіктік деректер жиналатын Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымы құрылмақ. Бұл инфрақұрылым елімізді цифрландыруда маңызды рөл атқаратын геодезия және картография саласы тарихындағы алғашқы ауқымды жоба саналмақ.

«Жаңа нормалар кеңістіктік деректер, геодезия және картография саласындағы қызметтің жетілдірілген тетіктерін енгізеді. Ұлттық кеңістіктік деректер инфра­құрылымын құру және қол­дану үшін құқықтық негіз қалып­тастырады. Бұл инфра­құры­лым тұтынушылардың электрондық деректерге қол­жетімді­лігін және оларды тиімді пайда­лануды қамтамасыз етеді. Алдағы уақытта толық және анық кеңістік­тік деректер мен геодезия және картография жүйелері ақпарат­ты жедел өңдеуге, экономика сала­ларында және мемлекеттік басқаруда ұтымды шешімдер қабыл­дауға оң әсерін тигізеді деп сенеміз», деді заң жобасы жөнінде пікір біл­дірген Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар отырыс кезінде сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.