Әсіресе мамыражай тіршілік кешіп, жағасы жайлауда, малы қойнауда еркін отырған елге ақ патшаның 1916 жылғы 25 маусымдағы армияның қара жұмысына Түркістан өлкесі мен ішінара Сібірдің 19-дан 43 жасқа дейінгі ер-азаматтарын шақыру жөніндегі жарлығы төтеден соққан дауылдай тиді. Мұны естіген қарапайым жұрт бірден абдырап қалды. Бұған дейін патшаның пәрменімен қазақтың шұрайлы жерлерін келімсектер тартып алып, одан қалды, алым-салықты көбейтіп, кенедей сорып келсе де халқымыз соған төзіп бақты. Енді бұған шыдау мүмкін емес еді. Бір жағынан, бұл жарлық – ұзақ жылдан бері қазақтың кеудесінде беріш болып қалған жараның аузын ашып жібергендей болды. Жер-жерде елім деген азаматтар қолдарына қару алып, атқа қонды.
Патша жарлығына барлық аймақтағы қазақтар «жат елде өлгенше, өз жеріміздің топырағын жастанып жатайық» деп қарсылық көрсетті. Сондай оқиға өткен жердің бірі – Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсан өңірі.
Қарымды қаламгер жаңа романында 1916 жылдан бастап, ғасырдың белортасына дейін патшаның, одан кейін кеңестік кезеңнің жүргізген зұлым саясаты салдарынан халқымыздың басынан өткен тауқыметті шығарманың негізгі өзегіне айналдырған. Сондай-ақ елдің басынан өткен сол оқиғалар негізінде өмірде болған Әлібай мергеннің ауыр да ерлікке толы тағдырын алдыңызға тартады. Сүйекті шығарма үш салаға бөлінген, әр саланың көтерген жүгі ауыр. Мәселен, алғашқы бөлімде 1916 жылғы оқиғаның қалай басталғаны нанымды бейнеленген. Сап-сары киімді, алтын зерлі пагонды, бес қаруын асынған ояз басшысы, жұрт «Серке Күпін» атандырған Сергей Кубицкий кеңсесінің алдына жиналған қарақұрым халықтың арасынан Абзалы Тонкин есімді зиялы азамат суырылып шығып, ояз басшысына елдің сөзін батырып айтады.
«– Жоғары мәртебелі, Сергей Михайлович! – деді. – Біз Ресейге бағынышты жұрт саналатынымыз рас. Алайда мысықтабандап жүріп, шұрайлы қонысымызды, суатты өрісімізді алып жатырсыңдар. Ақырын күтіп оған да көндік. Енді келіп, жастарымызды, ұрпағымызды отқа салып, оққа байламақсыңдар. Қатын патша Екатеринаның бұзау терісіне жазып: «Қазақ мал боданы, шөп боданысың. Ал дініңнің, салтыңның боданы емессің. Солдатқа балаң алынбайды» деп берген серті қайда?! Ең момын жануар қой екеш қой да өлерінде тұяқ серпетін. Жаманнан жуан шығып, серпіген тұяғымыздың жазымына ұшырап жүрмеңдер. Ажал аузына балаларымызды жібергенше өзіміз-ақ құрбан болармыз», дейді. Оның сөзін Әлібай мерген де қоштап, енді бұған көне алмайтынын ашық айтады. Осыны байқаған ояз басшысы жандайшаптарына қарсы шыққандарды тізімге алып, олардың көзін біртіндеп жоюды тапсырады. Қысқасы, ояз басшысының залым пиғылын жұртшылық айтпай-ақ сезді. Жиын тарқасымен әр рудың жақсылары жасырын жиналып, ақылдаса келе көрші Қытай жеріне өтуге уәде байласады.
Шығармада қиын-қыстау кезеңде ағайынға бас болып, жол көрсеткен Тұрғанбай би, Кәдірбай би, Сақари, Сүлеймен, Қазақбай қажы, Күркебай батыр мен Әлібай мерген секілді тұлғалардың болмысынан қара басынан гөрі, елдің намысын биік қойған тектілігі шынайы сомдалған. Сонау ғасырлардан түрлі зобалаңды көрген халқымыздың жер бетінен жоғалмай, жұрт болып қалғаны – осындай азаматтардың арқасы екенін түйсінесіз. Күркебай батыр мен Әлібай мергеннің шекарадан өтердегі орыс шекарашыларымен қақтығысы, әсіресе Әлібайдың атқан оғы мүлт кетпейтін мергендігіне тәнті боласыз. Сондай-ақ кейбіреулердің өз халқына жасаған сатқындығы да ойландырады. Ал туындының өн бойына сезім сәулесін түсірген Берікбол мен Кербездің адал махаббатының беріктігі – жастарға үлгі боларлық.
Романның екінші саласы 1918-1929 жылдардағы оқиғаларды қамтыса, үшінші саласында 1930-1947 жылдардағы кезеңдер суреттелген. Бұл жылдары да Әлібай мерген мен оның замандастары көрген қиянатқа жаныңыз шырқырайды. «Адамның басы – Алланың добы» деп бұрынғылар бекер айтпаған. Тағдырдың толқынымен екі елдің ортасында өмірі өткен мергенге топырақтың туған жерінен емес, жат жерден бұйырғаны да өзекті өртейді. Сонымен қатар романдағы этнографиялық құнды деректер, оралымды ойлар мен оқиғалар, қазір қолданыстан ұмытыла бастаған қанатты тіркестер мен мақал-мәтелдер оқырманды жетелеп отырады.