Әдебиет • 16 Қаңтар, 2023

Гүлфайруздың үздік картинасы

695 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақ қыздарының арасынан шыққан алғашқы суретші Айша Ғалымбаевадан кейін ойымызға бірден Гүлфайруз Исмайылова түседі. Қазіргі Санкт-Петербург қаласындағы И.Е.Репин атындағы кескіндеме, мүсін және сәулет өнері институтын бітірген көрнекті қылқалам шебері отандық бейнелеу өнерінің дамуына зор үлес қосты.

Гүлфайруздың үздік картинасы

Жалпы, біздің кейіпкерімізді сан қыр­лы талант иесі деп айтуға болады. Өйтке­ні халқымыз Гүлфайруз­ды актриса ретін­де де жақсы біле­ді. «Аласталған Алитет», «Ботакөз», «Қыз Жібек» секілді бірқа­тар фильм­дерге түсіп, тамаша талантымен ғана емес, асқан сұлулығымен де көрермен көзайымына айналды. Алайда оның өнердегі жұлдызы бейнелеу өнерінде жанды. Жоғары оқу орнын бітірген­нен кейін екі-үш жыл Алматы көркем­сурет училищесінде сабақ берді. Одан соң қазіргі Абай атындағы Қазақ мемле­кет­тік академиялық опера және балет ­театрында бас суретші болып істеді. Осы жылдары ол бірқатар опера және ­балет қойылымдарын көркем безендір­ді. Сахна костюмдерінің эскизін жасады. Әсіресе сыршыл суреткердің қыл­қаламынан туған қазақ қыздары­ның ғажайып портреттері бірінен-бірі өтеді. Соның ішінде Күләш Байсейітова, Шолпан Жандарбекова, Бибі­гүл Төле­генова секілді қазақ өнерінде айшықты орны бар бірегейлеріміздің бейнесін шынайы сомдаған. Біз бүгін осы туындылар арасынан атақты биші Шара Жиенқұлованы салған «Қазақ вальсі» атты картинасын сөз етсек дейміз. Қазақ би өнерінің ханшайымы атанған Шара апамыз 1936 жылы Мәскеуде өткен Қа­зақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде ұлттық биі­мен өзге жұртты таңғалдыр­ған. 1938 жылы қазақтың тұңғыш балеті «Қал­қаман – Мамыр» қойылымын­дағы бас­­ты кейіпкер Мамырдың партия­сын орын­дады. Одан кейін балетмейстер Л.А.Жуковпен бірлесіп, 1940 жылы И.Н.Надировтың «Көктем» балетін сахна­лады. Сондай-ақ талантты тұлға ұлттық би өнерін ғылыми тұрғыда зерттеп, оған жаңа тыныс берді. Осын­дай дарын иесінің бейнесін салу сурет­шіге оңай болмағаны анық. Оны туындыгер өз естелігінде айтады.

«Ленинградтағы И.Е.Репин атын­дағы кескіндеме, мүсін және сәулет институтын бітіріп, Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрына бас суретші болып орналастым. Ол кезде Шара апай­дың жасы қырық­тан асып кеткен. Бірақ халқымыздың «Сыр­лы аяқтың сыры кетсе де, сыны кет­пейді» деген сөзі бар емес пе, ол кісі сол кезде де сұлу болатын. Бұл жұ­­мы­сым – қазақ қыздары портреттері­нен тұратын галереямның алғашқысы. Осы еңбегімді салу кезінде қыс қатты бол­ды. Біз бастапқыда Шара апайдың үйін­де жұмыс істеп жүрдік. Бірақ үйде жұ­мыс істеу қолайсыздық тудырды. Бір жағынан, қажетті құрал-жабдықтар­ды үйге толық әкеле алмаймын. Ал шеберхананың іші суық. Сонда да оған шеберханада жұмыс істеу туралы ұсынысымды ұяла жеткіз­дім. Бірден келісіп, шеберханаға келді. Апай «өнер құрбандықты талап етеді» деп, үстін­де жұқа көйлек болса да суыққа шыдап отырды. Қазір осындай жағдай­да жұмыс істеуге біреу келісер ме еді? Айта алмаймын. Шара апайдың жүзі өте жылы еді. Портретті салуға бір жыл уақыт кет­ті. Кейде ол кісі: «Әжімдерім көрініп қал­масын» деп қалжыңдап қоятын. Картина­ның соңғы штрихын салу кезінде оны байқамай бүлдіріп алдым. Үйіміз жақын болғандықтан жүгіріп Шара апайға кел­дім. Ешқандай қабақ шытпастан шеберханама келіп, жұмысымды аяқтауыма мүм­кіндік берді. Қысқасы, осы еңбегімнің Шара апайға ұнағаны соншалық, ол кісі «мен халқымның жүрегінде осы бейнем­мен қаламын» деп ризашылығын біл­дірді».

Бұл картина 1958 жылы Мәскеуде бүкілодақтық комсомол көрмесіне қо­йыл­ды. Одан кейін «Огонек», «Искусство» және тағы басқа бірнеше одақ көлемінде жарық көретін журнал­дарға басылып, ел арасына кең таралды.

Көрнекті кескіндемеші көзі тірісінде бел­гілі қаламгер, ғалым Сауытбек Абдрах­­ма­новқа берген сұхбатында: «Мен қазақ әйе­лінің өзіндік бөлек бейнесін, оның жан сұлулығын, тән сұлулығын, жүре­гінің даладай дарқандығын, сезімінің сон­шалықты нәзіктігін көрсетуді өз өмі­рімнің мән-мақсаты ретінде ұстанып келе жатқан адаммын. Қазақ қыздарының жан жомарттығын мен өмірімнің қиын жылдарында да өз көзіммен көре алдым» депті. (Абдрахманов С. «Өнер өлкесі» 456-бет).

Қазақстанның халық суретшісі Гүл­файруз Исмайылова «Қазақ вальсін» – «шығармашылығымдағы ең үздік туындым» деп бағалапты. Автор оны бекер айтпаған болар. Шабытты көңіл күйден туған картина әлі де талай ұрпақты таң­дай қақтырып тұрады.