Енді осы «Махаббат жыршысының» екінші кітабы жуырда Алматыдағы «Мереке» баспасынан мемлекеттік тапсырыспен басылып шықты.
Көрнекті жазушымен жазысқан хаттарда әдебиет, өмір, дәуір, қоғам жайында қызықты да тұмасы терең, ғибраты мол сырлар шертіледі. Сондай-ақ атақты қаламгердің өз оқырмандары жайлы жазғандары да хаттарды байыта түсер дәйек болып, ой салар ортақ өрімін тапқан.
Осындай алтын арқаулы хаттар легі топтастырылған жинақтың бұл екініші кітабында да бұрынғысынан желі тартқан бай мазмұн шалқарланып, елдік мәселелер күлтеленіп, тәуелсіздікті тамырландыратын толғақты пайымдар жосалана түседі.
Кітаптағы «Әзілхан Халимадан соң» хикаятында жазушының 54 жыл отасқан аяулы жарынан кейінгі он жылдай шығармашылық өмірі шыншылдықпен баяндалады. Әзіз жүректің махаббат лүпілі қартайып, қайғы ойлаған шағында да алғы күндерге ынталандырған ересен күші еш әлсіремей, қайта жалындай түскеніне куә боласыз.
Сондай-ақ мұндағы «Әзілхан – күнделіктерімде» топтамасы да мол рухани тағылымымен сүйсіндіреді.
Ел ішінде «Махаббат маршалы» атанған қадірменді қаламгерден бұл ықыласты сөздің өзіне қалай таңылғанын сұраған авторға Әз-аға: «Махаббат, қызық мол жылдар» романым ғой, осылайша мені сүйіспеншілік сезімге балдай батырып, дәурендетіп жүрген!» – депті жаны арайланып, жасқа тән жалынға шарпылғандай боп. Осы жүрек сөзінің дәлелді айғақтарымен де кітаптан молынан қауышасыз.
Халықтық қаламгер Ә.Нұршайықовтың 100 жылдық мерейтойына орайластырылған бұл кітаптың жалпақ оқырманның талғамынан шығарына, рухани өрісті боларына сенімдіміз.
«Егемен-ақпарат»