Тарих • 17 Қаңтар, 2023

Кестелі тері ішік

969 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Теріден жасалатын ішік қазақта ежелден бар. Бұл киім ненің терісінен тігілгеніне байланысты: елтірі ішік, сеңсең ішік, қасқыр ішік, түлкі ішік деп аталады. Елтірі ішік дегеніміз – жаңа туған қозының терісі болса, сеңсең ол күзде жетіліп, тоқты болған қозының терісі. Мұндай терінің жүнін аталарымыз «тірі жүн» деп атаған. Ал қасқыр, түлкі терісі екі бастан белгілі.

Кестелі тері ішік

Көп жағдайда теріден тігілген ішік­ті барқыт, пүліш, шұға сияқты мата түрлерімен тыстайды, яғни қаптайды. Осыған байланысты «барқыт ішік», «пүліш ішік» деп те айтыла береді. Осылардың ішінде кестеленген тері ішік (суретте) өте аз кездеседі. Өйткені бұл бұйымды жасау оңай емес. Десек те осындай бір ішікті өткен жазда туған жерге барған сапарымызда Бай-Өлке аймақтық орталық музейінің көрме залынан кездестірдік.

Жәдігер туралы анық­тамалықта: «Бұл ішік­ті 1960 жылы мұра жинаушы С.Мағ­зам дейтін кісі Алтай ауылы­нан (сұмын) тауып әкелген. Жа­саған ше­бер­дің аты-жөні белгісіз. Сақтаған адамның айтуына қарағанда, ХХ ғасырдың басында жасалған болуы мүмкін»,
делініпті.

Ал өздеріңіз көріп отырғандай, фотодағы кестелі ішіктің сипатына тоқталар болсақ, ішік ісек қойдың те­рісінен тігілген. Өйткені ісектің терісі әрі жұмсақ, әрі берік келеді, сондай-ақ илеп икемдеуге қолайлы. Яғни күзде семірген ісектің терісін иге бықтырып, одан кейін иін қандыра жұмсартып алған соң оны қарағай қабығының ніліне бояған. Бояу толық сіңген терінің екі өңіріне және жеңіне біз кестемен өр­­нек сал­ған. Өйтке­ні ішік то­лық тігіл­ген жағ­дайда бұ­лай кес­телеу мүм­кін емес. Кес­тені жасаған адам­­ның ше­бер­лігі керемет. Иленген теріні оюдың не бір түрімен (қошқар мүйіз, гүл жапырақ, жылан ирек, тамшы ноқат, т.б.) безендірген.

Сонымен қатар ішіктің екі өңірі мен етегіне қозының ақ сеңсең тері­сінмен айнала жиектеген. Жиек пен кестенің арасын қызыл түсті жал­пақ матамен сырмалап, көм­керген. Ал ішіктің жағасын түл­кінің пұшпағынан жасаған.