Экономика • 18 Қаңтар, 2023

Инфляция мен инвестиция арасы

235 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Өткен жылдың қаржылық сипаты сан түрлі оқиғамен есте қалды. Доллар қымбаттады, инфляция өсті, қант, күріш, ұн тәрізді азық-түлік тауарларының уақытша тапшылығы тығырыққа тіреді. Ең бастысы, біздегі инфляция мен нарықтың қабыспайтынын ұғынғандай болдық.

Инфляция мен инвестиция арасы

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Рүстем Ахметов Жаңа жыл қарсаңында сауда үстемесі 15 пайыздан аспауы керегін еске салды. Ондай жағдай байқалса, әкімдікке жүгіну қажет екенін айтты. Өйткені әкімдіктің әкімшілік істерді қозғап, жауапкершілікке тарту құзыреті бар. Бірақ бұл үшін өндірушінің немесе өнім жеткізушінің бағасын білу маңызды. Өкінішке қарай адамдар бұл туралы біле бермейді. Рас, өндірушінің немесе өнім жеткізушінің бағасын ғана емес, бағаға әсер етіп тұрған факторларды да білмей қалдық. Есте болса, 2022 жылдың қаңтар айында доллар 123 теңгеден 133 теңгеге дейін қымбаттады. Наурыз айында бұл көрсеткіш 500 теңгеге дейін жетті. 2021 жылдың соңында доллар сатып алып үлгергендер баға айырмашылығынан біраз пайда көріп үлгерді. Ал шілде айында 470 теңгеге дейін төмендеді.

Бірақ жағдай сарапшылардың болжамына емес, нарықтағы жағдайдың беталысына қарай айқындалатынын ұмытпауымыз керек. Мұнай бағасына сыртқы факторлар, оның ішінде алпауыт елдер арасындағы сауда соғысы, тасымалдау тізбегінің бұзылуы да әсер етеді. 2021 жылғы желтоқсанның үшінші онкүндігінде мұнай баррелі 82 доллармен тұрақталды. Бұл – 2022 жылдың алғашқы айындағы баға. Ал жыл бойы бұл баға 121,7 долларға дейін өсті. Мыстың фьючерстері тоннасына 3,8 мың доллардан сатылып жатыр. Шілдеде баға ақпандағы ең жоғары 4,8 мың доллардан 3,2 мың долларға дейін төмендеді.

Қымбат доллар Ұлттық қорға да, теңгеге де ес жиып алуға берілген мүмкіндік екені белгілі. Бірақ осы жылы «инфляция мен теңгеге әсер ететін қандай факторлар?» деген сұраққа жауап таппай біраз дағдарып қалдық. Баға көктемдегі қымбат доллардан күзге дейін ес жия алмай, арзан доллар мен қымбат мұнай да теңгемізге әсер ете алмайтыны байқалды. 2022 жылдың қарашасында инфляция 19,6 пайызға, азық-түлік тауарлары – 24,1 пайызға, азық-түлік емес тауарлар – 18,6 пайызға, ақылы қызметтер 14,1 пайызға дейін өсіп, 20 пайыз деңгейінде тоқтады. Көктемде көптеген дүкен сөрелерінен түйіршіктелген қанттың қалай жоғалып кеткенін, жаздың ортасында екі есе қымбат бағамен пайда болғанын әлі ұмытқан жоқпыз. Ресми орындар «барлық жерде жағдай бірдей, бізге қант жеткізіп отырған елдерде де тапшылықты сезіп отыр» деп ақталды. Ірі сауда желілері «қант қайда?» деген сұрақты шешуге тырысқанда, үйдің жанындағы шағын дүкендер қант бағасын екі есе бағамен сатты. Ең соңында бұл инфляция емес, нарықтағы ойыншылардың өздері ойлап тапқан проблема екені анықталды. Бірақ жаңа бағаны тосырқамай сатып алуды біз де үйрендік.

Жаз ортасынан ауа ішкі миграцияның деңгейінде де өзгерістер байқалды. Ресейліктердің көптеп келуі пәтерді жалға беру нарығына бірден әсер етті. Алматы мен Астанадағы пәтерді жалға беру құны 200 мыңнан 1 млн теңгеге дейін өскен кезде Парламент депутаттарының дауысы қаттырақ шықты. Пәтерді жалға беру нарығын «көлеңкеден» шығару керек деген пікірлер де бұрынғыдан қаттырақ айтылды. Желтоқсанның соңында қызу басылып, баға қалпына келді. Демек 2023 жылдың алғашқы тоқсанындағы тренд осы тақырыптың жалғасы болуы әбден мүмкін. 

Өткен жыл Ұлттық банктің рөлі туралы қызып-жанған пікірлерімен де есте қалды. Мамыр айының басында Сенатта Ұлттық банкке қосарланған мандат – инфляция үшін жауапкершілікке экономиканы дамыту жауапкершілігін қосуды заңмен бекіту ұсынылды. Бірақ Ұлттық банк мұндай мандатты көтеруге шамасы келмейтінін бірден байқатты. Сарапшылардың пікіріне ден қойсақ, Ұлттық банктің де, екінші деңгейлі банктердің де экономиканы қаржыландыруды міндеттеуі нарықтың заңына қайшы. Бизнесте бәсеке болған кезде екінші деңгейлі банктер экономиканы міндеттеуге өздері мүдделі болады. Әзірге біздің жағдай нарық жолына енді жүйеленіп келе жатыр. Екінші деңгейлі банктердің шағын бизнеске бет бұруы өткен жылдың жаңалығы болды. Бұл бағытта алға жылжу бар. Кепілсіз тұтынушылық несие жыл соңына дейін 25 пайызға дейін өсті. Тұрғындардың банктер алдындағы қарызы қордаланып қалды. Екінші деңгейлі банктердегі проблемалы несиенің жиналып қалуының кері салдары ұзаққа дейін сақталатыны белгілі болды.  

2022 жылдың 10 айындағы экономи­калық өсім Ұлттық банк күткеннен төмен болды. Бұл жағдайға Қарашығанақ мұнай кен орнындағы жөндеу жұмыстары және Қашаған кенішіндегі ұзаққа созылған апат жағдайында тау-кен өнеркәсібіндегі өндірістің төмендеуі әсер еткен. Бірақ соған қарамастан, экономикалық өсімде бес бағытта оң нәтиже байқалған. Мұны жуырда өткен Үкіметегі жиында Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов айтты.

– Ұлттық банктің жедел шаралары қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік берді. Екіншіден, депозиттерді қазан айында 30 трлн теңгеге жеткізу арқылы теңгелік активтерге деген сенім сақталды. Үшіншіден, валюта нарығындағы тепе-теңдік қамта­ма­сыз етілді. Төртіншіден, Ұлттық банк басқаратын активтер бойынша ұзақ мерзімді табыстылықты ұстап қалды. Бесіншіден, халыққа бөлшек төлемдерге қызмет көрсету үшін Ұлттық төлем жүйесі іске қосылды, цифрлық теңгенің технологиялық платформасын нақты қатысушылармен әзірленді, сынақтан өтті, – деді ол. 

Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министрге инвести­циялық ахуалды жақсартуды және инфляцияны төмендетуді тапсырды. Бірақ Ұлттық банктің ақша-несие саясаты туралы желтоқсандағы тоқсан сайынғы есебі инфляцияның үдей түсетінін және Ұлттық банк ештеңе ұсына алмайтынын байқатты. Ал сарапшылар болса «Ұлттық банкті инфляцияны төмендету керек деп шырылдата берудің қажеті жоқ» дейді.

Шарықтаған бағаны ауыздықтау үшін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені жыл басынан бері 10,25 пайыздан 16,75 пайызға, 6 рет көтерді. Бірақ бұл шешім де инфляцияны тежей алмаға­нын, мәселенің тамыры тым тереңде жатқанын сездік. Экономика арзан ақшамен қаржыландырылғандықтан, нарыққа әсері аз болып, тауар өндірісі мен ұсыныс көлемі айналымдағы ақша массасына сай болмай қалды. Инфляция деңгейі 18-20 пайыз болып тұрған кезде, банктердің берер несиесінің одан екі пайызға жоғары жүретіні белгілі. Одан төменгі несие пайызы мемлекеттің қаржысы арқылы субсидияланады. Әрине, экономика Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесіне ғана тәуелді емес. Жоғары пайыздық мөлшерлемелер бағаға да, инфляцияға да әсер ете алмады.

Сарапшылар мұндай саясат әлемдегі 200-ден аса мемлекеттің 16-сында ғана қолданылатынын айтып отыр. Мөлшерлеме 16,75 пайыз болған жағдайда экономикада алға жылжу болмайды, керісінше шикізат пен импортқа деген тәуелділікті қалыңдатып жібереді.

Сарапшы Мақсат Халықтың айтуын­ша, импортқа тәуелділігіміз шектен шығып кетті. Инфляцияны ішкі нарықты өз күшімізбен қамтамасыз ету арқылы ғана тоқтата аламыз. Үкімет импорттық инфляцияның деңгейіне басымдық береді де, ішкі факторлар ұмыт қалады. Үкімет бірінші кезекте экономикадағы басым бағыттарды қайта қарап, инвестициялық ахуалға қолайлы жағдай жасап, ұлттық инвесторлардың қалыптасуына басымдық беру керек. Базалық мөлшерлеменің мұндай деңгейі экономикалық өсімге емес, кері кетуге алып барады. 

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сыртқы істер министрлігіне елге инвесторларды әкелуді жиі тапсырады. Олар елге келгенде жергілікті атқарушы органдардың арасындағы түрлі кедергіге тап болады да, қолайлы орта іздеп басқа нарыққа кетіп қалады. Біздің елге инфляцияны төмендетуді инвестициялық нарықты, атмосфераны сауықтырудан бастау керек, – дейді М.Халық.

«ҚазМұнайГаздың» IPO-сы қаржы жылының ең оптимистік оқиғасына айналғанын көрдік. Осы тақырып­тағы жарнамалық және аналитикалық мақалалар күн сайын шығып тұр­ды. «Самұ­рық-Қазына» қоры мен «ҚазМұнайГаз» басшылығының инвесторлармен және талдаушылармен кездесу­лері өтті. Соған қарамастан «Самұ­рық-Қазына» IPO-да «ҚазМұнайГаздың» орналастырылған акцияларының жалпы санының 3 пайызын ғана сатты, әу бастағы жоспар 5 пайыз болатын. Қор басшылығының айтуынша, жекелеген ірі инвесторлардан акциялардың қомақты пакеттерін сатып алу туралы өтінімдер қабылданбаған. Алғашқы кезеңдегі 3 пайыздық меженің өзі олжа.

«ҚазМұнайГаз» IPO тарихында алғаш рет өтінімдердің 99 пайызы онлайн түрде беріліп, аукционның ашылуы тікелей эфирде көрсетілді. Сауда-саттық алғашқы мәмілелер бо­йынша баға 1,49 пайыз, кейін 4,6 пайызға дейін көтерілді, кейін төмен­деді. Қазір қор биржаларындағы сауда көлемі азая бастағанын байқап жүр­міз. Инвесторлардың ендігі әрекеті диви­дендтердің алғашқы төлемінің деңгейіне қарап анықталады.

Сарапшылардың пікіріне ден қойсақ, қор нарығындағы ендігі тренд осы бағытқа ойыспақ. Себебі бұдан кейін кезек басқа мемлекеттік компанияларға келеді. Нарық «ҚазМұнайГаздың» бо­лашақ акционерлерінің нарықта өз­дерін қалай ұстайтындарына назар аударып отыр. Қор нарығындағы сөз бен істің алшақтығын осы фактор көрсетеді.

Қаржыгерлер осыған дейінгі мұнайға байланған экономика әлемдік жағдайға тәуелді екенімізді сездірмей келгенін, мұнай біздің экономика үшін әрі бақ, әрі тежеуші фактор екенін түсіне алмай келгенімізді жиі айтатын. Алда бізді қатал сынақтар күтіп тұрғанын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та жиі айтады. Үкімет мүшелерінің де, Ұлттық банктің де өздеріне тиімді көрсеткішке емес, шынайы цифрларға жүгінетін кезі енді келді. Бұл фактор Үкіметке мұнай елесінен арылуға мүмкіндік береді деп үміттенейік. 

 

АЛМАТЫ