Отырысты ашқан Мәжіліс төрағасының орынбасары Павел Казанцев Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасында байланыс пен интернетті дамыту мәселесіне ерекше мән берілгенін атап өтті. Сонымен қатар бағдарламада 5G байланыс сапасының ең жоғары стандартын енгізу және байланыс инфрақұрылымын жан-жақты дамыту бойынша ауқымды міндеттер қойылып отыр.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Б.Мусин елді мекендерді интернетпен қамтамасыз етудегі мемлекет тарапынан атқарылып жатқан шараға тоқталып, депутаттардың сауалдарына жауап берді.
Министрдің айтуынша, Қазақстанда 6 406 елді мекен бар. Оның 4 733-і кеңжолақты мобильді интернетке қосылса, тұрғын саны 260 мыңнан асатын 1673 ауыл мобильді интернетпен қамтамасыз етілмеген.
«Барлық елді мекеннің 34 пайызы ADSL технологиясымен, яғни мыс сыммен қосылған, сондай-ақ оптика жүйесімен 26 пайызы қамтамасыз етіліп отыр. Сонымен қатар тұрғын саны 260 мыңнан асатын 1673 ауыл кеңжолақты ұялы байланыс интернетпен қамтылмаған. Байланыс сапасын көтеру мақсатында жыл сайын «базалық станциялардың» санын көбейтіп жатырмыз. Бүгінде 43 мыңдай базалық станция орнаттық. Жыл сайын 4 мың жаңа станция іске қосылады.
Заңнамалық өзгеріс арқылы операторларды байланыс инфрақұрылымына инвестиция салуға ынталандыру тетіктері бекітілген. Атап айтқанда, әрбір байланыс технологиясы үшін ең төменгі сапа параметрі белгіленген. Нақты айтатын болсақ, 3G-ге секундына 1 Мбит, 4G-ге секундына 5 Мбит айқындалды. Бұл механизмге сәйкес бекітілген сапа көрсеткішін бірінші рет бұзғаны үшін айыппұл сомасы 100 айлық есептік көрсеткіштен 1000-ға көтерілді. Бұл талап қайта бұзылса, 200 АЕК-тен 15 мыңға дейін жетеді. Шынын айту керек, бұрын айыппұл мөлшері аз болған. Сол себепті операторларға, басты жауапкершілікті алмай, жай ғана айыппұл төлеп жүре беру ыңғайлы еді», деді Б.Мусин,
Сала басшысы «Қолжетімді интернет» жаңа ұлттық жобасы әзірленіп жатқанын жеткізді. Соның аясында елді мекендерді, автожолдарды кеңжолақты интернетпен қамтамасыз ету, олардың сапасын жақсарту бойынша бірқатар іс-шара көзделіп отыр. Жобаның мақсаты – интернетке 100 Мбит/с қосылатын телекоммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету.
«2027 жылы кеңжолақты интернеттің үй желілеріне қосылу деңгейі 100 пайызға, сондай-ақ республика бойынша 5G технологиясы 75 пайызға жетеді. Ал экономикада ішкі жалпы өнімдегі байланыс көрсеткіші 2 пайызды құрайды. Ұлттық жоба аясындағы басты іс-шараның бірі – оптиканы 3 мың елді мекенге жеткізу. Дүниежүзілік Банкпен бірлесіп интернет жеткізу үшін кіші және орта операторларды субсидиялау, яғни шығынын өтеу үшін арнайы грант береміз. Келесі қадам – республикалық және облыстық жолдардың бойында талшықты-оптиканы жүргізу.
Осы инфрақұрылым негізінде жол бойында кеңжолақты ұялы байланыс интернеті, яғни 4G қамтамасыз етіледі. 20 қалада 5G ұялы байланыс желісін енгізу және салу қолға алынады. Еліміздің операторларын 4G, 5G технологияларына инвестиция салуға ынталандыруға төлем ставкаларын нөлге түсіру бойынша іс-шара жүргізіледі. Осы орайда еліміздің аумағында 2027 жылға дейін 3,5 мыңнан астам базалық станция қойылады», деді Б.Мусин.
Сонымен қатар Бағдат Мусин байланыс сапасын жақсарту үшін әзірленіп жатқан заң нормаларына тоқталды. Атап айтқанда, барлық байланыс операторына көппәтерлі үйлердің инфрақұрылымына интернет желісін қамтамасыз ету мақсатымен телекоммуникациялық жабдықтарды орналастыру міндеттеледі. Тұрғын үйлерге бір емес, бірнеше оператордың қызметін қосу мүмкіндігі қарастырылып отыр. Ол үшін «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға түзетулер енгізіледі.
Сонымен бірге жаңа аудандарды салуды жоспарлау кезінде базалық станциялар мен байланыс тіректерін орнату үшін аумақты резервтеу талабы қойылады. Осыған байланысты «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңға түзетулер әзірленбек. Сапасыз байланыс үшін операторға жауапкершілік жүктелген кезде абоненттің шығынын өтеу тетігі қарастырылады. Яғни егер қызмет сапасы көңілден шықпаса, тұрғындарға төлеген ақшасын қайтарып алу құқығы берілмек.
Отырыста Палатаның Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Екатерина Смышляева талқыланып отырған тақырып бойынша қосымша баяндама жасады.
«Халыққа көрсетілетін мемлекеттік, білім, қаржылық және басқа да қызмет түрінің басым бөлігі электронды форматқа белсенді түрде көшіп жатыр. Бұл қызметтер қолжетімділікті, яғни жоғары сапалы байланысты қажет етеді. Мемлекеттік онлайн қызмет көрсетудің халықаралық индексінде Қазақстан 8-орында. Мобильді интернеттің орташа жылдамдығы бойынша біз әлемде 85-орындамыз (Гондурас пен Угандадан төмен), ал тіркелген кеңжолақты интернет бойынша 86-орындамыз (Непал, Эквадор, Гайанадан төмен). Бұл теңгерімсіздік біздің қоғам үшін цифрлық теңсіздік пен цифрлық инклюзия атты жаңа мәселе туындатады», деді Е. Смышляева.
Жиын барысында Мәжіліс депутаттарының сауалдарына құзырлы орган өкілдері де жауап берді. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау және елді мекендерді интернетпен қамтамасыз ету мәселелерін шешу бойынша біраз мәселе қозғалды.
Отырысты қорытындылай келе, вице-спикер Павел Казанцев депутаттық корпус елді мекендерді, әлеуметтік және өнеркәсіптік нысандарды байланыспен және интернетпен қамтамасыз ету үшін бар күшін салатынын айтты.