Қоғам • 12 Қаңтар, 2023

Малсақ қауымға неге қоң бітпейді?

304 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ақық дән аялап, ақтылы мал өсірудің қиындығы шашетектен. Дегенмен, шағын шаруашылықты да ширатып шалқыту қажет. Ең бастысы, азық-түлік қауіпсіздігі сақталуы керек.

Малсақ қауымға неге қоң бітпейді?

Бұл жайында Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың «Әділетті мемлекет. Бір­тұтас ұлт. Берекелі қоғам» ат­ты Жолдауында «Ауыл шаруа­шылығын дамыту – негізгі пробле­маның бірі. Осы саладағы ахуал мем­лекетіміздің азық-түлік қауіпсіз­дігіне тікелей әсер етеді. Еліміз­дің ауыл шаруашылығы өнімдері­нің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет» деп атап көрсетілген.

Мал шаруашылығының адымын аштырмай, тұсау болып жатқан түйткіл тұс аз емес. Осы тарапта күнді түнге, түнді күнге ұластырып, талмай еңбек етіп жатқан ауыл еңбеккерлері құдды бір уәде­лесіп қойғандай алға ұмтылған қа­дамына тұсау болып түскен тұс­тарын бірдей айтады. Бұл ең ал­дымен жайылым мен шабын­дық мәселесі. Бурабай ауданын­дағы «Белгібай» шаруа қожалы­ғының басшысы Белгібай Омаровтың айтуына қарағанда, қазір бесбатпан бейнетті белден кешіп жүрген сыңайлы.

– Ердің жасына толған соң елге бет бұрғым келді. Бала жасымнан көз көріп, қол үйренген шаруа­шылықпен айналысуға аңсарым­ның ауғаны, – дейді шаруа қожа­лығының басшысы, – қазір ағынан жарылып ақиқатын айтсам, құлшыныс кеміп, бетім қайтып қалды.

Үй жыққандай екпінін ұйытқан тұсын таратып айта кетелік. Алдымен, шабындық жайы. Аталған шаруа қожалығында бұл мүлде жоқ. Бар болғаны 108 гектар жайылым жері бар екен. Ал бағымдағы қара малының саны – 53 бас.  Ғалымдардың есептеуіне қарағанда, әр малға 9-10 гектар жайылымдық жер қажет. Осы есеппен алғанда шаруа қо­жа­лы­ғының жайылымдық жері 11 басқа ғана лайықты. Бір қора малды тоқымдай жер­ге иіріп баққан соң Бурабайдың баурайы қанша жерден құнарлы болса да тұяқкесті болып, шілденің қара қарғаның миы қайнайтын ыстығында шаңы шығып жатады. Қара малдың тісіне ілінер шөп селдіреген соң қоң қай­дан жиналсын?! Ал шабындық жердің бол­мауы мал асырауға мүмкіндік бермей тұр.

– Солтүстікте қыс ұзақ. Қара мал кемі 7 ай бойы қолға қарайды, – дейді шаруа қожалығының басшысы, – шабындық жер болмағаннан кейін мал азығын жыл сайын сатып алуға мәжбүрмін. Қазір біздің төңіректе жемшөп қымбаттап кетті. Қоңыр күзде жинаған жемшөбім азайып қалды. Биыл қыстан шыға аламын ба, жоқ па деп алаңдаулымын. Шөп табылғанымен, бағасы қымбат. Бір тоннасы 40 мың теңге, арпаның бір тоннасы – 85-90 мың теңге.

Күз жауын-шашынды болды, қыстың басында да ылғалы мол қар соқтала­нып жауып тұрды да, аяз соққанда сіресіп қатып қалды. Қазір атан жілік айғыр, қуаты мол мама биелер болмаса, тай-жабағы қолға қарауда. Зеренді, Сандықтау төңірегіндегі малсақ қауым жылқыларын ұстап бағып отыр. Ауылдағы ағайын Қамбар атаның тұқымын жыл он екі ай бойы тебінде өз күнін өзі көреді деп есептеп, қысқа мұқият қамдана бермейді. Биылғыдай қыста үйір-үйір жылқы қолға қараған соң, жемшөптің бағасы күрт қымбаттап кетті. «Белгібай» шаруа қожалығы басшысының айтуына қарағанда, Бурабай баурайын әзірге мұндай қауіп жайлаған жоқ. Қыс дендеп енгенше қара малын жайып бағып, жемшөбін үнемдеген екен.

2019 жылы Словакиядан симментал тұқымды сиыр сатып алып, шаруашылығын бастаған Белгібай Омаровтың ойға алған жоспары аз емес еді. Әйтсе де үйдегі ойды базардағы нарық бұзып тұр. Соның бірі, қолдан ұрықтандыру мәселесі.

– Бұл арада екпін түсіріп айта кететін бір жай бар, – дейді шаруашылық басшысы, – егер сиырды қолдан ұрықтандырмасақ, бұзауына асыл тұқымды деген анықтама берілмейді. Анықтамасы, есептік нөмірі болмағаннан кейін осы төңіректегі тұқымы азған қара малдың есебінде. Тиісінше бағасы да төмен. Бізге мал төлін сату үшін анықтама қажет. Сондықтан, амалсыз қолдан ұрықтандыру стансаларының қыз­­метіне жүгінеміз. Астана қала­сындағы осындай бір стансамен келісімшарт жасап, бірнеше жыл бойы қызметін пайдаландық. Бірақ көңілім толмайды. Мысалы, өткен жылы 35 сиырымның 15-і қысыр қалды.

Мал иесінің өкпесі қара қазандай. Оны да тү­­сі­ну­ге болады. Айналдырған 35 сиыр­дың 15-інің қысыр қалуы үлкен шығын. Өйт­­­кені ол сиырлардың соңынан не төл ермей­ді, не саууға келмейді. Аяғында әлгі 15 сиыр­­ды бір жыл бойы текке бағады. Со­йып сату­ға тағы келмейді. Мал басын өз төлі есе­бінен көбейтуді мұрат тұтқан ша­руа­шылыққа бір қолын екі ете алмай отыр­ғанда, бағымдағы жарты малын пышаққа жығу қып-қызыл шығын. Игілікті істі бас­таған кезінде мал тұқы­мын қапысыз дұ­рыс таң­­дағанына өзі де риза. Симментал – ет­ті әрі сүтті тұқым. Төлдері 20 айдың төңі­регін­де 4 цент­нерге еркін жетіп қалады, сүт­тің май­­лы­лығы 5,3 пайызға жетеді. Қазір сүт за­уыт­­­тарына әр литр сүтті 200 теңге­нің кө­ле­­мінде өткізіп жатыр. Олай болаты­ны, май­­лы­лығы есепке алынған. Сиыр­ларының аузы көк шөпке іліккен соң тәулігіне 20 литр­­ге дейін сүт беруі мүмкін. Сол кезде тәп-тәуір табыс табады.

Биыл бұзаусыз қалмауы үшін қолдан ұрықтандырудың сапалы қызметін көр­сететін мекеме іздемек. Шаруа қожа­лығы басшысының айтуына қарағанда, бұл жалғыз өзінің басында ғана дүние емес, маңайдағы барлық дерлік малсақ қауымның тартып отырған мехнаты. Қаны шығып тұрған мәселені талай рет көтерген. Әйтсе де әлі шешімін таппапты. Қиындықтан шығар жалғыз жол – табынға асыл тұқымды бұқаларды қосу. Бірақ ол кезде мал тұқымының асыл екендігін анықтайтын анықтаманы қайдан алмақ. Ендігі бір мәселе, мал басын көбейту. Бағымдағы малы елу басқа жетпеген шаруа қожалығы мемлекет тарапынан берілетін субсидиядан дәмете алмайды.

– Сонда біз сияқты 35-40 асыл тұ­қым­­ды сиыр бағып, бейнетін белден ке­шіп жүргендер қайтпек? – дейді шар­уа қожалығының басшысы, – біздің қолы­мызды байлап отырған шабындық, жайы­лымдық жердің жоқтығы ғой. Әйтпесе, біз де көбейтер едік. Өрісімізді көбейтіп, қонысымызды берекеге айналдырмас па едік. «Аттыны көріп, жаяудың аяғы талады» дегендей, жұрт жарылқанып жатқан көмекті біз де көруге ынталымыз.

Өз еңбегіне жалынған шаруа қожалы­ғы мемлекет тарапынан берілетін көмектен қағылса да өз қотырын өзі қасып жатыр. Өткен жылы 5 млн 700 мың теңгеге сүт салқындататын тоңазытқыш сатып алыпты. 6 млн 500 мың теңгеге мал азығын тарататын құрылғы алған. Жемшөп таситын су жаңа трактор мен шөп тайлағышты да қымбаттығына қарамай қалтасының түбін қағып алған көрінеді. Онсыз алға басу тағы жоқ. Әйтеуір осы шаруамен айналысқан соң мүмкіндігінше қамдана бермек. Алға басамын деп ұмтылған осындай шаруаларды қолтығынан демесе, қыр асып кететін түрі бар. Демек алдағы уақытта азық-түлік молшылығын жасауға өз үлесін қосып жатқандарды ескерген дұрыс-ау.     

Мал басын көбейтер-ау, бірақ сол малға ие болатын малшы мен сауыншы табу ел ішінде кәдімгідей шешілуі қиын түйінге айналған түрі бар. Осы шаруа қожалығы айына 120-130 мың теңге төлесе де, малшы таба алмай отыр. Амалсыздан бар мехнатты өздері шегуде. Жоғарыда аталған еңбекақы екі қолға бір күрек таба алмай отырған ауылдағы жастар үшін тәп-тәуір табыс емес пе?!

Мал шаруашылығын өрге басты­рудың жолында кесе-көлденең жатқан бірқатар қиындық осындай. Шешімін таппаса, берекенің үйірілуі де қиын.

 

Ақмола облысы,

Бурабай ауданы