Саясат • 13 Қаңтар, 2023

Шетелдік көлікті заңдастырудың шарты

1516 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шетел көліктерін заңдастыру мәселесіне байланысты Үкімет жұмысын сынға алып, көпшіліктің әлі күнге дейін ақпаратпен толық қамтамасыз етілмегенін айтқан болатын. Ішкі істер министрлігінің дерегіне сүйенсек, бүгінде ел аумағында заңдастыру тізіміне іліккен 300 мыңнан астам автокөлік жүр. Жүйеде нақтылық болмаған соң, темір тұлпар иелерінің алаңдайтын жөні бар.

Шетелдік көлікті заңдастырудың шарты

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Президенттің сын-ескертпесінен кейін бұл бағытта сең қозғалған сияқты. Кеше Орталық коммуникация­лар қыз­метінде аталған мәселе бойынша арнайы жиын ұйымдастырылып, Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха журналистердің сауалына жауап берді. Ол елімізге 2022 жылдың 1 қыр­күйегіне дейін әкелінген шетелдік авто­көліктерді біржолғы заңдастыру биыл 23 қаңтарда басталатынын мәлімдеді. Автокөліктерді бастапқы мемлекеттік тіркеу үшін
200 мың теңге алым төлеу қажет.

Естеріңізге салсақ, Үкімет биыл 11 қаң­­тарда Қазақстан аумағына 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген көліктердің жекелеген санаттарын бастапқы тіркегені үшін алым мөл­шер­лемесін қолданудың және осындай көліктерді әкелуді жүзеге асырған жеке тұлғаларды өндірушілердің (им­порттаушылардың) кеңейтілген мін­деттемелерінен босатудың қағи­даларын, шарттары мен мерзімдерін бе­кіткен болатын. «Ережелер алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтіз­бе­лік он күн өткен соң қолданысқа ен­гізі­леді. Сәйкесінше, 2023 жылдың 23 қаң­тарында (дүйсенбіде) күшіне енеді және сол күннен бастап біз шетелдік автокөліктерді заңдастыруға кірісеміз», деді И.Лепеха.

Шетелдік көліктерге қойылатын талаптар: елге 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінуі керек; іздеуде болмауы шарт; басқа мемлекетте бұрынғы тіркел­ген жері бойынша есептен шыға­рыл­уы қажет; кедендік тазартудан өтуі тиіс. Ережелер 2023 жылдың 1 шіл­­де­сіне дейін күшінде болады және жеңіл автокөліктерге, шағын, орта авто­бус­тар­ға (толық салмағы 5 тоннаға де­йін) және шағын жүк автокөліктеріне (то­лық салмағы 3,5 тоннаға дейін), оның ішінде рулі оң жақта ор­на­лас­қан көліктерге қолданылады. Тір­ке­ле­­­тін шетелдік автокөліктерге «жа­сына» және экологиялық сыныбына та­лаптар қойылмайды. Заңдас­ты­руға өті­нішті «Электронды үкімет» порталы немесе арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтарына жеке жүгіну арқылы беруге болады. Маман­дан­ды­рылған ХҚКО-ларда арнайы сектор­лар ұйымдастырылады. Олар тек авто­мобиль­дер­ді заңдастыруға құжат қабылдайды. Яғни темір тұл­пар иелері халыққа қыз­мет көрсету орта­лықтарында өзге қыз­мет алушылармен бірге кезек күтіп отыр­май, уақыттарын үнемдей ала­ды. Көлік иесі 4 құжатты ұсынуы керек: өті­ніш; өтініш берушінің жеке басын куә­ландыратын құжат (жеке басын сәй­кес­тендіру үшін); көлік құралының паспорты және (немесе) көлік құралын тіркеу туралы куәлік; көлік құралына меншік құқығын растайтын құжат (олар­ға: осы мүлікті сатып алу-сату, айырбастау, сыйға тарту немесе иеліктен шы­ғару туралы өзге де мәміле шарттары, мұра­герлік құқығы туралы куәлік жатады. Бұл ретте, азаматтық заңнамаға сәй­кес берілген сенімхат, егер мұндай құ­қық сенімхатпен берілген жағдайда, көлік құралына мен­шік құқығын үшінші тұлғаға беру үшін негіз болып табылады).

– Өтініш пен құжаттарды тапсыр­ған­нан кейін көлік құралы арнайы ХҚКО жанындағы тексеру пункітіне нө­мір­лік агрегаттарды салыстыру үшін ұсы­нылады. Салыстыруды ішкі істер ор­ган­дарының сарапшы-криминалисі жүргізеді (азаматтар ағыны ұлғайған кезде олардың санын көбейтеміз). Екі күнге дейінгі мерзімде салыстырып тек­серуден өткеннен кейін біз шешім шығаруымыз керек. Яғни, көлік құралы заңдастыруға жататыны немесе жатпайтыны анық­талады. Көрсетілген мерзім ішінде көлік құралы қағидаларда бекітілген та­лап­тардың сәйкестігіне, яғни 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін елге әкелу, іздес­тіруде болу, кедендік тазартудан өту, соңғы тіркелген жері бойынша есептен шығару мәніне тексерілетін болады.

Кіру күні ҰҚК Шекара қызметінің немесе мемлекеттік кірістер органдарының дерекқорлары бойынша айқындалады, бүгінде бұл үдеріс толығымен автомат­тан­дырылған және автомобиль шекарасынан өтуді есепке алу оның коды бойынша жүргізіледі. Сонымен қатар шекара қызметінде немесе мемлекеттік кірістер органдарында көлік құралын әкелу туралы мәліметтер болмаған кезде (мысалы, егер автомобиль Қазақстан аумағында жеткілікті ұзақ уақыт болса), автокөлікті Қазақстан Республикасында нақты тұрған күні автосақтандыру по­ли­­сінің алғашқы рәсімделген күні бо­йынша айқындалады. Автокөлік Ин­тер­­­пол және ТМД базалары бойынша тексеріледі. Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кедендік базасы бо­йынша кедендік тазартудан өту үдерісі де толық автоматтандырылғанын атап өткен жөн. Шетелдік автомобильдерді нақты заңдастыру бір реттік акция екенін ескерткім келеді, дейді Игорь Лепеха.

Белгілі болғандай, тексеруден сәтті өткен жағдайда өтініш берушінің ұялы телефонына оң нәтиже және көлік құралын тіркеу үшін мамандандырылған ХҚКО-ға келу қажеттілігі туралы қысқа хабарлама жіберіледі. Көлік құралын тіркеуге мамандандырылған ХҚКО-ға қайта келген кезде иесі бастапқы тіркеу үшін 200 000 теңге, техқұжат үшін мемлекеттік баж (4 313 теңге), сондай-ақ мемлекеттік нөмірге (9 660 теңге) алым төлейді және құжаттардың түпнұсқаларын ХҚКО қыз­меткеріне тапсырады (шетелдік тех­құжат, меншік құқығын растайтын құжат). Тіркеу бекітілгеннен кейін авто­­­мо­биль иесіне тіркеу құжаты және Қазақ­стан Республикасының мемле­кет­тік нөмір белгілері беріледі.

Брифингте Әкімшілік полиция коми­теті төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Сұлтанбаев «конструктор» кө­лік­­тер­дің заңдастырылмайтынын айтты. Мұндай автокөліктер елімізге жүріп тұр­ған күйінде кіргізілмеген. Олар бөл­шек­теліп әкелініп, кейін Қазақстанда құрастырылған. Ведомство дерегінше, қазір елімізде мұндай 5 мыңға жуық кө­лік бар.

– «Конструктор» деп танылған авто­кө­ліктерді заңдастыру кезінде тіркеу­ге алмаймыз. Неге десеңіз, бұл көліктердің ешқандай құжаты жоқ. Бұл көліктер әу баста шекара арқылы Қазақстанға заңсыз кіргізілген. Сондықтан мұндай көліктер тіркеуге жатпайды. Көліктерді әкелген және оны әрі қарай сатқан кісілер бұл көліктердің заңсыз екенін біледі, – деді Қайсар Сұлтанбаев.

Көлік мәселесі халық үшін өзекті. Оған қа­тысты әрбір жаңалық қоғамда қызу талқыланады. Бірнеше жылдық тал­қы­лаудан кейін ақыры елімізде жүр­ген шетелдік нөмірдегі көліктерді тір­кеу ісі жандана бастады. Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жол­дауын­да шетелдік көліктерді заңдас­ты­ру­да утилизация және алғашқы тіркеу үшін төленетін қаржы көлемін 200-250 мың теңгеден асырмай, бәріне бірдей және бір реттік алым алуды ұсынған еді. Президент тапсырмасын орындау үшін заңға өзгерістер енгізілді. Сең қозғалды. Жаңашылдық жүйелі жүзеге асады деген сенім мол.