Аталған байқау он төрт елден келген өнерпаздарды бір арнаға тоғыстырып, бекзат өнердің байрағын биікке әуелетті. Дүбірлі бәйгеде «Астана Операның» шашасына шаң жұқпаған жүйріктерімен бірге Қытай, Германия, Ресей, Әзербайжан, Беларусь, Армения, Өзбекстан және тағы басқа мемлекеттердің топжарған таланттары өнер көрсетіп, елорда тұрғындары мен қонақтарына тамаша тарту жасады.
Фестиваль шымылдығы ұлттық музыкамыздың классикасына айналған, көрнекті композитор Мұқан Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсымен ашылып, одан кейін Л.Минкустың «Дон Кихот», Дж.Пуччинидің «Турандот», П.Чайковскийдің «Аққу көлі» және «Евгений Онегин» атты спектакльдері ұсынылды. Сондай-ақ опера және балет өнерінің гала-бағдарламалары да мазмұнды іс-шараны одан әрі байыта түсті. Ал байқау шымылдығы А.Хачатурянның аңызға айналған «Спартак» балетімен жабылды. Барлық бірегей қойылымдағы басты партияларды елордалық театр әртістері мен шақырылған солистер кезектесіп сомдап, көрермендерді классикалық музыканың қайнарына қандырды.
Шындығында, бұл фестиваль – өнер бәйгесі ғана емес, опера және балет өнерпаздарының бір-бірімен жақын танысып, тәжірибе алмасуға кең мүмкіндік берді. Мәселен, Қытайда өмірге келіп, қазір Бавария мемлекеттік опера және балет театрының жетекші солисі болып жүрген Цзиньхао Чжан «Астана Операның» сахнасында аталған театрдың балет труппасымен бірге өнер көрсеткеніне риза екенін айтса, Әзербайжан мемлекеттік академиялық опера және балет театрының солисі Сабина Асадова біздің елімізге алғаш келгендегі әсерімен бөлісті. «Мен бұған дейін Қазақстанда болған емеспін. Енді жақын таныдым. Әсіресе қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрі ерекше ұнады. Сондай-ақ сәулеті келіскен «Астана Опера» театрының сахнасында өнер көрсеткеніме қуаныштымын. Фестивальге келгендегі сенімім ақталды. Қазақстандық әріптестеріме шығармашылық табыс тілеймін!» деп жүрекжарды тілегін жеткізді. Сонымен қатар Өзбекстандағы Әлішер Науаи атындағы мемлекеттік академиялық үлкен театрының солисі Джабраил Идрисов та елордалық театр мен онда қызмет істейтін өнерпаздарға жылы лебізін білдірді.
Қорыта айтқанда, «Астана Опера» театрында дүркіреп өткен «Жібек жолы» халықаралық фестивалі – Қазақстанның әлемдегі мәдени қатынастарға есігі айқара ашық екенін көрсетті.