билеген би шуақ шашып, кеш соңы әсем әнге ұласты
Қазақ жұртының би өнерінің тарихы да тереңнен тамыр тартады. Арыға бармай, беріден тізгін тартсақ, қазақтың даласындай шалқар шабыт иесі Шара ойыңа оралып, көз алдыңа келеді. Ал бүгінгі би өнерінің айтулы өкілі Шұғыла Сапарғалиқызы десек, артық айтқандық болмас.
Ұлттың бойында бар ұлы қасиетті сан құбылтып сахнаға шығарып, көргеннің көзайымына айналып жүрген биші өткен сәрсенбі күні «Қазағым барым сен үшін...» деген сеніммен елорда жұртшылығын тағы бір тамсандырды. Астанадағы «Қазақстан» концерт залында білезіктей өрілген биді әнмен астастырды. Бұрын буынсыз бишілігімен танылған Шұғыла бұл жолы таңдайына бал жаққандай әншілігімен де көзге түсіп, көңілге ұялады. Әсіресе, айдын-көлдің сәні, көрген адамның сезім отын шалқытатын «Аққу» биі құс төресінің бүкіл бітім-болмысын сахнадан көрсетті. Жиылған халық адамға тыраштанбайтын шын талантты Тәңірім берсе, өмірдің өзін де, ондағы тіршілік иелерінің болмысын да өнер тілінде көрсетуге болатынын түйсінді. Сол үшін оған ерекше құрмет көрсетті. Бимен адам бойындағы жұмбақты да беруге болатынын, тіпті, әр қимылымен ұғындырып отырды.
Айталық, «Патша құс», «Бөрте», өзге де дүниелер, бұған қоса, төрткүл дүниедегі жұрттардың тірлік-тынысын көрсететін туындылар есте қалды. Кештің ән мен би, сонымен қатар, оны толықтырып отыратын экрандағы көріністер әдемі әсерге бөледі. Опера әншілері Б.Бекенов, Д.Жолдыбаймен бірге Италия операларынан айтқан үзінділердегі Шұғыланың өзіндік мақамы оның тағы бір талантын танытқаны анық. Өзге жұрттардың, нақтылай түссек, қытай, түрік әндерін де нақышына келтіріп орындады. Оған қоса, өзі де ән жазатынын естіп, білдік.
Осы концертте жұрттың ерекше есінде қалған бір көрініс Шұғыладан тәлім-тәрбие алып жатқан үлбіреген жас шамалары 8-10 жас аралығындағы оқушы бишілердің талпынысы, ұстазына ұқсап бағуға тырысқан ұмтылыстары, қимылдары жарасып-ақ тұрды. Болашақ Шұғылалар осылар дегізді.
Өнер жұлдызы өткізген кештің тағы бір ерекшелігі, әр биді не әнді айтар тұста ол туралы сахна сыртында күміс қоңыраудай үндерінен ұлттық болмыс менмұндалап тұратын қазақтың айтулы дикторлары Сауық Жақанова мен Аманжан Серіковтің маржандай сөздерінің төгіліп тұруы да рухыңды көтеріп, сергітіп, серпілткені сөзсіз. Түйіп айтқанда, осы өнер кешін көре отырып, би өнерінің бүгінгі патшайымы Шұғыла десек, қателеспейтін секілдіміз. Себебі, о шеті мен бұ шеті атшаптырым концерт залының ішінде ине шаншар орынның болмауы солай деп түйін жасатты.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан».
Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ.