Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Апта басында «Ашық НҚА» порталында Ұлттық банк «Ресей Федерациясының Үкіметі, Ресейдің Орталық банкi және Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Ұлттық банкi арасындағы рубль мен теңгенiң өзара конвертациялануын және бағамдарының тұрақтануын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы келісімнің күшін жою туралы» қарардың жобасын жариялады.
Ұлттық банк атап өткендей, тараптар осы халықаралық шарт бойынша өз міндеттемелерін уақтылы орындады. «Келісімде көзделген барлық шаралар орындалды, ал жүзеге асырылуы ұзақ мерзімді перспективаға арналған шаралар Кеден одағы, ЕурАзЭҚ, ЕАЭО сияқты халықаралық шарттар кешеніндегі сабақтастық пен жетілдіру тәртібінде ескерілді», деп хабарлады Ұлттық банк.
Естеріңізде болса, бұл келісімге 1995 жылы 20 қаңтар күні Мәскеу қаласында қол қойылған еді. Осы келісім бойынша Қазақстан мен Ресей теңге мен рубльдің бір-біріне және еркін айырбасталатын валюталарға қатысты бағамын тұрақтандыру бойынша шараларды кезең-кезеңімен жүзеге асыруға, сондай-ақ екі валютаның өзара айырбасталуына қол жеткізуге міндеттеме алған болатын. Қарар жобасында қазіргі келісімнің «маңыздылығын жоғалтқаны» айтылған.
Сарапшылар Ұлттық банк бұл шешімге кезең-кезеңімен келгенін айтып отыр. Әуелі екінші деңгейлі банктерге рубльді бір реттік негізде Қазақстаннан қолма-қол ақшамен шығаруға рұқсат берді. Рұқсат қолма-қол рубльді қолма-қол ақшасыз нысанға айырбастау және банктердегі корреспонденттік шоттарды толықтыру мақсатында енгізілді. Қысқасы, теңгені рубльдің интоксикациясынан тазартудың алғышарттары тасбақаның жүрісіндей болса да жүріп жатыр.
Мамандар Ұлттық банктің бұл қарарын теңгені рубльдің ықпалынан тазартуға бағытталған қадам деп дәмеленіп қалуға болмайтынын ашық айтты. Ресей жақын көрші ғана емес, ЕАЭО-дағы стратегиялық әріптес ел. Екі ел арасындағы тауар айналымының қанша пайызы «көлеңкеде» жүргені, банктердің депозиттерінде қанша рубльдің жатқанын біз білмейміз. Үкімет пен Ұлттық банк рубльді түгендеп, скрининг жасайды дегенді естіген де жоқпыз. Біздің қолда тек ресми статистика ғана бар.
Қаржыгер Ілияс Исаев бірінші кезекте банктер рубль міндеттемелерімен жабылатын рубльден құтылуы керегін айтты. Рубльдің қаржы саясатындағы ойын ережесін өзгерте алмайтыны байқалып қалды. Ресей импортының түбі қай елден шығып жатқаны күмәнді екені енді айтылып жатыр. Рубльден тазартуға талпыныс болғанымен, үлкен нәтиже бар деп айта алмаймыз.
Қаржыгер айтып өткендей, ЕАЭО-мен арадағы келісімдерде рубль-теңгенің байланысы әлдеқашан реттеліп қойған. Ұлттық банк ұсынып отырған қарарда келісім маңыздылығын жоғалтқан соң күшін жоятыны ашық айтылды. Ресейдің де 28 жыл бұрын қабылданған келісімнің шалғайына жармаса қоймайтыны анық. І.Исаевтің пікіріне қарағанда, 28 жыл емес, соңғы бірер жылдың өзінде Қазақстанның банк секторында біршама өзгеріс болды. Ротацияның нәтижесінде бір банкті құтқарсақ, екіншісін жоғалттық. Хэдлайнерлер де жетеді. Ендігі жерде Қазақстанның рубльге, Ресейдің теңгеге қатысты ойын ережесі өзгеретіні анық.
– Ұлттық банк бұл келісім маңыздылығын жоғалтқан соң күшін жою туралы шешім қабылдағанын жеткізді. 28 жыл ішінде осы келісім шеңберінде қабылданған құжаттар ЕАЭО заңдарына бейімделді. Демек алдағы уақытта одақ шеңберінде қаржы айналымы туралы құжаттар қайта қаралуы мүмкін. Үкіметтің экономикалық, қаржы блогіне қалғып кетуге болмайтын сәттер енді келді. Үкімет ендігі шешімнің жобасының қандай боларын ашық айтып, қоғамға ойланып алуға мүмкіндік беру керек, – деді І.Исаев.
Сарапшы теңгеміздің тағдыры осыдан 28 жыл бұрын қабылданып, бүгін-ертең жойылғалы тұрған келісімге байланып отырмағанын айтады. Бірақ Ұлттық банк екінші деңгейлі банктерге қанша рубль бар екенін ашып айтпай отыр. Маусым айында Қазақстандағы рубль массасының көлемі 50 млрд екені айтылды. 31 тамызға дейін рубльді сыртқа шығаруға берілген рұқсат жағдайды реттей алмады. Қыркүйек-қазан айларында елге кем дегенде 5 млрд рубль келді. Демек рубль миграциясынан біздің екінші деңгейлі банктер 5-5,8 млрд теңге шығынға ұшырап отыр. Алдағы уақытта жағдайдың Ресей қалаған сценарийде жалғаса беруі мүмкін емес. Келісімнен шығу туралы ұсыныс біздің тараптан айтылып отыр.
– Ұлттық банк келісімнің жойылатыны туралы көзқарасын көпшіліктің назарына, көптің талқысына ұсынып отыр. Қаржы секторының ойыншылары, бизнес қауымдастық бұл талқылаудан қалыс қалмауға тиіс. Осы күнге дейін теңгені доллардың емес, рубльдің ықпалынан шығару туралы ұсыныстар көп айтылды. Келісім күшін жойса, теңге мен рубль дәлізі 1:1 болып қалмасы анық. Бірақ бұл жаңалықты теңгенің ағзасын тазартуға бағытталған қадам деп қабылдауға болады, – дейді І. Исаев.
Тәуелсіз сарапшы Айбар Олжаевтың пікіріне ден қойсақ, жекелеген мемлекеттердің ұлттық валюталарының қалыптасуына мемлекеттік келісімдердің әсері аз. Оның бағамын тек нарық қана анықтайды. Демек Ұлттық банктің Ресеймен арадағы келісімді бұзуынан саяси астар іздеудің қажеті жоқ.
– Мұны тек келісім маңыздылығын жойған соң ғана бұзылды деп қабылдауға болады. Соңғы 20-30 жылдағы қабылданған келісімдердің қаншасының жұмыс істейтінін, қаншасының маңыздылығын жойғанын біз білмейміз. Дегенмен, бұл келісімнің күшін жойғанын құп көремін. Ортақ қаржы нарығы туралы сөз болса бізде осындай келісімдер болғанын алға тартып, нарық жолымен қалыптасуына кедергі келтіруі мүмкін, – дейді А.Олжаев.
Сарапшы айтып өткендей, біз «рубль-теңге 5:1» деп қатып қалған өлшемнен алыстап бара жатқан елміз. Рубльдің қолдану аясы шектеулі болып қалды. Алдағы уақытта рубльді зат не тауарға конвертациялауды жалғастырсақ, Ресей импортына деген тәуелділігіміз жоғарылай береді. Бізге Ресейдің экономикалық ықпалынан босап шығу үшін импортты әртараптандыру керек. Қытай, Түркия, Үндістан, Иран, Өзбекстанның нарығы елімізді Ресей нарығынан алыстататын мүмкіндік.
– Ұлттық банк пен Үкіметтің Ресеймен арадағы келісімдерді қайта қарауы дұрыс. Мұны қаржыгерлер қауымы да құптап отыр. Сең бұзылды, алдағы уақытта ЕАЭО шеңберінде асығыс қабылданып кеткен шешімдерді кезі келгенде қайта қарауға, тиімсіз шешімдердің күшін жоюға мүмкіндік беріп тұр. Ұлттық банктің ендігі ұстанымының қандай боларын, бұл шешімді жоюға Ресейдің қалай қарарын біз білмейміз. Теңге сияқты рубльдің биржадағы құны және инвесторлардың оған деген көзқарасына, бізге Ресейден келетін импорт тауарларға қарап анықталады. Ресей импортының реэскпорттық сипаты алдағы жартыжылдықта анықталады, – деп сөзін түйіндеді А.Олжаев.
АЛМАТЫ