Үкімет • 17 Қаңтар, 2023

Үкіметте «ҚазАвтоЖолды» дамытудың он жылдық жоспары бекітілді

287 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Үкімет «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның 2023-2032 жылдарға арналған даму жоспарын бекітті. ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов тиісті қаулыға қол қойды, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Үкіметте «ҚазАвтоЖолды» дамытудың он жылдық жоспары бекітілді

Алдағы 10 жылда күре жолдарды салу және күтіп ұстау сапасын арттыру жөнінде тиісті шаралар қабылдау жоспарланып отыр. Олардың қатарында жол жобаларының барлығына FIDIC халықаралық стандарттарын енгізу, техникалық құжаттаманы келісу процесін жетілдіру, жобалау және мердігерлік ұйымдардың жауапкершілігін арттыру, автоматтандырылған бақылау жүйелерін бірыңғай IT-жүйеге интеграциялау, қажетті жол-пайдалану техникасы мен жабдықтарын сатып алу бар.

Нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы республикалық маңызы бар автожолдардың үлесін 100%-ға дейін жеткізу, сондай-ақ жергілікті жолдардың жағдайын жақсарту үшін өңірлерді тиісті жұмыспен толық қамтуды жүзеге асыру жоспарланып жатыр.

Шығарындыларды азайту және экологияға зияны жоқ көлікті пайдалануды ынталандыру мақсатында электрмобильдерді қуаттау станцияларының жүйесі дамиды.

Сонымен қатар үздік халықаралық стандарттарға жауап беретін және жоғары жылдамдықпен жүруге рұқсат етілген жаңа ақылы учаскелерді енгізу жалғасады. Бұл ретте көлік қозғалысы неғұрлым көп бағыттарға басымдық беріледі. Бұл Қытайдан және Орталық Азия елдерінен Еуропаға жүктерді тасымалдау бойынша Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Жол бойындағы инфрақұрылым мен қызмет көрсету саласын да дамытуға назар аударылады. Бұл бағытта бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдай жасау, инвесторларды тарту, қызмет көрсету және жаңа объектілер (демалуға арналған алаңдар, модульдік үлгідегі абаттандырылған санитарлық-гигиеналық тораптар және т.б.) салу кезінде халықаралық стандарттарды енгізу жөнінде шаралар қабылданады.

Караванинг және TIR-паркинг алаңдарын орнатуға, сондай-ақ инклюзивтілік, ерекше қажеттіліктері бар адамдардың сұраныстарын қанағаттандыру, ана мен баланы қорғау мәселелеріне ерекше назар аудару жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мен «Қазақавтожол» ЖШС бірлестігі бойынша жұмыс жалғасады, нәтижесінде республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын басқару жөніндегі бірыңғай автожол компаниясы құрылады.

Қазіргі уақытта Қазақстанда пайдаланылатын автожолдар желісі 96 мың шақырымды құрайды, оның ішінде республикалық желі – 24,9 мың шақырым, жергілікті желі – 71 мың шақырым. Нормативтік жағдайдағы республикалық маңызы бар жолдардың үлесі – 90% (22,5 мың км). Республикалық маңызы бар автожолдардың жалпы ұзындығының 12 786 шақырымы (52%) – жақсы жағдайда, 9 564 шақырымы (38%) – қанағаттанарлық жағдайда және 2 584 шақырым жолдың (10%) сапасы нашар.