«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жөнінде Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният баяндама жасады.
«Заң жобасын дайындау барысында министрлік медицина қызметкерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандырудың дүние жүзіндегі үлгілеріне талдау жүргізді. Халықаралық тәжірибеде медицина қызметкерін қорғау үшін қорлар мен қауымдастықтар (Швеция, Канада, Дания) құру арқылы, сондай-ақ жеке нарық (АҚШ, Германия, Жапония, Түркия) арқылы кәсіптік жауапкершілікті міндетті сақтандыру жүйесі қолданылады. Өзінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру міндеті медицина қызметкеріне немесе денсаулық сақтау ұйымдарына жүктелген», деді А.Ғиният.
Сала басшысының айтуынша, медицина қызметкерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыруда халықаралық тәжірибе мен Қазақстан қоғамының дамуы ескерілген. Осылайша сақтандырудың оңтайлы тетігі ретінде бейімделген нарықтық моделі ұсынылып отыр.
«Қазір медициналық ұйымдарда пациентті қолдау қызметін ашып жатырмыз. Осы модельге сәйкес пациентті қолдау қызметі шағымды қарауды арнайы комиссия сарапшылары мен мүдделі тараптарды тарта отырып, медиация элементтерін қолданып жүзеге асырады. Бұл кезеңде мәселе медициналық ұйымның өзінде де реттелуі мүмкін.
Пациент қызметтің немесе комиссияның шешімімен келіспеген жағдайда шағым сараптамалық қорытынды берілуі үшін Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінде қаралады. Дәлелденген жағдайда шағымға қатысты материал, оның ішінде сот-медициналық сараптама қорытындысы медициналық ұйым сақтандырылған сақтандыру компаниясына беріледі», деді А.Ғиният.
Министрдің сөзіне сүйенсек, пациентке келтірілген зиян үшін өтемақы төлеуді сақтандыру компаниясы жүргізеді. Төлемнен бас тартқан және қанағаттанбаған жағдайда пациент сотқа жүгінуге құқылы. Сақтандыру жарнасының мөлшері қауіп дәрежесіне қарай бекітілген актуарлық есептеудің негізінде медицина қызметкерінің жауапкершілік дәрежесі ескеріле отырып айқындалады.
Бұдан бөлек, Денсаулық сақтау министрі медицина қызметкерін қорғау бойынша да баяндады. Мәселен, заң жобасы шеңберінде медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсіби міндетін тиісінше орындамағаны үшін қылмыстық құқық бұзушылықтарды ізгілендіру көзделген. Сондай-ақ Қылмыстық кодекс 317-бабының санкциялық шараларын төмендету бойынша нормалар ұсынылған.
«2018-2020 жылдары жеке және заңды тұлғалардан 14 123 арыз келіп түсті. Соның ішінде Қылмыстық кодекстің 317-бабы бойынша медицина қызметкеріне қатысты кәсіби міндетін тиісінше орындамағаны үшін жыл сайын 300-ге жуық іс қозғалады. Соның бір бөлігі өліммен аяқталу қаупі бар хирургиялық бейіндегі маманға қатысты.
Заң жобасында айыппұл мөлшерін және денсаулығына абайсызда орташа және ауыр зиян келтіргені үшін қамауға алу мерзімін азайту, пациент денсаулығына ауыр зиян келгенде немесе қайтыс болғанда «бас бостандығынан айыру» жазасының мерзімдерін қайта қарай отырып, «бас бостандығын шектеуге» ауыстыру ұсынылады. Бұдан бұрын Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қоғамдастықтың пікірін ескере отырып, жазаны ізгілендіруге бірнеше рет әрекет жасаған болатын.
Сондай-ақ заң жобасы медицина қызметкерінің мәртебесін көтеруге, оларды әлеуметтік қолдауға, құрметті атақ беруге бағытталған. Заң жобасының шеңберінде жылына бір рет 1000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы төлем арқылы 3 атақ «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері», сондай-ақ 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төлем арқылы 17 жеңімпазға республикалық байқаудың «Мамандығы бойынша үздік» мемлекеттік және салалық наградалары ұсынылады», деді А.Ғиният.
Бұдан бөлек депутаттар ЕАЭО шеңберінде медициналық мақсаттағы бұйымдар айналымының бірыңғай қағидаттары мен ережелері туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы екі ратификациялық заң жобасын мақұлдады.
Жалпы, отырыста депутаттар бастамашы болған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселесіне қатысты түзетулер қаралды. Жоба бойынша Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Екатерина Смышляева баяндама жасады. Ол заң жобасының мақсаты үйлерді басқарудың жаңа нысандарының жұмысын жақсарту екенін атап өтті.
«Заң жобасында жергілікті атқарушы органдарға қосымша құзырет, оның ішінде кондоминиум объектілерін тіркеу құқығын беру ұсынылады. 16 пәтерге дейінгі шағын үйлер үшін басқарудың үшінші формасы – тікелей бірлескен басқару қарастырылған. Құрылыс салушыларға жекеменшікке тіркелмеген пәтерлерді, тұрғын емес үй-жайларды, автотұрақтарды, қоймаларды сатуға рұқсат етілмейді, осылайша олар үйді жалға алған кезде кондоминиум объектілері мен ортақ үй мүлкін өз бетінше иелене алмайды. Меншік иелерінен берешекті өндіріп алу туралы атқарушылық жазбаны рәсімдеу енді олардың жылжымайтын мүлкінің орналасқан жері бойынша жүзеге асырылады», деді Екатерина Смышляева.
Сонымен қатар депутаттар еңбек дауы мен жанжалды шешу тәртібін жеңілдетуге қатысты түзетулерді екінші оқылымда қарады. Жұмыс тобының жетекшісі, депутат Жанат Омарбекованың айтуынша, заң жобасының негізгі мақсаты – еңбек дауын реттеу және келіссөз үдерістерін ұйымдастыру саласындағы заңнаманы жетілдіру. Сондай-ақ келісім комиссиялары, еңбек арбитраждары институты және кәсіподақтың рөлі күшейтіледі. Талқылау нәтижесінде депутаттар екі заң жобасын да мақұлдап, Сенаттың қарауына жіберді.
Жалпы отырыста депутаттар азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы заң жобасын және оған ілеспе түзетулерімен екінші оқылымда мақұлдады. Аталған заң жобасы бойынша баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Дания Еспаева құжаттың азаматтардың төлем қабілетсіздігіне байланысты мәселелерді шешуге бағытталғанын атап өтті.
Жиында депутаттар Парламент Мәжілісінің регламентіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселені қарады. Негізгі ұсыныстар ағымдағы жылы жүргізілген конституциялық реформаны жүзеге асыруға, сондай-ақ Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыруға бағытталған ағымдағы жылдың қараша айында қабылданған конституциялық заңдарға бағытталған.
Мәжіліс сондай-ақ Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы шекара өкілдерінің қызмет учаскелері туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасын жұмысқа қабылдады.
Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауал жолдады.