Конкурстан абыроймен өтіп, қызметке келген бетте-ақ алдымнан сан алуан кедергілер кездесе бастады. Себебі құқық қорғау органдары «Алтынкөл-жол» бақылау-өткізу пунктінің біраз қызметкерлерін қамауға алып, біразын тергеп, әбден естерін шығарып жатты. Соның салдарынан жұмыста кадр тапшылығы орын алды.
Ал кадрды қайдан табамыз? Жаңа заң талаптары бойынша бос орынға тек конкурстық негізде ғана ала аламыз. Бұған қоса, тергеуде жүрген қызметкерлердің орнына сот процесі біткенше біреуді қызметке алу заңға қайшы. Содан кеден бекетінің штаттық кестесін қарасам, 2 вакантты орынға көзім түсті. Дереу «Сол орындарға кімдерді шақыруға болады?» деген сауал сап ете қалды. Ойыма бірден кезінде «Семей» кеден бекетінде өзіммен бірге 3 жыл орынбасар болып адал қызмет істеген Бекен Нұрахметов түсе кетті. Өзіндік қағидаты бар және анау-мынаудан тайсалмайтын өжеттігін де жақсы білемін. Сондай-ақ қатардағы инспектордан кеден басшысы, қатардағы лейтенанттан полковник дәрежесіне дейінгі жолдан өткен тәжірибесі де жеткілікті.
Сонымен қатар Бекен Төлеужанұлымен «Семей» кеден бекетінде қызметтес бола жүріп, басынан небір аласапыранды өткізгенінің куәсімін. Атап айтсам, жеке басына қастандық та жасалды, автокөлігіне қылмыстық топ өкілері есірткі де тықты, жарылғыш зат қою жағдайлары да болды. Сол бір қиын кездерде Бекен Төлеужанұлына қызметтен кетіп қалу жөнінде кеңес бергендер де жоқ емес. Ондай ақыл айтушыларға: Ол «Егер де қызметтен кетсем, онда менің жеңілгенім» – деді.
Сондай-ақ Бекен Төлеужанұлы қызмет барысында «Бақты» кеден бекетінде басшының орынбасары болып жүріп, жолаушылар терминалының жұмысына жауап берген. Бұған қоса күніне 30 мың адам өтетін «Қордай» кедені басшысының орынбасары ретінде бірнеше кеден бекеттерінің кураторы болған. Сол учаскелерде темірдей тәртіп орнатуға атсалысып, небір контрабандалық әрекеттерге тосқауыл қоя білген тәжірибесі де бар. Мен осы ойымды дереу облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің сол кездегі басшысы Ерлан Құмарбекұлы Нұрланбаевқа айттым. Ол бірден келісті. Сөйтіп, Бекен Төлеужанұлы конкурстық комиссиядан сәтті өтіп, бірден шекара маңы халықаралық ынтымақтастық орталығы «Қорғас» кеден бекетіне қызметке келді.
Бұл кезде ШМХЫО «Қорғас» кеден бекетінде басшылық қызметте есімі республика кеденшілеріне белгілі азамат Абай Әліпов болатын. Абай Қазбекұлы екеуі «Қордай» және «Бақты» кеден бекеттерінде біреуі басшы, біреуі орынбасар ретінде қызметтес болған. Сондықтан да бірін-бірі жақсы танитын. Абай Қазбекұлының кадрлық проблемалардан шаршап жүргендігі сонша, Бекен Төлеужанұлының келгеніне қатты қуанып, оған бірден жолаушылар терминалының үйлестірушісі міндетін жүктеді. Бұл жауапкершілігі өте жоғары жұмыс еді. Себебі терминалдағы «жасыл» және «қызыл» дәліз арқылы өтетін жүктер мен жолаушылар континентіне бақылау жасау оңай емес. Үйлестіруші ретінде екі ауысымның жұмысына және заңсыз өткен әр килограмм тауарға жауап беруге тура келеді.
«Бірлік бар жерде тірлік бар» дегендей, Бекен Төлеужанұлы мен Абай Қазбекұлы екеуі кеден бекетінің бақылау аймағына күнделікті кешкілік және таңертең ертемен оперативтік рейд шараларын ұйымдастыруды дереу қолға алды. Нәтижесінде, контрабандалық тауарларды жасыратын бірнеше құпия орындар анықталды. Уақытша сактау қоймалары контрабандалық тауарларға лық толды. Соның нәтижесінде күнделікті құқық бұзу фактілерінің әшкереленуі көбейіп, кедендік төлемдерді ұлғайтуға қол жеткізілді.
Кеден бекетіндегі тәртіп енді оңалып келе жатқан кезде Абай Қазбекұлы басқа жұмысқа ауысты да, оның орнына басшы болып тәжірибелі кеденші Арман Қожасбаев келді. Арман әріптесіміз білікті басшы ғана емес, өте қайсар да қағидатшыл жігіт болып шықты. Аталған учаскеге керегі де сондай басшы болатын. Бір артықшылығы, Арман Сәдуақасұлы мен Бекен Төлеужанұлы екеуі бірін-бірі жақсы танитын. Екеуі бірлесе отырып, талай бұзушылықтың жолын кесіп, талай қияңқының мысын басты.
Содан кейін біраз бұзақылар аяқтарын тартып, тынышталды. Ал енді заңға бағынбай, кеденшілерге қызмет барысында күш қолданғандары заң алдында тізе бүгіп, темір тордың ар жағынан бір-ақ шықты. Бұл жағдай біразына үлкен сабақ болып, аталған учаскеде темірдей тәртіп орнады. Алайда бұл қызметте де Бекен Төлеужанұлына қарсы бағытталған қастандық шаралары орын алмай қойған жоқ. Тасадан тас атушылар талай мәрте көлігін зақымдап, доңғалақтарын да жарып кетті. Ал енді жеке басына ұйымдастырмақшы болған кезекті қастандық әрекетті Панфилов аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлері дер кезінде алдын алып үлгерді.
Осылайша, Бекен Төлеужанұлы қызмет барысында кәсіби шеберлігі мен қағидатшылдығының арқасында өзіне сеніп тапсырылған міндеттерді әрдайым абыроймен орындай білді. Сөйтіп, жеке құрам бойынша 2019 жылдың қорытындысын талдау кезінде ең жақсы көрсеткіш Бекен Төлеужанұлынікі болып шықты да, Қаржы министрінің бұйрығымен «Мемлекеттік кірістер органдарының үздік қызметкері» төсбелгісімен марапатталды.
Бекен Төлеужанұлы жан-жақты әмбебап азамат. Кітапты да көп оқиды, көп ізденеді. Әдебиет пен тарихтан да білімі жетерлік. Күндіз қызметте болса, кешкілік жазу столына отырады. Сонымен қатар заң саласындағы білімі де жеткілікті. Қазақтың Әль-Фараби атындағы ұлттық университетінің заң факультетін үздік бітірген. Мысалы, ол 1999 жылы «Қазақстан Республикасындағы кеден ісі: сұрақтар мен жауаптар – Таможенное дело в РК: вопросы и ответы» атты оқулық құралды кәсіпқой кеденшілер арасында бірінші болып шығарған адам. Аталған оқулық құралы 2009 жылы қайта өңделіп, «Кеден ісі бойынша сұрақтар мен жауаптар – Вопросы и ответы по таможенному делу» атты тақырыппен қайта басылып шықты да, кеденшілер мен сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға және жоғары оқу орындарының студенттері үшін таптырмайтын оқу құралына айналды. Сондай-ақ жоғары оқу орындарына кеденші мамандығы бойынша дәріс беріп, ғылыми-педагогикалық жұмыспен де айналысты.
Сонымен қатар әдеби шығармашылық әлемі де ешкімнен кем соқпайды. Детектив жанрындағы «Қорқаулар түнде жортады» және «Менің тағдырымдағы адамдар – Люди в моей судьбе» атты эсселер жинағының авторы. 2021 жылы өзі еңбек жолын бастаған «Достық» кеденінің отыз жылдығына байланысты «Жоңғар қақпасындағы «Достық» кедені – таможня «Достық» у джунгарских ворот» атты әдеби, тарихи және иллюстрациялық кітапты жарыққа шығарды. Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының екі мәрте лауреаты атанды. 2005 жылы кеден саласындағы елеулі еңбегі үшін Қазақстан Президентінің Жарлығымен «Қазақстан Республикасы Конституциясына 10 жыл» мерекелік медалімен және ведомстволық «Кеден органындағы 1 дәрежелі мінсіз қызметі үшін», «Кеден қызметінің ардагері» төсбелгілерімен марапатталды. Сондай-ақ 2022 жылдың 15 желтоқсанында жерлестері үлкен құрмет көрсетіп, Жетісу облысы «Сарқан ауданының құрметті азаматы» деген абыройлы атаққа ие болды.
Жалпы, Бекен әріптесіміздің алпыс жылда жүріп өткен асуларының өзіндік сыры бар. Себебі ол Алматы қаласындағы Абай атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың түлегі. Сонымен қатар 13 жасынан бастап белгілі жазушы-журналист, мемлекет және қоғам қайраткері Кәкімжан Қазыбаев нағашысының тәрбиесінде болып, Орынша Қарабалина сияқты білікті ұстаздан дәріс алды. Көргені де, оқығаны мен тоқығаны да көп азамат.
Қазіргі уақытта Бекен Төлеужанұлының есімі кеден саласында ғана емес, шығармашылық орта мен зиялы қауымға да жақсы таныс. Себебі оның «Қазақ журналистикасының қайраткері» және Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі ретінде атқарған жұмыстары да аз емес. Оның қаламынан шыққан кітаптары Жетісу облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің мұражайына қойылды. Қазіргі уақытта Жетісу облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті «Алтынкөл-жол» кеден бекеті басшысының орынбасары болып қызмет етеді. Бұл қызметте де абыройсыз емес.
Асқар БЕКБЕРГЕНОВ,
Жетісу облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті «Нұр жолы» кеден бекеті басшысының міндетін атқарушы,
кеден қызметінің полковнигі