Әдебиет • 06 Қаңтар, 2023

«Қалқаман-Мамыр»: сирек жанрдағы премьера

623 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шәкәрім – өткен ғасырдағы ең құпия, ең тылсым есім. Ұлтын ағарту жолында адамдық борыш үшін күрескен қайрат­кер тұлғаның поэмалары ойлы оқырманның алтын қазына­сына айналды. «Астана Опера» театрында ақын Шәкәрім Құдай­бердіұлының поэмасы желісі бойынша жазылған «Қалқаман – Мамыр» ұлттық опера-балетінің премьерасы өтті. Композитор Балнұр Қыдырбектің музыкасымен әрлен­ген қойылым 28-29 желтоқсанда көрерменге жол тартты. «Қал­қаман-Мамыр» опера-балетінің қоюшы дирижері – Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдин болса, қоюшы режиссер – Қазақстан Мемлекеттік сыйлы­ғының лауреаты, Ресейдің Халық әртісі Юрий Александров.

«Қалқаман-Мамыр»: сирек жанрдағы премьера

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

– Мен опера спектакльдерінің түрлі вариацияларын қойдым, алайда опера-балетті ешқашан қойып көрмеппін. Бұлар үне­мі маған өнердің мүлде үйлес­пейтін түрлері секілді көрі­нетін. Интермедия түрінде опе­радағы балеттік нөмір – бұл қалыпты құбылыс, бірақ балет шығарманың драматургия­сына енгізілгенде жағдай бас­қаша болады... Бұл тапсырманы орындау мүмкін емес­тей көрінді. Дегенмен жұмыс ба­рысында менің ойыма шынайы өмірдегі Қалқаман мен Ма­мырдың қасында олардың жан­дары жүрсе қалай болар еді деген идея келді. Бұл тылсым жаратылыстар өздеріне ба­леттік жүктемені алып, осылай­ша шынайы әлемді рухани әлеммен байланыстырғандай болады. Кез келген музыкалық спектакльдің мақсаты осы болып табылады, яғни шынайы әлем бейнеленетін өзгеше ғалам жасауды көздейді. Егер ол қолынан келсе, әртістерге өнерін көрсетуге қызықты және көрер­мендердің назарын ұстап тұра алатын жаңа сахна кеңістігі пай­да болады, – деді Юрий Алек­сандров.

Қойылымның қоюшы хорео­графы көпке белгілі Надежда Калинина баспасөз жиынында жұмыс барысының қалтарыс-бұлтарысы жөнінде айтып өтті. Хордың әдемі дыбысталуына бас хормейстер, Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткері Ер­жан Дәуітов ықпал етті. Ал сце­­­нограф және костюмдер бо­йынша суретші ретінде ұзақ жыл шығармашылық үйле­сімділікте жұмыс істеп келе жат­қан Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткерлері Софья Тасма­ғамбетова мен Павел Драгунов тер төкті. Жарық бойынша су­ретші – Сергей Шевченко, ал бей­непроекциялар бойынша су­ретші – Павел Суворов.

«Астана опера» театрын­да өткен қойылымның премьерасына көрермен тұс-тұстан ағылды. Зал лық толып, театрдың үш қабатынан сам­саған халық қойы­лымды жо­ғары қошеметпен қарсы ал­ды. Сахнадағы Қал­қаман мен Мамыр, Әнет баба көрінісі шынайы бейнеленген. Сахна көрінісі қазақтың алуан таби­ғатымен безендіріліп, қос ғашық­тың махаббат хикаясы шебер үйлестірілген.

Композитор Балнұр Қыдыр­бек қойылым жөнінде айта келе, тарих қойнауына көз жүгіртті.

– Мен бұл шығармаға бірінші келген кезде қазақ әдебиетінде Шәкәрім деген есім жоқ болатын. Ақын репрессияға ұшы­рап, есімі жабық күйінде сақ­талды. Оның шығармалары жө­нінде ешкім ауыз ашпайтын. «Қал­қаман Мамыр» қойылымы жайлы идея шыққан кезде Кәукен Кенжетаев ойыма оралды. Кәукен аға поэманы жатқа оқитын. Сонау отызыншы жылдары, жас кезінде оқып жаттап алған екен. Ал қойылымды сахнаға шығарарда қиялымыздан қосқан тұстарымыз да бар, бірақ барынша түпнұсқаны сақтауға тырыстық, – деді композитор.

Болашақта «Қалқаман Ма­мыр» секілді сирек жанрдағы премьер­лар көрерменге жол тарт­са, көреременнің кеудесін құн­дылыққа толтырары сөзсіз.