Әдебиет • 06 Қаңтар, 2023

Бір үзік сыр

424 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Біз көбінесе шығарманың мазмұнын, шынайылығын, ерек­шелігін айтамыз да, ал оның жазылу тарихына онша мән бермейміз. Алайда кез келген туындының өмірге келуіне де бір себеп болады. Осы ретте «пейзаждың Бейімбеті» атанған суретші Жайық Күшікбаевтың «Шомылу» атты картинасының көркемдігі ғана емес, тарихы да бөлек екенін түсінесіз. Бұл жұмыста 4-5 жастағы баланың суға шомылып жатқандағы жылап тұрған сәті бейнеленген. Осы көрініс арқылы автор тереңнен шым-шымдап ой тартып, «адам өмірге жылап келіп, жылап кетеді» деген халық философиясын астармен жеткізген.

Бір үзік сыр

«Бұл сурет 1994 жылы салын­ды. Ол кезде Мәскеудегі С.А.Герасимов атындағы Бүкіл­ресей­лік мемлекеттік кинема­то­графия институтының көр­кемөнер факультетінің 4-курсында оқимын», деп бастады сөзін қылқалам шебері.

«Біздің тобымызды бір семестр сабақтан босатып, шы­ғармашылықпен айналысуға жі­берді. Мақсат – бір объек­тіні алып, соның образын бей­нелеуіміз қажет. Содан жан-жақ­ты іздене бастадық. Мәселен, бір курстасым Балалар үйін, енді біреуі «Мәскеу» метросын, үшіншісі «Қазан» вокзалын салуды қолға алды. Ал мен ұзақ ойланып жүрдім. Курстастарым секілді бір ғимаратты алып, ой­дағыдай салып шығуыма бо­латын еді. Бірақ оны жаным қаламады. Жалпы мені табиғат көріністерімен бірге қарапайым адамдардың болмысы, жан-дүниесі қатты қы­зықтыратын. Мүмкіндігімше, солардың бейнесін ақ параққа түсіргенді жақсы көрдім. Әсі­ресе моншадағы адамдар туралы салам деген ұсынысыма ұстаздарым қарсы болмады.

Мәскеудің бір орамында көп адамның аяғы жете қоймайтын ескі монша бар еді. Өзім соған жиі барамын. Өйткені оған келген адамдар бір-бірімен сол кездегі қоғам, өмір туралы рия­сыз әңгімелеседі. Кейде со­лардың әңгімесінен өзім де шабыт аламын. Бір жағынан, осы суретті салуыма сондағы өзім кө­зіммен көрген көрініс түрткі болды. Бірде моншаға әкесі 4-5 жастағы ұлын ертіп келді. Өзі тойған қозыдай сүйкімді бала. Адамдарға жасқанып қарайды. Шомылуға да батылы бармай жүрді. Бір кезде әкесі үстінен бір шылапшын су құйып жіберіп еді, моншаны басына көтеріп, ал кеп жыласын. Әсіресе баланың өксігін баса алмай ұзақ жылағаны маған қатты әсер етті. Адам туа­ды өседі, өнеді, қартаяды, ақыры, бір күні мәңгілікке сапар шегеді. Бұл – табиғаттың заңы. Кейде өзіміз де өмірді шексіз кө­реміз. Ал шын мәнінде...олай емес екені анық қой. Мен соны кішкентай баланың жылап тұрған бейнесі арқылы астарлап айтқым келді. Оны біреу түсінді, біреу түсінбеді...Өзім ойымды жеткізе алдым деп са­наймын. Суреттің алғашқы нұсқасында шашыраған суды да келтіргем. Бірақ оның артық екенін байқадым. Өйткені ұстаздарымыз әрбір туынды біртұтас күйінде болуы керек деп айтатын. Соны нысанаға ұстадым. Бұл картина сол кезде өзіме ұнаған жоқ. Сондықтан ешқайда жариялаған жоқпын. Кейін оқу бітіріп, елге оралдым. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында сабақ бердім. Бір күні Алматыда жеке көрмем өтетін болды, сонда алғаш ұсындым. Келушілерге ұнады. Кейбір әріптестерім де жылы пікірлерін айтты», дейді автор.

Жайық Күшікбаев – қолтаң­басы қалыптасқан суретші. Әсі­ресе белгілі өнертанушы ға­­лым О.Батурина оны күйкі тір­ліктен жоғары тұрған, кең өрісті, пано­рамалы пейзаждың ше­бері деп атаған. Сонымен бір­ге оның натюрморт, портрет жанрын­да салған туынды­лары да көр­кем­дігімен, сыр­шыл­дығымен айшықты бейнеленген. Ал біз әңгімелеген картина өмір философиясынан ой шерткен бір үзік сыр секілді.