Спорт • 01 Қаңтар, 2023

Жеңіс пен жеңіліс жылнамасы

283 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Тарих қойнауына еніп бара жатқан Барыс жылы да әдеттегідей спорттық сайыстарға толы болды. Жылдың басынан аяғына дейін қазақстандық спортшылар бірқатар маңызы зор кешенді жарыстарға, жекелеген спорт түрлерінен өткен әлемдік және құрлықтық деңгейдегі додаларға және басқа да халықаралық турнирлерге қатысты. Сол саңлақтарымыздың жарқын жеңісіне құшырлана қол соғып, қуаныш пен шаттыққа бөленген кездеріміз көп болды. Дей тұрғанмен, «әттеген-ай» деген кездеріміз де аз болған жоқ.

Жеңіс пен жеңіліс жылнамасы

Биылғы жылдың басты жа­рысы – Бейжіңде алауы тұтан­ған Қысқы Олимпиада мен Пара­лимпиялық ойындар екені дау­сыз. Өкінішке қарай, Қытай жерінде ұйымдастырылған ақ қар, көк мұз үстіндегі додада жерлестеріміз жоқ дегенде кейінгі екі Олимпиададағы жетістігімізді қайталай алмай (2014 жылы Сочиде Денис Тен және 2018 жылы Пхенчханда Юлия Галы­шева қола жүлде олжалаған болатын), елге абыройсыз оралды. Әлемнің 91 мемлекетінен келген 3 мыңға тарта спортшының қатысуымен өткен байрақты бəсекеде Қазақ­станның 34 спортшысы бақ сынаған еді.

Есесіне, дәл сол Бейжіңде өт­кен Паралимпиадада Александр Герлиц Қазақстан құрамасының қоржынына қола медаль салды. Дүние жүзінің 46 мемлекетінен 600-ге жуық пара спортшы қатысқан байрақты бәсекеде парабиатлоннан 10 шақырымға жарыста отандасымыздың жұлдызы жанып, мәре сызығын 34:51.1 уақыт көрсеткішімен үшінші болып кесті.

2022 жылы командалық спорт­та да отандастарымыз ауыз толтырып айтарлықтай мол табысқа қол жеткізді. Атап айтар бол­сақ, бұған дейін жеңілістен көз ашпай, жанкүйерлерді үне­мі жерге қаратып жүретін футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы осыдан бірер жыл бұрын тұсауы кесілген су жаңа турнир – Ұлттар лигасының биылғы бәсекесінде атой салып, барша футбол жанкүйерін қуант­ты. Аталған турнирдің С лигасында өнер көрсеткен жер­лестеріміз Еуропаның алдың­ғы қатарлы құрамасы – Словакияны екі матчта да сан соқтырып, Беларусь, Әзербайжан секілді орта деңгейдегі құра­малардан ұпай алып, келесі жылы В лигасында ойнайтын болды. Бұл сында Қазақстан футболшыларын Швеция, Аустрия, Чехия, Англия, Уэльс секілді Еуропаның азулы құрамалары күтіп тұр.

14 жасқа дейінгі жасөс­пірім­дер құрамасы ел тарихында алғаш рет әлемдік дода­ға қатысып, үздік төрт құра­маның қатарына ілікті. Жас теннис­шілеріміз топтық бәсекеде әлем чемпиондары – Италия жастарын жолдан тайдырса, қола жүлде үшін матчта әлемнің екі мәрте экс-чемпионы АҚШ құрамасына жол берді. Ал Елена Рыбакина Қазақстан теннисшілері арасында алғаш болып «Үлкен дулыға» турнирін жеңіп алды.

Биыл Қазақстанда алғаш рет ATP 500 сериясының турнирі ұйымдастырылғанын айта кету керек. Бұл жарыста «Үлкен дулыға» турнирінің 21 дүркін чемпионы, әлемнің 7-ракеткасы Новак Джокович жеңімпаз атанды.

Жекелеген спорт түрлеріне келер болсақ, Моңғолияның ас­та­насы – Ұлан-Батырда өткен күрес түрлерінен Азия бірін­шілігінде Қазақстанның балуандары 21 жүлдеге қол жеткізді. Азамат Дәулетбеков (86 кг), Мейір­жан Шермаханбет (67 кг), Әлімхан Сыздықов (130 кг) және әйелдер күресінен Мәди­на Бақбергенова (68 кг) мен Жәмила Бақбергенованың (72 кг) бақ жұлдызы жанып, алтыннан алқа тақты. Мәдина финалда Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, 2021 жылғы әлем чемпионы қырғызстандық Мээ­рим Жуманазарованы сан соқтыр­ғанын ерекше атап өткен жөн.

Жеңіл атлетикадан өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының қоржынына тарихи алтын жүлде түсті. АҚШ-­тың Юджин қаласында ұйым­дастырылған әлемдік жарыста Қазақстандағы Altay Athletics клубының спортшысы тегі ке­ниялық Нора Джеруто 3000 метр­ге кедергілер арқылы жүгіруден алдына жан салған жоқ. 8:53.02 уақыт көрсеткішімен ол 2022 жылдың үздік нәтижесін тіркеп, Қазақстанның әлем чемпионаты тарихындағы алғашқы алтынын алып берді.

Биыл бокстан əлем чемпионаты өтпесе де, былғары қолғап шеберлері Азия чемпионатында ерлік жасады. 2019 жылдан бері ерлер мен әйелдердің Сары құрлық бәсекесі бірге өткізіліп келеді. Иорданияның Амман қаласында өткен боксшылардың бәсекесінде жерлестеріміз 21 жүлде (6 алтын, 7  күміс, 8 қола) жеңіп алды. Оның  12-сі (3 ал­тын,  6 күміс, 3 қола) ерлерге, 9-ы (3 алтын, 1 күміс, 5 қола) қыз­дар құрамасына тиесілі. Ерлер­ден Санжар Тәшкенбай (48 кг), Асланбек Шымбергенов (71 кг) және Айбек Оралбай (92 кг) Амман­да әнұранымызды шыр­қатса, қыздардан Алуа Бал­қы­беко­ва (48 кг), Жайна Ше­кер­­беко­ва (54 кг), Карина Ибраги­мова (57 кг) Азия чемпионы атанды.

Десек те, биыл «əттеген-ай» деген кездеріміз де аз болған жоқ. Мəселен, жоғарыда айтып өткендей, Бейжіңдегі Қысқы Олимпиададан жерлестеріміздің жүлдесіз қалуы жанкүйерлердің көңіліне кəдімгідей селкеу түсір­ді. Сонымен қатар білекті балуан­дарымыз бен татами үстінде тайталасқа түскен дзюдошыларымыз жанкүйерлердің алтынның сыңғырын естісек деген арман-тілегін орындай алмады. Ташкент татамиінде жерлестерімізге небәрі екі-ақ жүлде бұйырды. Әйелдер арасындағы бәсекенің аса жеңіл салмағында белдескен Әбиба Әбужақынова қола жүлде олжалап, қазақ қыздары арасында әлем чемпионатында жүлде алған бірінші балуан атанды. Ал ерлер арасында 60 килода татамиге шыққан Елдос Сметов екінші рет әлем чемпионатының қола медалін кеудесінде жарқыратты.

Белградтағы (Сербия) күрес түрлерінен әлем біріншілігінде еркін күрестен Азамат Дәулет­беков (86 кг) пен грек-римнен Айдос Сұлтанғали (60 кг) қола­ға қол жеткізсе, әйелдер күресі­нен Жәмила Бақбергенова (72 кг) алтын жүлдеге сынық сүйем қалғанда сүрініп, күміс жүлдені қанағат тұтты. Финалда ол жастар арасындағы әлем чемпионатының екі дүркін жеңімпазы 18 жастағы америкалық Эло Амиттан жеңіліп қалды.