Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
«Қабырғаның да құлағы бар» деп қатты сөйлеуге батпайтын қазақтың қайырымды әдетіне басқанымызбен, көңілде тұрған көп күмән кешікпей сыртқа шығары анық. Біз жазбасақ та елдің құлағы түрік, ағыл да тегіл ақпарат ағынын ауыздықтау мүмкін емес. Қараңызшы, «Қайнар» АКБ» ЖШС-дағы кәсіпорын мен Алматы облыстық кірістер департаментінің арасындағы келіспеушілік, Ақсу ауданы Қызылағаш ауылындағы миллиардтаған теңге қаржы шығындалған асыл тұқымды сиырларға қатысты орын алған келеңсіздік, облыс орталығындағы заңсыз берілген тұрғын үй мәселесі, Кербұлақ ауданындағы мектеп директоры мен ұстаздар арасындағы текетірес облысты аттап, республикаға шарлап кетті. Бұл мәселелердің басында еңбек дауы жатқаны жасырын емес. Оны қоғамның санасынан суырып алып көріңіз.
Жақында өңір орталығы Талдықорғанда мыңдаған жер телімін біреулердің заңсыз иемденіп отырғаны белгілі болды. Олардың бірде-бірінің құжаты жоқ. Бұл келеңсіздік арнайы аэроғарыш зерттеуі арқылы анықталған. Мұнан басқа білім, денсаулық, спорт, тағы да басқа салада орын алған еңбек даулары да қордаланған мәселенің көп екендігін көрсетуде. Ал ашуын сыртқа шығара алмай, ішінен тынып жүрген еңбек ұжымдарындағы наразылық қаншама? Шиқанның да жарылатын кезі болады. Сондықтан осындай талас-тартысты болдырмау үшін еңбек қатынастарын реттейтін, әр адам еңбегіне қарай нәпақа табатын тепе-теңдікті қалыптастыру керек.
Елімізде осындай қайшылықтарды мемлекет, жұмыс беруші, кәсіподақ сияқты үшжақты келісім арқылы шешіп отыру мақсатында жұмыс жүргізілуде. Мұнда әлеуметтік әріптестік, ұжымдық шарт, еңбек қауіпсіздігі, құқықтық жұмыс арқылы еңбек даулары шешіледі. Бүгінде облыстағы осындай жұмыспен айналысатын Алматы облыстық кәсіподақтар орталығында 12 салалық кәсіподақ, 708 кәсіподақ ұйымы, 92 мыңнан аса кәсіподақ мүшесі бар. Олар жыл бойы «Әлеуметтік әріптестік», «Нөлдік жарақаттану-Vision Zero» тұжырымдамасын, «Халықтық бақылау», «Қалың қалай, бастауыш?», «Татуласу орталығы», тағы да басқа жобалар бойынша шиеленістерін реттеп, еңбек қатынастарын бақылап, жазатайым оқиғалардың алдын алуға тырысып келеді.
Мәселен, былтыр облыста еңбек қызметімен байланысты 12 жазатайым оқиға орын алып, 26 жұмыскер зардап шексе, оның ішінде 2 адам қайтыс болған. Облыстық кәсіподақ орталығында әртүрлі сипаттағы 37-ден астам өтініш қаралып, 32-і оң шешімін тауыпты. Жалақы, әлеуметтік көмек сияқты түрлі сауал бойынша 61 адам жүгінген.
Сондай-ақ кәсіподақтар орталығына қарасты кәсіподақ ұйымдарында еңбек дауларының алдын алу бойынша әлеуметтік әріптестермен бірлесе 4 бастауыш ұйымдағы еңбек дауының сипаты сараланған. Өңірдегі кәсіподақ ұйымы бар мекеме-кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша 610 өндірістік кеңес құрылып, 932 техникалық инспектор қоғамдық негізде жұмысқа тартылған. Әрине, еңбек дауларын шешуде жұмыс жүргізілуде. Бірақ...
Статистика деректері бойынша, өңірде 25 129 жекеменшік кәсіпорын жұмыс істейді. Оның 125-і ірі, 535-і орта,
24 469-ы шағын кәсіпорын санатында. Солардың қатарында облыстық үшжақты комиссия тек 17 087 шағын, орта және ірі кәсіпорынмен ұжымдық шарт жасасқан. Десе де, кәсіподақ орталықтарын шетінен судан таза, сүттен ақ дей алмаймыз. Олардың арасында да басқалардың қас-қабағын бағып, ыңғайына иіліп тұратындар жоқ емес.
Нақтылы жағдайды сараптап көргенде, кәсіподақ орталығы жоқ немесе үшжақты комиссиямен келісімшарт жасаспаған әр деңгейдегі кәсіпорындардағы жұмысшылар «қорғансыздың күйін» кешіп жүр. Өйткені олар көп жағдайда өздерінің құқығын қорғай алмай, еңбек жағдайында жарақат алу немесе басқа да келеңсіздіктерге ұшырағанда ақысын талап ете алмай, жалақы, әлеуметтік көмек, мемлекеттен берілетін басқа да жеңілдіктерге қол жеткізе алмай қиналады. Тіпті еңбек қатынасындағы теңсіздік барған сайын ушығып барады.
Басқасын айтпағанның өзінде, бір ұжымда 30 жыл еңбек еткен адам кеше ғана жұмысқа тұрған жас маманмен бірдей жалақы алады, ұжымдарда қызметшілерге емдеу-сауықтыру бойынша ешқандай да жеңілдіктер қарастырылмайды. Басшы мен қарапайым қызметкер арасындағы тұрғын үй, көлік, жалақы, басқа да әлеуметтік көмектің парқы жер мен көктей. Мемлекеттік марапат алсаң да оның көк тиындық құны жоқ. Айта берсең, көбейе түсетін теңсіздіктер қазіргі қоғамның дертіне айналды.
Иә, қоғамда орын алған толқулар, ереуілдер, шерулердің түп төркіні осыдан шығып отыр. Сондықтан әр мекеме, кәсіпорын, ұжымда қызметшілердің құқығын қорғайтын облыстық, аудандық үшжақты келісім комиссиясымен тікелей жұмыс істейтін, өз ұжымының басшысына бағынбайтын орталықтар құрылып, олардың құқықтық негіздері тұрақтандырылғаны жөн. Сонда ғана Мемлекет басшысы өзі айтқандай, әділетті Қазақстан орнамақ. Осыны ескергеніміз абзал.
Жетісу облысы