Аймақтар • 14 Желтоқсан, 2022

Көкшетау хан Кенені ұлықтады

478 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Таяуда облыс орталығында Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы, облыстық Науан хазірет мешіті, облыстық тарихи-өлкетану музейі жанындағы тарихшылар қауымдастығы бірлесіп, «Хан ордасы Көкшетау: Кенесары – ұлттық қаһарман» тақырыбында ғылыми конференция өткізді.

Көкшетау хан Кенені ұлықтады

Конференцияның басты мақсаты – Кенесары ханның қаһармандық тұлғасын ашу, ханға байланысты соң­ғы деректер хақында пікір алмасу. Бар ғұмырын ат жа­лында өткізген, Алаш жұр­тының тұтас­ты­ғын көк­се­ген Кенесары Қасым­ұлы 1802 жылы Көкше то­пы­ра­ғында дүниеге келген. Хан­ның қилы-қилы тағ­ды­ры жайында облыстық өл­кетану музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек ке­ңінен баяндап берді. Қазақ­стан мұсылмандары діни бас­қармасының Ақмола об­лы­сындағы өкілі Қуаныш қажы Жұма­байұлы құран оқып, дұғасын бас мүфти Нау­рызбай қажы Тағанұлы қайырды.

– Мұндай іс-шаралар қа­зіргі қоғамға оң әсерін тигі­зеді деп ойлаймыз, – деді бас мүфти, – кейінгі ұрпақ өткен­нің өнегесінен сабақ алуы керек. Ел қорғаған ерлердің есімдері халықтың жүрегінде, жадында болғаны жөн.

Конференция барысында жазушы-драматург Жа­бал Ерғалиев, тарих ғылым­дарының докторы Жамбыл Артықбаев, профессор Зиябек Қабылдинов Кенесары хан хақында толымды пі­кір­ле­рімен бөлісті. Ке­­­несары хан Ресей отаршыл­дығына қар­сы азаттық соғысын бастамас бұрын бірнеше мәр­те дип­ло­матиялық қадам жасаған. Орыс патшасына Орын­­­бор әскери губернаторына, шекаралық ко­миссияларға, сауда керуен басшыларына хат жолдап отырған. Алғашқы хаттары 1837 жылдың көк­темінде жазылыпты. Онда патша өкіметінің жаңа бе­кініс­тер жүйесін салудан бас тартуы, бұрынғы салынған бекіністерді бұзуы, орыс әс­керінің ішкерілей енуіне тоқтау салынуы қажет деген талап қойылған. Осы кон­­­ференцияның ұйымдас­ты­рылуына мұрындық болған тарихшы ғалым Аманбай Сейіт­қасымовтың «Кенесары ханның хаттарынан» тақы­рыбындағы баяндамасы тың деректерге толы болды.

– Осындай хаттардың бі­рінде ата-бабамыздың мұра ет­кен Есіл, Нұра, Ақтау, Ор­тау, Қарқаралы, Қазылық, Жар­қайың, Обаған, Тобыл, Құс­­мұрын, Орал, Торғайға дейін­гі жерлер патша тұсында бізден тартылып алынып, ол жерлерге бекіністер салынып, сонысымен тұрғындарды өте қиын жағдайға ұшыратуда. Бұл тек біздің болашағымыз үшін емес, бүгінгі өмір сүруімізге қауіпті деп көрсетілген, – дей­ді ғалым.

Бұл тұста отарлау сая­са­тының озбыр жүйесі Алаш да­ласына екпіндей еніп, ба­­ғын­дыру үрдісін бастап кетіп еді. Бейбіт келісімге қол жетпегеннен кейін ақ найзасын қолына алуына тура келді. Кон­ференция барысында хан­ның дана саясаткер, шебер әскери қолбасшы болғандығы да айтылды. Заманында жарты әлемді жаулап алған империя­дан сескенбей, қарсы шығуы асқан қайсарлық, баға жетпес батырлық. Болмысынан осындай баһадүрлік сезілетін Кенесарының ел қамын ойлап өксумен өткен өмірі жал­пақ жұртқа өнеге болса керек. Жиналған қауым ер мен елдің өткені өрілген, ел сөзі айтылған жиында танымын кеңейтіп, тағылым түйді. Не­гі­зінде, төл тарихын терең та­ни білген елдің болашағы зор. 

 

Көкшетау