Әдебиет • 17 Қаңтар, 2023

Біздің Жәмила

443 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Оңтүстікке көктем ерте келер еді. Әлсін-әлсін ауа дірдек қағып, ақшулан белдер масатыдай құлпырып сала беретін. Әсіресе он жеті-он сегіз жастағы біздей студент үшін көктемнің келуі мерекемен бірдей еді. Құйқылжыған нәурізек құс айналаны әсем үніне бөлеп, жан дүниеде ақүлпек үміт пен махаббат иірімдері бірге толқитын.

Біздің Жәмила

Ұяң ғана иіліп, жымиғанда беті­нің шұқыры білінетін көктемкөз арулармен келіншекталдың түбінде әлдебір кітаптар жөнінде әңгіме-дүкен құратынбыз. Әдеміше келген аққұба қыз бірде «Жәмиланы» оқыған-оқымағанымды сұра­ды. Қапе­лімде оқымағаныма қысыла қалып, оқыдым дедім көмескі үнмен. Сол түні жал­ған сөзімізді жасыру үшін «Жәмила» повесін қолға алдық.

Шыңғыс Айтматовтың «Жәми­ласы» бала аңсар мен жан дү­ние­нің терең тұңғиығына сүңгіген бөлек тұрпатты шығарма болып шық­ты. Апыр-ай, осынша тұмалық пен таза­лықты, іңкәрлік пен махаббатты адам тіліне аударуға болады екен-ау. Барлық тіршілік иесі өмірінің бір сәтінде сезінетін, бірақ ешқашан сырт­­қа айта алмайтын алуан күй, алуан иірім бір шығармада қалай­ша шебер тұтасқан? Әйел болмысы, әйел жаны, әйелдің ар-ожданы – бүтін бір ұлттың сипаты, ұлттың мәде­ни бедері. Бақсақ, кеңес кезеңінде әйел заты болмысына қайшы келетін еңбек­терге салынып, бірі тракторшы, бірі комбайншы атанып, Алла Тағала жаратқан нәзік, сыршыл, ерке сипатына нұқсан кел­ді. Үйлесім заңдылығы бұ­зылып, қоғам іші, адам­дық психология, жүрек пен сезім өзгеріске түсті. Жазу­шы осы бір табиғат пішімі түрленген алмағайып сәттерді шебер бейнелейді. Мәселен, жер-жер­де әйел­дерді тыл жұ­мысына жинап жүр­ген бри­гадирге апасы келінін қорғап сөз сөйлейді.

«– Сендердің ондайларыңа ол бармайды! Құдайдан ұял­саңдаршы! Әйел қашан арба айдап еді? Қой, айналайын, келі­німді орағыңнан аулақ. Онсыз да жалғызіліктінің азабын тартып, екі үйдің шаруасынан мұрнымнан шаншылып жүрмін. Оның үстіне беліме жел тиіп, бір жетіден бері шойырылып жүр­мін, ана жүгерілердің түбі де көмілмей жатыр! – деп, қарағайдай етіп тартқан жаулығының салбыраған ұшын апам әдетінше қайта-қайта омырауына қыстыра берді».

Шығармадағы ерлері майданға кетіп, болмысына салмақ түскен әйел­дер, қаһарман әйелдер адамдық негіз­ден ажырамайды. Меніңше, Айтматов әйелдер арқылы тұтас қырғыз ұлты­ның мозаикасын, ар-намысты ту еткен абзал бейнесін жасаған секілді. «Құс жолында­ғы» Толғанай мен Али­ман, «Бетпе-беттегі» Сейде, «Қызыл ора­­мал­­ды шынарымдағы» Әсел, «Ал­­ғаш­­­қы ұстаздағы» Алтынай. Міне, бұл порт­­реттердің бәрі – самалалы адам­­­гер­шілік ұшқынынан, адалдық, махаб­­бат өртінен жарал­ған жасампаз кейіп­керлер.

Жәмила болмысы – босбелбеу ер­кектердің қоқан-лоқысына көнбей­тін асау, арынды, керексе шідерін үзіп жүре беретін тұлпардай асқақ болмыс. Шығармада Жәмила өзіне көпе-көрнеу тиісе жөнелген Османға на­лып, «Ондайлар адамның жанын қайдан түсінсін... Ол сезім жүректің терең түбінде жатады ғой...» деп кейиді. Жәмила – ең бірінші адам. Кеңес уақы­тында барлық адамды тұтастыру, бәрін де бір көйлек кигізгендей тең ету, қандай жарғы болсын жалпылама мүлтіксіз бағындыру сая­саты жа­сал­ғаны рас. Егер сол идеология кө­зіл­дірігімен қарасақ, Жәмила тыл жұ­мысына жан-тәнімен жегіліп, майданда жүрген күйеуін зарыға күтуі тиіс болатын. Тәртіп пен заңның шекарасына қамалып, өмірін дағдылы қағидаттарға сай сүйреуге тиіс еді. Бірақ Жәмила олай етпеді. Ол өзіне ғана тән әйелдік сезімі, ар-ожданы, тілегі бар жеке адам екенін көрсетті. Адамдық құдіретті, қуат пен рухты ешқандай қара күш ба­сып-жанши алмайтынын ұқтыр­ды. Бойында лавадай тасқында­­ған қуаты «талайларды таптап өтіп», «қар­­ғаның валетіндей едірейген» қа­лып­ты пенделерден өзгеше өмір сүре білді. Осылайша Сервантестің «Дон Кихоты», Тургеневтің «Рудині» се­кілді тұтас идеологиядан бөлек өмір сүре­тін тұлға прототипі жасалды. Айт­матов бетіне ұлттық «ірімшік» жа­ғыл­ған астарлы шығарма­лары­мен «кіші халықтар­дың үл­кен қанжарын», асау мінезін көрсетті.

...Оңтүстіктің көктемгі табиғаты су бетінде діріл­деп, тымық түндегі ай жүзі­нен белгісіз дақтар білі­нетін. «Жәмила» повесі әр­біріміздің жүрегі­мізде­гі ғашықтық отын қозда­тып, бұ­рынғыдан да се­зім­тал етіп жібер­ген­дей. Жігіт­тер де Даниярға ұқ­сап шерін жүрегінде сақтап, ешкімге сыр айтпай, іштен ғана тынатын болып кеткен бе, қалай? Ал қыздар ерке, шолжаң, назды өкпемен ренжи сөйлейтін қылықты, адамгершілікке жұқпас әдеттерді жаратпай тыйып тас­тайтын тік мінезді болып алған. Оқу орны айналасын­дағы жидекті, жемісті ағаштар, әуеде қалқыған қозыжауырын бұлттар, бәрі де шығарма әсе­рінен айықпаған ақеділ сезімімізбен жөңкіп барады. Осы бір мөлдір сәттермен бірге өзім сүйген ақкербез сұлу жылдар өте көзден ғайып болар деп кім ойлаған! Бітпестей көрінген студенттік жылдар ұзаққа көшіп, қазір әрқайсы­мыз басқа ошақтың түтінін түтеткенбіз. Ауа дымқылданған, тәтті естеліктер жүректі жарып шығардай тулатқан түндері «Жәмила» повесін ашып, мына бір сөйлемдерді қайталаудан еш жалық­паймын...

«Қайдасыңдар сендер қазір, қайсы жолмен кетіп бара жатырсыңдар? Жәмила, менің алтын Жәмилам, сен кеткенде басыңды жоғары көтеріп, қисаймай, тайынбай, кең даламен кеткенсің... Қазір де сондайсың ба? Әлде шаршаған күндерің болды ма? Жаным, Жәмила? Әлде өз күшіңе сен­бей күмәнданған күндерің болды ма, гүлім Жәмила? Егер ондай болса, әлсіздікке берілме, Даниярды ме­дет қылып алға бас! ...Сонда көз алдың­да кең дала гүлдеп, біздің тамыз түнін­дегі найзағайлы дауыл төгіп берсін! Қорықпа, Жәмила, сенің жолың – бақыт жолы, оған күмәнданба!»