Экономика • 10 Қаңтар, 2023

ЖЭО: жекеменшік пен монополиясыздандыру арасы

358 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, 10 мемлекеттік және 5 квазимемлекеттік жылу электр орталықтары мемлекеттің меншігінде. Қалған 22 ЖЭО жекенің меншігіне өтіп кеткен.

ЖЭО: жекеменшік пен монополиясыздандыру арасы

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

ЖЭО жекеменшікке өтуі халыққа жайсыздау тиді

Өткен жылдың соңында Үкімет тап­сы­рысымен салаға талдау жүргізген Азия даму банкі сарапшылары отан­дық жылу жүйесінің «депрессивті жағ­дайға» жеткенін айтты. Өндірістен тұты­нуға дейінгі аралықтағы барлық инже­нерлік құрылғы мен жабдықтар көнер­ген, жүйенің пайдалы әрекет коэффи­циенті өте төмен. Энергетика минис­трлігінің Электр энергетикасын да­мыту департаменті ұсынған ресми деректе ЖЭО-лардың негізгі жабдық­тарының тозуы орта есеппен 55,42 па­йызға жеткені айтылды. Ал жылу трас­саларының тозуы 59 пайыздан асқан.

Жуырда Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов «Жылу энергетикасы туралы» заң қабылданатынын хабарлады. Оның айтуынша, 2023 жылдың І тоқсанында еліміздің барлық ЖЭО аудиті аяқталады. Бұл проблемаларды және оның қазіргі техникалық жай-күйін анықтайды. Демек жекеменшікке өтіп кеткен 22 ЖЭО тағдыры, оның иелерінің жауапкершілігі де осы заң шеңберінде анықталады.

Тәуелсіз сарапшы Жарас Ахметов­тің айтуынша, жылу электр орталық­тары­ның, магистральді құбырлар­дың тозу дә­ре­жесін анықтайтын скринг­­тік жү­йе бізде де бар. Бірақ осы сала ма­ман­дарының жанай­қа­йын қо­жайын­дары құлаққа ілмеді. Тарифтердің инвести­циялық бөліктерінің қайда кеткені туралы деректер жұмбақ. Бұл жерде сенім­сіздік синдромының бәсі басым. Елі­мізде энергетика саласына салынған күр­делі салымдардың өтелу мерзімі – 25 жыл. Инвесторлар жеке қаржысын 15 жыл­дан астам уақытқа сеніп тапсыр­майды. Бұл жерде талқылауды қажет ететін, бірақ аз талқыланатын іргелі мәселе – сенімге байланысты. Транзакциялық шығындар деңгейін анықтайтын экономикалық катего­рия Үкімет үшін күндіз-түні бақы­лап оты­ратын өлшем болуға тиіс еді. Тіп­ті осы бағытты зерттеушілер арасында Нобель сыйлығын алғандар да бар. Ал біз­дің елде біраз мәселенің бақылау аясы­нан шығып кеткенін келеңсіз оқиға­лар көрсетті.

Бұл жерде мәселе осы секторды мем­­ле­кеттің немесе жекеменшіктің бас­­қаруына байланып тұрған жоқ. Тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашылық кәсіп­орындарының барлығы дерлік мем­­л­е­кеттің (муниципалдық) мен­шігі, электр энергиясын өндіруші қуат­­тар­дың 60 пайызы да мемлекет иелі­гін­де. Энергетика және тұрғын үй-ком­му­налдық шаруашылығындағы тиім­сіздіктің себебі – басқарушылардың қате­­лігі. Сарапшылар Үкімет ЖЭО мем­лекет иелігіне қайтару туралы шұғыл шешім қабылдауына біраз фактор себеп болғанын, Қазақстанның энер­гетикалық инфрақұрылымының 100 пайызы КСРО кезінде салынғанын айтады. Петропавлдағы №2 жылу электр орталығы 1961 жылы іске қосылған. Өзге ірі энергетикалық нысандар да сол кезеңде салынған. Ал Алматыдағы ЖЭО-лар 1980 жылдары пайдалануға беріл­ді. Тәуелсіздік жылдарында атал­ған нысандардың бәрінде бірдей күр­делі жөндеу жүргізілмегені белгілі. Соң­ғы онжылдықта энергия нысандары жаңар­тылмағандықтан жабдықтар мен актив­тердің тозуы шектен шықты.

 

Апаттардың орын алуы алдын ала болжанған

 Мәселен, 2021 жылы Екібастұздағы «ГРЭС-1» және «ГРЭС-2» нысандары өз та­ри­хындағы электр энергиясының мак­си­малды көлемін өндірді. Энергия көз­деріне деген қажеттіліктің артуы модерни­зацияны кейінге қалдырды.

«Проблемалық энергетикалық нысан­дардың қызметі бойынша жұмыс был­тыр наурыз айында құрылған Эко­но­миканы монополиясыздандыру жөнін­дегі комиссияның шеңберінде жалға­сады. Осыған дейін телекоммуникация, теміржол инфрақұрылымы (439 кір­ме теміржол желісі) және экология сала­ларын­дағы 10 ірі компанияның акция­лар пакеттері мен қатысу үлестері рес­пуб­ликалық меншікке өтті. 142 кір­ме теміржол желісі мен тау-кен өнер­кә­сібін­дегі активтері бар 28 компанияның акциялары мемлекет меншігіне өту сатысында», делінген хабарламада.

Тәуелсіз сарапшы Олжас Құдайбер­генов орташа қуаттылықтағы жаңа ЖЭО салуға 0,5-1,0 млрд доллар қажет болатынын айтады. Елімізде 20 облыстың 17-сі субсидиялауға жүгінеді, жаңа ЖЭО салуға донор аймақтардың шамасы келмейді. Ал жеке инвесторлар мұндай күмәнді жобадан алыс жүргісі келеді. Шетелден ақша тарту да нәтиже бермейді. ЖЭО-ны жаңғыртуға немесе жаңа ЖЭО салуға кемі 5-6 жыл керек. Сондықтан алдағы 3-4 жылда ЖЭО-дағы саңылауларды сауатты жамап, халықты алаңдатпай жұмыс істеуге үйрену керек.

«Тарифтердің көтерілуі бағаға әсер етеді. Мемлекет мұндай жағдайда халық­тың кірісін қалай көтеріп, басқа шығын­дарды қалай азайтуды ойластыруға тиіс. Негізгі бағдар – мемлекеттік бас­қа­рудың сапасы жақсаруы деген пайым­ға сілтейді. Осыған дейін тренд болып келген көрпені өзіңе тарту немесе жылы-жұмсақты өз жағыңа икемдей беру керек деген көлеңкелі ұстанымға ха­лық көнбейді, жаңарамыз десек мұн­дай көзқарасты ескі Қазақстанның енші­сіне қалдыру керек», деп түйіндеді О.Құдайбергенов.

1

 

Халықаралық тәжірибеде бар үрдіс

Сарапшылар мұнай-газ саласын, энер­гетика секторын монополиясыздан­дыру саяси реформалардың жалғасы еке­нін айтады. Мұны кезінде еліміз банк­терге қолданды. Бірақ оның немен аяқ­талғанын қазір көріп отырмыз. Банктер іріленді, бір-бірін жұтты. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агент­тігі монополия­сыздандыру бойын­ша 11 пунктті атап отыр. Бұл құжатта бас­ты назар бәсе­келестікті дамытуға аударылады да, тұтынушыға электр жеткізудің үзіл­меуі­не кім кепілдік беретіні тасада қалады.

Ал көпшілік қазір олигархтардан мем­ле­кетке қайтарылған ЖЭО-лар­­дың кейінгі тағдырына алаңдап отыр. Энер­гияның табиғаты ЕДБ (екінші деңгей­лі банк­тер) секілді қолдан-қолға көше беру­ді көтермейді. Бұл – экономиканы ғана емес, халықты да жылумен қамта­масыз етіп отырған стратегиялық нысан.

«Haırýshev energy» телеграм-каналы­ның негізін қалаушы Жақып Хайрушев Үкіметте жеке мен мемлекеттік мен­шіктің қайсысы тиімді екенін салыс­тырып көруге, зерттеуге мүмкіндік бар еке­нін айтады. Бүгінге дейін ЖЭО-ның біразы коммуналдық меншікте болды. Жамбылдағы, Екібастұздағы үлкен ГрЭС немесе ЖЭО-лардың жеке­меншікте болғаны дұрыс. Ал Екібас­тұздағы ЖЭО-ның бұрынғы инвесторлары өз күшімен қалыпқа келтіруге уәде берсе, оларға да мүмкіндік беруге болады. Себебі оны алып қойып, келесі ин­вес­торға берудің тәуекелі жоғары. Жаңа инвестордың жұмысты қалыпты жүргізе алатынына ешкім кепілдік бермейді. Бұл үшін энергожүйедегі парадигманы ауыстыру керек. Біздегі бас­ты проблема технологияның тозғанына байланысты. Кейбір аймақтарда бұл 80 пайызға дейін жеткен. Аталған фактор осы сегментің инвестициялық тартым­ды­лығына кері әсер етіп тұр. Егер осы қалыпта Үкіметке өтсе, оның барлық жауапкершілігі де Үкіметке жүктеледі. Дәл қазір мемлекетке тозған ЖЭО-ларды ғана емес, инфрақұрылым, мектеп, ауруханаларды жаңғырту керек. Мұның бәрі бюджеттің шығыс бөлігіне әсер етеді. Бизнеске де бұл аса жайлы сегмент емес. Себебі тарифті көтеру немесе түсіру жағдайды өзгертпейтінін көріп отырмыз. Инвесторлардың ЖЭО-ға бет бұруы үшін инвестициялық ынталандыру керек.

Тәуелсіз сарапшылар энергетика­лық сег­мент­ке байланысты заңдарға өзгеріс­тер енгізу керегін көптен айтып жүр. Энергетика министрлігі электр стансалары мен желілерін мемлекеттік бақылауға алуды ұсынып отыр. Тиісті заң жобасы дайындалған. Әйткенмен, ми­нистрлік бұл өзгеріс жылдам жүзеге аспай­тынын қоса ескертті. Үкіметтің кестесі бойынша, 2023 жылғы І тоқсанда «Кәсіпкерлік кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» тиісті заң жобасы Әділет министрлігінің қарауына енгізіледі. Жылдың басында Парламенттің қабылдауына өтеді деген сөз бар. Заң 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.

 

Инвестицияны қайтару кепілдігі қажет

Үкімет нарықтың осы сегментіне төлем көлемін ұлғайту мәселесін қарас­тыру­да. Бұл да жылумен жабдықтау жүйесі­не инвестиция тартудың тиімді тетігі. Жылу желілері мен ЖЭО-ны жаң­ғыр­туға немесе салуға инвестиция­лау басымдыққа айналуға тиіс. Себебі тозығы жеткен жылу жүйелері когенерация әсерін жоққа шығарады. Қазір магистральды жылу желілерінің жағдайы тәуір болғанымен, тарату желілерін ауыс­тыру керек. Жылумен жабдықтау секторын цифрландыру және автоматтандыру деңгейін арттыру маңызды, бірінші кезекті қаржыландыратын бағытты анықтау үшін жылумен жабдықтау инфра­құры­лымының жай-күйі, шығын­дар­дың деңгейі, тұтынылатын жылу энер­гия­сының саны мен сапасы туралы объективті деректер қажет. Содан соң тарифтік реттеу мәселесінде де қайта қарайтын тұстар баршылық. Бірінші, әрбір аймақтың ерекшелігі бойынша жылумен, тоқпен қамтамасыз етудің әдістемесін дайындау керек. Қазір осы салаға байланысты кейбір шешімдер бірнеше министрліктің құзыретінде.

Ж.Хайрушевтың түсіндіруінше, біз 2000 жылдардың басында жылу өн­діру­дің деңгейі электр энергиясын өн­діру­дің өлшемі екенін ұғынып, тарифті со­­ған қарап реттеп отырғанда қазіргі жағ­дайға тап болмас едік. Екібастұз ЖЭО-ның құрылымы жылу қазандығы жүйе­сіне негізделген. Онда жылудан энер­­гия көзін алатын тетіктер әлсіз. Үл­кен қа­ланы жылумен қамтамасыз етіп отыр­­ған орталық болғандықтан оның та­рифі ЖЭО-мен бірдей белгіленген. Онда электр энергиясы болмағандықтан қосым­­ша қаржыландыру көздері де болмаған.

«Екібастұз ЖЭО-ның ендігі тағ­дыры Үкіметтің саяси-экономикалық біліктілігіне тәуелді. Премьер-министр үкіметтік резервтен қосымша қаржы бөлуді тапсырды. Қазіргі міндет көктемге дейін халықты жауратып алмауға бағытталу керек», деді Ж.Хайрушев.

 

Екі тараптың да өз ережелері бар

Энергетика саласының сарапшысы Әсет Наурызбаев ЖЭО-ны мемлекет меншігіне қайтарудың қажеті бар-жоғының бірнеше себебін түсіндірді. Үкімет тарифтерді реттеу арқылы нарықтың беталысына ықпал етіп отыр. Саланы реттеуде қателіктер жіберілді. Тариф­терді реттеудің заманауи тәсіл­дері­нің жоқтығы инвесторлардың бөл­шек сауда желілеріне қол жеткізуін шектеп, нарықтық ортаны бұзды.

Екінші мәселе, мемлекет меншігіндегі ЖЭО-ның жұмысына дұрыс баға бере алмайды. Нарықтық өлшем бойынша табыстың кемінде 10-15 пайызы амортизациялық шығындарға, технологияны жаңғыртуға жұмсалуы керек. Ал жекеменшік иелігіндегі ЖЭО табысының қанша пайызын технологияны жаңғыртуға жұмсап келгені белгісіз. Қазақстандағы энергетикалық обьек­тілер тиын-тебенге сатылып кет­кені осыған дейін талай рет жазылған.

«Қазақстандағы жекешелендіруге байланысты біраз құжаттар әлі құпия. Мем­лекет пен сатып алушы тарап арасында қандай мәміле болғанын біз білмейміз. Сол кездегі меншік иелерінің заң алдындағы жауапкершілігі заңмен бекітілген кезде, жекешелендірілетін нысан қымбат бағаланса қазіргідей тоздырып, қиратуға жол бермес еді», дейді Ә.Наурызбаев.

Соңғы бірер аптада елдегі кейбір энер­гетикалық нысандарды мемле­кет иелігіне көтеру мәселесі үкімет­тік деңгейде айтыла бастады. Ә.Нау­рызбаев бұл шешім қате екенін айтады. Оның түсіндіруінше, энергети­ка­лық нысандардың біразы мемлекет менші­гінде. Ал мемлекет өз менші­гін­дегі нысанды бақылай да алмайды, сын көзбен қарай да алмайды. Бақылаушы орындар ойын тәртібін белгілесе, жекеменшіктегілер оны сақтауы керек. Ал біздің елде екі тараптың да өз ережелері бар. «Дәл қазір күйреудің сәл алдында тұрған нысанды мемлекеттік меншікке алу мемлекетке тым қымбатқа түседі. Дұрысы – осыған дейінгі қожайындарының қаржысымен шығынды жабу туралы шешім. Бұл ЖЭО-ның алдағы уақыттағы меншік иелеріне «ақырын жүріп, анық басу» қажеттігін ескертіп тұрады», деп түйіндеді Ә.Наурызбаев.

 

АЛМАТЫ